Әйел бақыты жайында бірер сөз
Әйел бақыты жайында бірер сөз
7 ай бұрын 5229
Асылбек Әуезханұлы

Отбасы мүшелерінің бір-біріне қатысты ақылары бар. Ерінің алдында әйелінің, әйелінің алдында ерінің, баланың алдында ата-ананың міндеттері осыған саяды. Әйел күйеуінің өзінен бір саты жоғары тұратынын мойындауға міндетті. Қасиетті Құранда: «Ер адамдар әйелдерге жауапты, әрі басшы» деген аят бар («Ниса» сүресі, 34-аят).

Аят негізіне қарасақ, отбасында әйелі күйеуіне бағынуы керек. Бір әйел пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, күйеуімнің алдында менің қандай міндеттерім бар?» деп сұрағанда, «Күйеуіңе бағыну, қарсы келмеу, рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпеу. Нәпіл ораза ұстағың келсе, рұқсатын алу. Түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, күйеуінен тартынбау. Рұқсатынсыз үйден шықпау. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда үйге қайтып келгенге дейін әйелге көк періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рақым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады» деп жауап қайырды.

Міне, осы бір хадистің астарында үлкен мән жатқанын бүгінгі қоғамда әркім ұғына алмауы ықтимал. Тіпті кейбіреулер: «Бұл дегенің барып тұрған әділетсіздік, әйелді құл қылу ғой» деп қалуы да ғажап емес. Алайда байыбына барған адам бұл айтылғандар ер үшін де, әйел үшін де бақыттың көзі екенін түсінеді.

Өйткені отбасының көп қиындығы әйелдің күйеуге бағынбағанынан, өзімбілемдікке салынғандығынан, үйдегі нәрсені рұқсатсыз бергеннен туындайды. Бәрінен қиыны, қазір үйінен сыртқа шығарда күйеуінен рұқсат сұрайтындарды ілуде біреу кезіктіретініміз жасырын емес. Әйелдер көшеге қалаған уақытында шығады, қалаған уақытында келеді. Ал ғайып пердесінің арғы жағында бұл істің қалай бағаланып жатқанымен ісі де жоқ. Хадисте айтылғандай, әйел рұқсатсыз көшеге шығар болса, аспан мен жердегі періштелер: «Лағынет, лағынет! Алланың лағынетіне ұшырағыр!» деп қарғап тұрады. Көктемнің жаңбыры нөсерлете жауғаны секілді ол әйел үйіне келгенге дейін төбесінен қарғыс жауып тұрады. Енді ойлап көріңіз, осынша қарғысқа ұшыраған әйелдің қай ісі оңады?

Тіпті күйеуінікі дұрыс болмаған жағдайда да әйелі Алла разылығы үшін сабыр етеді. Өйткені тағы бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Әйелдің Алла жолындағы күресі – күйеуінен көрген қиындықтарға шыдап сабыр етуі», – деген.

Біреулер әйелдің рөлі неге сонша төмен деп ойлауы мүмкін. Оларға айтарымыз, ертең Ұлы есеп күнінде Алла тағаланың алдында әйелінің бүкіл өмірі үшін жауап беру еркекке оңай соға ма? Еркек тозақ пен жұмақтың ортасында өзі үшін қалай қиналып жауап берсе, отбасының бұл дүниедегі тірлігі үшін де қатал жауапқа тартылады. Құрандағы: «Әй, иман еткендер, өздеріңді және үй іші отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған тозақ отынан сақтаңдар» деген аят бекерге айтылмаған («Тахрим» сүресі, 6-аят).

Ендеше, ертең «әйелің неге Алланың мынадай- мынадай бұйрықтарын орындамады» деп сұрайды. Соған жауап беру оңай ма? Әйелдің бүкіл істері, жақсы-жаман сөздері, мінездері, құлшылықтары, күнәлары, ғайбаттары күйеуіне жүк болады. Бұл, әрине, жеңіл іс емес. Бұл жақта әйел күйеуінің айтқанына әрі кетсе жүз жыл шыдар. Ал арғы дүниеде мәңгілік өмір сарапқа салынады. Бұл дүниеде қазір қаншама әйел ештеңе ойламай, қамсыз күн кешуде. Дүкендегі ең әдемі киімді алса, ең тәтті тамақты ішсе, ең қызық сериалды көрсе, ұйқысы қанық, жүйкесі тыныш болса, айтқанының бәрі бола берсе, түске дейін дүкен, түнге дейін кафе аралап жүрсе, бұл дүниенің қызығы сол деп ойлауы мүмкін. Ал енді осындай істерінің бәрі үшін ертең Алланың алдында оның бейшара күйеуі жауап береді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келу керек.

Сондықтан бұл дүниеде күйеуінің орынды-орынсыз, білместікпен аңдаусыз жасаған дөрекілігіне, істеріне әйел шыдауы керек. Тіпті  пайғамбарымыз бір хадисінде: «Егер адамның адамға сәжде жасауына рұқсат етілсе, мен әйелдің күйеуіне сәжде етуін бұйырар едім» деген. Бір кісі пайғамбарымызға келіп былай деді:

«Уа, Алланың елшісі, менің әйелім бар. Үйге кірсем, ал-дымнан шығып қарсы алады. Шығар болсам, шын пейілмен шығарып салады. Көңілімнің құлазығанын көріп қалса маған: «Неге көңіліңіз түсіп кетті? Рызық-несібемізді уайымдап отырсаңыз, оған сіз емес, басқа жауап береді ғой. (яғни рызық-несібеміз Алладан ғой). Егер ақырет жағдайын ойланып отырсаңыз, Алла уайымыңызды арттырсын» дейді. Бұған не айта-сыз?». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйеліңнен сүйінші сұра. Ол – жаннаттық. Оған айт: «Сен Алланың қызметшілерінің бірісің, саған әр күн сайын Алла жолында жан тапсырған жетпіс шейіттің сауабы жазылып тұрады» деп жауап берген екен.

Міне, көрдіңіз бе, әйел үшін жұмаққа кіру оп-оңай. Бірақ, өкінішке қарай осының өзін дұрыс атқармайтын қаншама әйел бар. Күйеуін ашуландырады, көңілін қалдырады, аузына келген сөзді айта салады. «Сен осы не білесің? Бұл іске сен араласпашы» деп бетінен алатындарын қайтерсің. Алла сақтасын, мұндай әйелдердің Алла құзырындағы жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты. Тағы бір хадисте былай делінген: «Қайсыбір әйел күйеуіне тілімен зиян келтірсе, онда қайтып көңілін тауып риза еткенге дейін оның Алла жолында жұмсағандары да, өтем-бодаулары да, жақсылықтары да қабыл етілмейді».

Әрине, бұл насихат еліміздегі әйелдерді қорқытып, үркіту үшін айтылған жоқ. Күйеулерінің көңілін тауып, айтқанын орындап, өзінің әйелдік жылылығын сыйлап жүріп, бұл дүниеде де, арғы өмірде де бақыт құшағында шалқыса екен деген ниет қана. Ал ер адамдардың өмірлік қосақтарына қатысты атқаруға тиіс міндеттері өз алдына бөлек айтылатын үлкен әңгіме. 


 Автордың "Даналық ойдан дән ізде" атты кітабынан.

0 пікір