Мұсылмандарға смартфонның қандай зияны бар?
Мұсылмандарға смартфонның қандай зияны бар?
5 жыл бұрын 3684 islam.plus
Аударған Меруерт БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Біздің дәуірімізде орман өртінің жылдамдығындай тез әрі кеңінен таралып отырған жаңа қылмыс түрі пайда болды. Осы жайындағы әңгіме өте зиянсыз көрінеді, алайда оның ең ауыр салдары мен зияны баршылық. Бұл жаңа мағынадағы қару - смартфон, өз-өзіңді алдау, уақытыңды, өміріңді тонау. Әдетте материалдық пайда табу мақсатымен қарақшылық жасау, тонау басқа әңгіме, дәл осы жердегі тонау материалдық тұрғыдан  емес, нақтырақ айтқанда, қарақшының өзі ең басты құрбандық және жәбірленушінің өзі болып табылады.

Осы тұста өзіміздің смартфонымыз арқылы жасайтын тонаудың кейбір түрлерін ғана қарастырамыз. Біз өміріміздің қаншалықты маңызды екенін білеміз. Кез келген жоғалтудың орнын қандай да бір басқа жолмен толтыруға болады, тек кеткен уақытты ешқашан толтыра алмаймыз. Бір жыл, күн, сағат, минут немесе тіпті бір секунд кетсе, сіз оны ешқандай жолмен қайтара алмайсыз. Демек, уақыт - адамның ғұмырындағы ең құнды, ең қымбат қазынасы.

Өкінішке қарай, біздің сандық ғасырымызда көпшілік адамдар  өз уақыттарын бағалай бермейтіні ақиқат. Уақытты ештеңеге тұрмайтын арзан дүние сияқты оңды-солды пайдасыз істерге жұмсайды. Күніне қанша уақытты смартфонға жұмсағаныңызға назар аударыңыз. Егер сіз шыншыл болсаңыз, жауап сізді таң қалдырады.

Біздің уақытымыздың көп бөлігін келесі әрекеттер қамтиды:

o Бейне ойындар;

o Басқатырғыштар сияқты үстел ойындары;

o Фильмдер мен деректі фильмдерді көру;

o Чатта немесе телефонда достармен ұзақ, мәнсіз сөйлесу;

o Әлеуметтік желілердегі «өмір»;

o Музыка тыңдау;

o YouTube-та бейнероликтерді көру. т.б.

Бұл алтын уақытты Құранға немесе зікірге (құдіретті Алланы еске алуға) немесе сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтуға әрі нәпіл намаздар оқуға қолдануға болады. Осылайша біз қымбат қазынадан - уақыттың құнды нәрсесінен құр алақан қаламыз.

Біздің жақындарымыз - ата-аналарымыз, ағаларымыз бен апайларымыз, ерлі-зайыптылар, балалар, барлығы біздің көңіл бөлуімізге мұқтаж. Әсіресе біздің қартайған ата-аналарымыз өздеріне көбірек назар аударғанымызды қалайды. Оларға қамқорлық таныту - әрбір мұсылманның бірінші дәрежедегі міндеті.

Ата-анаға деген қамқорлық Алланың жолындағы күрестен маңызды. Оның үстіне, аталмыш мәселе материалдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар ата-аналар өзін тыңдауға мұқтаж болған кездерде моральдық тұрғыдан да болуы тиіс. Әрине, сіздің назарыңыз, көңіл бөлуіңіз өзге де барлық туыстарыңызға да қажет. Бірақ бүгінгі кезеңде сіздің қарым-қатынасыңыз бұрыннан бері "жұқарып" үзілуге айналды, себебі, смартфон сіздің жан дүниеңізді, сана-сезімізді  толығымен жаулап алып, жан әлеміңізді ізгіліктен жұрдай етті.

Сіздің өз жақындарыңызбен сөйлесуге, олардың алаңдаушылығына, қамқорлыққа мұқтаждығына, қалауы, тілегі жайында сұрауыңызға мүлдем уақытыңыз жоқ. Осындай тұрғыда сізге деген олардың заңды құқықтарын алып тастадыңыз.

Смартфондар  көңіл-күйге және ұйқыға да зиян тигізеді. Дегенмен, көптеген адамдардың оған еті үйреніп кеткені соншалықты, тіпті түннің бір уағына дейін соған телміріп, жұмыс күнінен кейін тынығуды кейінге қалдырады. Құрылғының экраны көгілдір жарық шығарады, ол тіпті күндіздің өзінде күн сәулесіндей жарық  көрінеді. Түнде  біз телефонды қосқанда, бұл жарық миға кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде ми дененің қалыпты ұйқысы мен тынығуына мұқтаж болатын мелатонин гормонын өндіруді тоқтатады. Смартфон экранының жарығы ұйқы тәртібін бұзуы мүмкін, бұл денсаулыққа байланысты елеулі мәселелерді тудыратыны анық.

