Ажырасуды ойлаған адам өзіне қоюы тиіс 4 сұрақ
Ажырасуды ойлаған адам өзіне қоюы тиіс 4 сұрақ
6 жыл бұрын 4267
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ
  • Отбасын сақтап қалу үшін қолымнан келген барлық нәрсені жасадым ба?

  • Бақытсыз болуымның себебі үйленгендігім екеніне сенімдімін бе?

  • Ажырасқан соң алдымнан шығатын қиындыққа төтеп беруге шамам жете ме?

  • Бала екеумізге де ортақ. Ажырасатын болсақ, не әкесіз, не шешесіз өседі, мұны қабылдай аламын ба?

    Есте сақтаңыз:

  • Шешім қабылдағанда асығыстық танытпаған жөн.

  • Ажырасқан отбасында ең көп зардап шегетін бала-шаға екенін ұмытпаңыз!

  • Ажырасу секілді ауыр мәселені сезімге емес ақылға жеңдіре біліңіз. Қандай қиындық болмасын төзімділікпен ажыраспаудың жолын табуға тырысу қажет.

Мен қандай адаммын?

Адам біреумен қарым-қатынасқа түсіп араласуды қаласа, дұрыс адамды таңдағысы келеді. Сол себепті көбіне өзіне «Маған лайықты адам кім?» деген сұрақты қояды. Негізінде, адам өзінен әуелі «Мен қандай адаммын? Мен ол кісіге лайықтымын ба?» деген сұрақты қойғаны жөн. 

Үйленуді қалаған кейбір адамнан: «Болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз?» – деп сұрасаңыз, таң қаласыз! Болашақ жарының бойынан бар жақсылықтың табылғанын қалайды, бірақ өзінің бойынан ол нәрселерді көрмейсіз. Адам «Өзіме лайықты адам іздеп жүрмін» деген кезде, «Мен ол кісіге лайықтымын ба?» деген сұрақпен қатар ең болмағанда «Өзімді жақсы жаққа қарай өзгертуге тырысып жүрмін бе?» деген сұрақты қойғаны жөн.

«Отбасын құрған соң қандай жар боламын?» деген сұрақты қоя білген адам бақытты отбасы құруға алғашқы қадам жасаған болып саналады. Өзіне осы сұрақтарды қоюдан қашқан адам бойындағы кемшілігін көре алмайды. Нәтижеде, көптеген қиындыққа тап болады.

Асылында, адам баласы өмірде де, отбасында да бақытты болуға не қажет екенін жақсы біледі. Мысалы, отбасын құруға бел буған азамат пен азаматшадан «Отбасында бақытқа жетелейтін не нәрсе?» деп сұрасаңыз, «Бір-бірімізді жақсы көру, қуаныш пен қиындықта бірге болып бір-бірімізге демеу көрсету, өзара адалдық таныту, бір-бірімізді ренжітпеу т.б.» сынды керемет құндылықтарды тізбектеп береді. Аталмыш құндылықтарды оп-оңай тізбектеп берген жандардың бір күні ажырасып жатқанын көресіз. Неге?

Рас, бұл айтылған нәрселерден адам бейхабар емес. Біздің ең үлкен қателігіміздің бірі – білгенді жүзеге асырмауда жатыр. Отбасын сақтап қалу үшін жақсы жар болу керек екенін біле тұра, жақсы жар болуға ұмтылмайтын, бойындағы кемшілікті мойындаудан қорқатын адамдар бар. Біле тұрып орындамау және орындауға тырыспау – адамның адами қадір-қасиетін түсіретін кеселдің бірі. Өзіне «Мен қандай адаммын? Бойымда қандай артықшылық пен кемшіліктер бар?» деген сұрақ қойып, соған сай амал ете білмеген адам дамымайды.

Есте сақтаңыз:

  • Дұрыс отбасы болу, өзімізді дұрыстауға тікелей байланысты. Егер өз бойымыздағы кемшілікті дұрыстай білсек, отбасылық өміріміз де ретке келеді. Сол себепті айналамыз дұрыс болу үшін өзімізді дұрыстауға тырысу қажет.

  • Білген нәрсемізбен амал етуді үйренсек, үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз.

    Отбасылық бақытқа жету қажырлы еңбекті талап ете ме?

Күйсандықта шебер ойнайтын танысымнан күніне қанша уақыт дайындалатынын сұрағанымда, «Күніне тоғыз сағат» деген жауап алған едім. Күйсандықта шебер ойнау үшін осыншама уақыт бөлініп еңбек етіліп жатса, отбасы бақытына жету үшін қаншама еңбек пен уақыт қажет екенін өзіңіз пайымдай беріңіз!

0 пікір