Адамзаттың асылы хазрет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар жайында қысқаша
Адамзаттың асылы хазрет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар жайында қысқаша
9 ай бұрын 5672

Тарихи кітаптарда өзге пайғамбарларға қарағанда Аллаһтың сүйіктісі, адамзаттың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы деректер толық сақталған. Адамзаттың асылы (с.а.с.) (милади жыл санауы бойынша) 571 жылы, Рәбиул-әууәл айының дүйсенбіге қараған он екінші түні Меккеде дүниеге келді. Ол уақыттарда «Мұхаммед» есімі ел арасында кең таралмаған еді. Атасы Абдулмутталиб немересінің атын «Мұхаммед» деп қойған себебін «Аллаһтың да, халықтың да мақтауына ие болғанын қаладым» деп түсіндірген1.

Әкесі Абдуллаһ әлдебір сауда сапарында жүріп, көз жұмады. Бұл кезде хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дүние есігін әлі ашпаған болатын. Тумай жатып әкесінен айрылған Мұхаммед (с.а.с.) төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің басына ертіп апару үшін Мәдинаға аттанады. Нәжжарұлдары жағынан туыстарымен танысып қайтқан осы сапарында қайтар жолында «Әбуа» деген жерде анасы Әмина аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Сапарға бірге шыққан Үммү Әйман ата-анасынан тұлдыр жетім қалған баланы Меккеге әкеліп, атасының қолына табыс етеді. Алты жасынан сегіз жасына дейін атасы Абдулмұтталибтің қолында өсті. Атасы қайтқанда, марқұмның өсиетімен әкесінің бауыры Әбу Тәліптің қарамағына берілді.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) он екі жасқа толғанда, саудамен айналысатын көкесі Әбу Тәліптің бір жағына шығысып, Сирияға бірге сапар шегеді. Алайда, олар Бусра деген жерден кері оралуға мәжбүр болады.Өйткені жолда Бахира атты монахқа жолыққан еді. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) бойынан соңғы пайғамбардың белгілерін байқаған Бахира Әбу Тәліпке кері қайтуға кеңес береді. Себебі балаға яһудилердің зияны тие ме деп қорыққанын жасырмайды2.

Бала кезінде бірде Мекке маңында Әбу Тәліптің қойын бағып жүріп жергілікті халықтың тойына бармақшы болғанында, жолда ұйықтап қалып, той тарқаған соң бір-ақ оянғанын айтқан3. Өмірінде кездескен осындай бірқатар оқиғалар Аллаһ тағаланың оны кішкене кезінен күнәдан сақтаған исмет сипатын аңғартып тұр4.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) 591 жылы жиырма жасқа толғанда «Хилфул-Фудул» қоғамына мүше болып кіреді. Бұл қоғам Меккеде озбырлық болмауын қадағалап, біреудің біреуге әлімжеттік жасауына жол бермейтін. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарлық келгеннен кейінгі жылдарда сол кезді «Қазір де сол ұйым өздеріне шақырса, бас тартпас едім» деп еске алған.

Жиырма бес жасында Меккедегі дәулетті Хадиша есімді әйелдің сауда керуенін басқарады. Хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) адалдығы мен ұқыптылығына тәнті болған Хадиша оны ұнатып, үйленуге ұсыныс білдіреді. Нәтижеде Аллаһ елшісі (с.а.с.) жиырма бес жасында Хадиша анамызбен отау құрады. Хадиша анамызбен жұп жарастырған бақытты шаңырақтарында екі ұл, төрт қыз сүйеді (үшінші ұлы Ибраһим басқа зайыбынан дүниеге келген). Ұлдары: Қасым, Абдуллаһ, Ибраһим; қыздары: Зейнеп, Руқаия, Үммі гүлсім және Фатима5. Хадиша анамызбен тату-тәтті өмір сүрген Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол бақилық болғаннан кейін де өле-өлгенше оның Ислам дініне жасаған қолдауын, басқа да жақсылықтарын ұмытпаған.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) жастайынан ел ішінде көркем қасиеттерімен танылған еді. Халық оның шыншылдығы мен сенімділігін ескеріп, «әл-Әмин» (сенімді) деп құрметтейтін. Оны мыны бір оқиғадан байқауға болады. Меккедегі қасиетті Қағбаның қабырғалары ұзақ уақыт күтім көрмей, жауын-шашын, жел құздан жер болып мүжіліп біткен-ді. Осыған байланысты Қағбаны жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Әр рудың адамдары бұл іске білек сыбана кіріседі. Алайда қасиетті қара тасты (Хажарул-әсуәд) тұғырына қондыруға келгенде, рулар арасында талас туды. Әр ру оны өз қолымен қойғысы келді. Бұның соңы қақтығысқа, жаға жыртысар жанжалға ұласу қаупі туындағандықтан, тығырықтан шығар жолды Құрайыштың ең жасы үлкен қариясы Әбу Үмәйя ибн Мұғира көрсетеді:

– Қаласаңыздар, бұның төрелігін ертең Сафа қақпасынан бірінші болып аттаған кісіге қалдырайық. Бәрі осыны құп көрді. Ертесі күні Аллаһтың қалауымен қақпадан алғаш болып хазірет Мұхаммед (с.а.с.) кірді. Халық басқаның емес өздері «әл-Әмин» деп атаған шыншылдығымен аты шыққан кісінің келгеніне айрықша қуанып, оның төрелігіне жүгінеді6375.