Біз қазіргі таңда смартфоннан ешқашан ажырамаймыз. Ол әр уақытта бізбен бірге, мектепте, жұмыста, дүкенде т.б. Кейбіреулер тіпті онымен бірге дәретханаға да барады, бұл, сөзсіз, өте зиянды. Смартфондар ұдайы қолда болғандықтан, вирустар мен бактериялардың тасымалдаушылары болып табылады (мысалы, ішек таяқшасы). Басқаша айтқанда, смартфондардың кесірінен біз ағзамызды жақсы түнгі ұйқыдан айырамыз әрі денсаулығымызға қауіп төндіріп, біле тұра тәуекелге барамыз. 

Смартфон бізді дүниелік өмірмен байланыстыратын құрал. Оның көмегімен ғаламторға кіріп, біз мұсылмандар үшін негізінен қолайсыз деп саналатын әрі құпталмаған ең жағымсыз нәрселерге кезігуіміз мүмкін.

Ұялы телефон сигналы әдетте әуенімен болады. Мұндай әуендерді тіпті намаз кезінде де мешітте естиміз. Кейбіреулер мешітте суреттерді көріп, суретке түсіріп әрі бейне түсіріп, әуреге түседі.

Біз ғибадатхана орнына материалдық дүниені ұмытып, теріс әдеттерден жырақтап,  ой-сана, жүрегімізді  рухани тазарту үшін келеміз.  Бірақ біздің іс-әрекеттеріміз: «Мен мешітте тек денеммен ғана отырмын, ал ақылмен басқа алыс жердемін» дегенді айшықтайды.

Мешіт - қасиетті мекен, жердегі барлық жерден Алла мешітті жақсы көреді, ол жөнінде төмендегідей хадис бар: «Алланың ең сүйікті орны - мешіттер, ал олардың ішіндегі ең жек көретін орны - бұл базар» (Сахих Мүслім). Мешіттер - жер тұрғындарының Жаратушыға рухани жақындайтын орны. Белгілі табиғин Саид ибн әл-Мусайб (оған Алла разы болсын) былай деді: «Мешітте болған  адам, шынымен, Алла Тағаланың құзырында болады». (Куртуби тәпсірі). 

Жалпы, смартфон пендені мына әлеммен тікелей байланыстыратын құрылғы.  Алайда біз әлі ең ауыр қылмыс туралы айтқан жоқпыз.

Намаз - бізге Алла Тағаланың бекіткен ең сүйікті ғибадаты екенін білеміз. Намаз адамдарға берілген  Алланың құнды сыйы деп атауға болады. Этимологиялық тұрғыдан араб тіліндегі «намаз» (салят)  сөзі «байланыс» деген мағынаны білдіреді. Ол бізге ұлы Жаратушының алдында барлық қажеттілігіміз бен мұқтаждығымызды сұрауға мүмкіндік береді.

Намаздың мақсаты - барлық игіліктерді жаратушы әрі беруші Алла Тағаланы әрқашан есте ұстау. Шынайы намаз - құдіретті Жаратушыны еске алудың ең керемет нысандарының бірі. Құдси хадисте Алла Тағала былай деген: «Құлдарым маған жақындаған барлық амалдардың ішінен мен намазды жақсы көремін» (Бұхари). Демек, намаз - баға жетпес игілік, алайда көпшілік адамдар оған немқұрайлы, енжар қарайды. 

Намаз кезінде ең көп кездесетін мәселелердің бірі - насихат.  Бүгінде біз сандық ғасырдың көрінісі ретіндегі смартфонның арқасында мейірімі шексіз Алла жайында  ойлаудың орнына,  одан тысқары нәрселерге өте көп алаңдаймыз, санамызды сонымен толтырамыз. Біз қазіргі дәуірде әрдайым смартфондардан екі елі ажырамаймыз, оларды өзімізбен бірге қайда барсақ та, әрдайым алып жүреміз. Тіпті намаз уақытында да телефонды жақындатып қоямыз. 

Соңғы зерттеулердің дәлелдеуі бойынша телефон қоңырау шалмаса да, біздер тәуелді түрде қандай да бір қосымшаның сингалын ұдайы күтіп отырамыз, мұндай әрекет ғибадатқа, кез келген пайдалы іске назарын шоғырландыруды төмендетеді. Сондықтан біз смартфондардың кесірінен ғибадат кезінде терең ықылас пен жүректі тазартып,  сананы сергітуден бас тартамыз.

Осы орайда психикалық денсаулық, өнімділік, құпиялылық және ең бастысы, мұсылмандар үшін ғибадат ету тұрғысынан  артықшылықтарды жоғалтпайық! Біз ұлылығы шексіз Аллаға өзіміздің уақытымыз бен денсаулығымызға енжар қарау арқылы  ашуына ұшыратпасын деп  дұға етеміз.

1 пікір
  • Ғажап! Алла тағаланың пенделер үшін берген жеңілдіктерін тек біржақты қарау неліктен? Осы кітапты жазушы да, мақала жазушы да смартфон қолданбай ма екен?!
    5 жыл бұрын