Ұйқы (өлең)
Ұйқы (өлең)
9 ай бұрын 8081
Мұқағали Мақатаев

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тамамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қаран қалам.

Түн менің ұйқым үшін жаралмаған,
Түн келсе, түйсік түсіп, алан болам.
Іздеймін жоқтарымды таба алмаған,
Аңсаймын жерлерімді бара алмаған.

Алдандырып, әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды екен қаза болып
Жастығымның астында, төсегімнің?

Түкілдірігі түсімнен сиқыр ашқан,
Қаншама ойлар қалды екен ұйқы басқан?
Қанша сәттер ғажайып ғайып болды
Оянғанда сүреңсіз сиқы қашқан?

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!

0 пікір