Талас-тартыстың неден туындағанын түсіндіргенде, хазірет Мұхаммед (с.а.с.) көп ойланып жатпастан мата сұратты. Қара тасты соның үстіне қойдырып, әрбір рудан бір кісі ортаға шығарып, матаның пұшпағынан ұстатып, тиісті жерге жеткізгеннен кейін, қара тасты Аллаһ елшісі (с.а.с.) өз қолымен орнына қойды. Оның бұл тапқырлығына бәрі тәнті болды. Осылайша талас-тартысқа соңғы нүкте қойылды7376. Бұл кезде хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) жасы отыз бесте болатын.

Пайғамбарлықтың келуі

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) қырыққа таяғанда, оңашада ой кешіп, жаратылыстың тылсым құпияларына үңілетін. Елден жырақ құлшылық жасайтын. Осы мақсатта ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін.

610 – жылдың Рамазан айының бір күні сол үңгірде оған пайғамбарлық міндет жүктелді. Жәбірейіл періште арқылы Аллаһтың алғашқы аяттары түсті. Бұл жайлы Аллаһ елшісінің өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алды. Тынысым тарылып кетті. Бір уақытта мені қоя берді де: «Оқы!», – деп бұйырды. Мен «Оқу білмеймін», – деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «Оқы!» деді. Мен оқи алмайтынымды айттым. Жәбірейіл періште үшінші рет қысқанда «Нені оқиын?» деп сұрадым. Сонда ол мына аяттарды оқыды: 

ْاقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الّذِي خَلَقَ. خَلَقَ الِْنسَانَ مِنْ عَلَقٍ. اقْرَأْ وَرَبّكَ

الَْكْرَمُ. الّذِي عَلّمَ بِالْقَلَمِ. عَلّمَ الِْنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَم

«Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен»8.

Аллаһ елшісі (с.а.с.) осы оқиғаның әсерінен айыға алмай үйіне оралады. Келген бетте жан жары Хадиша анамызға басынан өткенін баяндады. Хадиша анамыз оған: «Ант етейін, Аллаһ тағала сені жамандыққа ұшыратпайды. Бұл тегін емес. Өйткені сен туыстықты жақтайсың, шыншылсың, сабырлысың, қонақжайсың, мұқтаж адамдарға көмектесесің...»9 дейді. Іле Хадиша бұл оқиғаны Тәуратпен Інжілден хабары мол Уарақа ибн Нәуфалға айтқанда, оның таңданысында шек болмады: «Аллаһқа ант етейін, егер айтқаның рас болса, онда ол Мұсаға да келген үлкен періште «Намус акбардың» өзі болды ғой»10 деп түсіндірді.

Уарақа ибн Нәуфал хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық жүктелгенін ұқтырып, ендігі жерде дінді тарату жолында көп қағажу көретінін ескертті. Тіпті не түрлі жала жабылып, елден қуылуы мүмкін екендігін де айтты. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) «Сонда туған жерімнен қуыламын ба?» деп таңғала сұрағанда, ол «Кезінде қауымы сенбей, жала жаппаған, елден қуылмаған, ауыртпалық тартпаған ешбір пайғамбар болмаған» деп жауап берді11.

Осыдан кейін періште көпке дейін ат ізін салмады. Бірде таудан қайтып келе жатқанда, әлгі періште пайда болды. Қатты қорыққан Пайғамбарымыз (с.а.с.) табалдырықтан аттар-аттамастан қымтанып жатып қалады. Сол кезде періште Құранның «Мүддәссир» сүресінің алғашқы аяттарын баян етеді. Аятта: 

يَا أَيّهَا الْمُدّثِّرُ {1} قُمْ فَأَنذِرْ {2} وَرَبّكَ فَكَبِّرْ {3} وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ {4}

«Ей,жамылғымен қымтанып жатқан (пайғамбар)! Орныңнан тұр, адамдарға (ақырет азабын) ескерт. Раббыңды ұлықтаҮсті-басыңды таза ұста!»12делінді.

Қалмахан Сейтұлы, "Пайғамбарлар тарихы".


1  Осман Кескиоғлы, Али Химет Берки, Хазрет Мухаммед ве хаяты. 34 б.
2  Ибн Сағыд, Табақат, 1\153-155; Табари, Тарих, 1\194-195, Қысасул-әнбия, Ахмед Жевдет Паша.
3  Сүһәйли, Раудатул-үнф, 1\81
4  Қараңыз: Бухари, Сахих, 1\143 (357); Ахмед ибн Ханбәл, Мүснәд, 3\310 (14371)
5  Осман Кескиоғлы, Али Химет Берки, Хазрет Мухаммед ве хаяты. 48 б.
6  Муснәд, 3/425; Ибн Һишам, 1/209.
7  Ибн Сағыд, Табақат, 1\146; Табари, Тарих, 2\ 201
8  «Ғалақ» сүресі, 1-5 аяттар
9  Бухари, Сахих, 1\4 (3
10  Мауарди, Аламун нубууа, 1/275
11  Бухари, Сахих, 1\4 (3); Мүслим, Сахих, 1\97, 98
12  «Мүддәссир» сүресі, 1-4 аяттар

0 пікір