«Құран оқитын мұсылман апельсин сияқты...»: Хадис тағылымы, төрт мысал.
«Құран оқитын мұсылман апельсин сияқты...»: Хадис тағылымы, төрт мысал.
22 сағат бұрын 324 islam.kz/
А. Қасым

Ислам дінінде Құран Кәрім – адамзаттың бағыт-бағдары, жүректің шипасы әрі рухтың азығы. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) өнегелі сөздерінің бірінде адамдардың Құранмен қарым-қатынасына қарай төрт түрлі санатқа бөлінетіні айтылады. Бұл хадис – тек қана бір салыстыру емес, бұл әрқайсымызға өзімізді сырттай бақылап, жан дүниемізді түзеуге мүмкіндік беретін айна іспетті.

Хадисте былай делінген:

مَثَلُ المؤمنِ الذي يقرأ القرآنَ ، كمثلِ الأُترُجَّةِ ، ريحُها طيِّبٌ ، وطعمُها طيِّبٌ ، ومَثَلُ المؤمنِ الذي لا يقرأ القرآنَ ، كمثلِ التَّمرةِ ، لا ريحَ لها وطعمُها حلوٌ ، ومَثَلُ المنافقِ الذي يقرأ القرآنَ ، كمثلِ الرَّيحانةِ ، ريحُها طيِّبٌ وطعمُها مُرٌّ ، ومَثَلُ المنافقِ الذي لا يقرأ القرآنَ كمثلِ الحنْظلةِ ، ليس لها رِيحَ وطعمُها مُرٌّ

«Құран оқитын мүміннің мысалы – апельсин сияқты: иісі де хош, дәмі де дәтті. Құран оқымайтын мүміннің мысалы – құрма сияқты: иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті. Құран оқитын мұнафықтың (екіжүздінің) мысалы – райхан гүлі сияқты: иісі хош, бірақ дәмі ащы. Ал Құран оқымайтын мұнафықтың мысалы – ханзала (жабайы ащы өсімдік) сияқты: иісі де жоқ, дәмі де ащы».» (Сахих Бұхари).

Хадистің түпнұсқасында айтылған «әтружжа» – апельсин тәріздес цитрустық жеміске жататын, қабығын аршығанда хош иісі аңқып, дәмі тіл үйіретін ерекше жеміс. Ал "Ханзала" өсімдігі (араб тілінде: حنظل) – ботаникалық атауы Citrullus colocynthis (колоцинт), қазақ тілінде «ащы қарбыз» немесе «жабайы қарбыз» деп аталатын өсімдік. Бұл өсімдік туралы толығырақ білу маңызды, себебі оның хадисте неге мысал ретінде алынғаны терең мағынаға ие:

  • Ханзала өсімдігі сырттай қарағанда кәдімгі қарбызға немесе қауынға өте ұқсас келеді. Оның домалақ жемістері мен жасыл түсі адамды алдап, «бұл тәтті жеміс шығар» деген ой ұялатуы мүмкін. Алайда оның іші ащы. Ол жеуге жарамайды.

  • Хадистегі символикасы: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсімдікті мұнафыққа (екіжүздіге) теңеуінің себебі – алдамшы сыртқы келбеті. Мұнафық сыртынан мұсылманға ұқсап, адамдарды алдауы мүмкін (сыртқы түрі қарбызға ұқсас), бірақ оның жүрегінде иманның дәмі жоқ, керісінше, оның ішкі дүниесі ащы (жаман ниет пен күмәнға толы).

Хадистен алынар тағылым:

Осы мысалдар арқылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) адам болмысын төрт сатыда сараптайды:

  • Құран оқитын мүмін (Әтружжа): Оның іші де, сырты да нұрлы. Құранды жиі оқудың әсерінен мінезінде оңды сипаттар пайда болып, көңіл-күйі үнемі жақсы болады. Жайдарлылығы мен шуақтылығы өзгеге жылулық сыйлайды. Ішкі дүниесін (дәмін) түзеп, мінез-құлқы мен әдебі арқылы айналасына шуақ шашады. Оның сөзі де, ісі де Алланың ризашылығына сай келеді.

  • Құран оқымайтын мүмін (Құрма): Мұндай адамның жүрегінде иман бар, оның негізі – жақсы. Ешкімге зияны жоқ. Алайда Құранмен тұрақты байланыста болмауы оның рухани қабілеттерінің толық ашылуына кедергі келтіреді. Ол – іштей манды болғанымен, кейбір әдептері мен жүріс-тұрысында кемшіліктер пайда болады.

  • Құран оқитын мұнафық (Райхан гүлі): Сырт көзге өте әдемі, Құранды жатқа білуі немесе жиі оқуы мүмкін. Бірақ оның ішкі дүниесінде иманның дәмі жоқ. Сырты әдемі көрінгенімен, жүрегі иманнан мақұрым. Ол өзінің білімін өзгелерді алдауға немесе пайда табуға қолдануы мүмкін немесе елге пайдасы тигенімен, сыртқа жақсы болғанымен, өзіне және отбасына жаман болып жатады.

  • Құран оқымайтын мұнафық (Ханзала): Бұл – рухани құлдыраудың соңғы шегі. Оның бойында иманның дәмі де, Құранның нұры да жоқ. Ол өзіне де, өзгеге де пайдасы тимейтін, айналасына тек зиян әкелетін арам шөп секілді.

Құран көптеген ерекшелігінің бірі - кім оқыса да, оның бойында жағымды әсер қалдыруында. 

Құран Кәрімнің ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның жүрекке әсер ететін сиқырлы күші. Оны кім оқыса да, оның бойында жағымды әсер қалдырады. Тіпті, жүрегінде күмән бар адамның өзі Құранды жиі оқыса, оның ақылы тазарып, пайымы тереңдеп, мінезіндегі ащылықтар біртіндеп жоғала бастайды. Құран – адамды «ханзала» күйінен «әтружжа» деңгейіне дейін көтере алатын бірден-бір рухани қуат көзі. 

0 пікір