Азан айтып ат қою рәсімі және оның әдебі
Азан айтып ат қою рәсімі және оның әдебі
2 жыл бұрын 47555

Бисмилләһир рахманир рахим

Жаңа туған балаға азан айтып ат қою рәсімінің мұсылманшылық дәстүрінде алатын орны ерекше. Бұл рәсім қазақ халқында тек діни сенім ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге айналған. Оған «азан айтып қойған аты» деген сөз тіркесі дәлел.

Азан айтып ат қоюдың пайдасы

Азан айтып ат қою рәсімі, құр рәсім ғана емес, тәрбиелік мәні зор, өзіндік рухани пайдасы бар үрдіс.

Тәрбиелік мәнін айтар болсақ, дүние табалдырығын енді аттаған нәрестенің құлағына азан сөздерін естірту арқылы, оған: «Алланың құлы және Мұхаммедтің үмбетісің. Әлмисақтан мұсылман болғандықтан, өскенде Құдайға құлдық ұрып, намаз оқы. Мұсылман екеніңді ұмытпа. Иманды бол. Ибалы бол!» деп айтып тұрғандай. Осылайша дүниеге енді келген сәбидің ең алғашқы естіген жақсы сөздері - иман сөздері болмақ. Иман сөздері - cөздердің ең жақсысы.

Рухани пайдасына келсек, кішкене балаға азан айту бала үшін рухани тазалық. Азан айту арқылы - баланы тылсым әлемдегі зиянкестердің зиянынан қорғаған боламыз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) азан айтып ат қоюдың пайдасы жайында былай сөз еткен:   

«Кімде-кім дүниеге келген баласының оң құлағына азан шақырып, сол құлағына қамат түсірер болса, ол балаға «Үммус сибянның» зияны тимейді (яғни, ол балаға жын-шайтаннан зиян келмейді)»[1] - деген.

Уақыты

Балаға ат қою - бірінші күні немесе ең кеш жетінші күні атқарылады, одан кешіктірмеген абзал. Хадистерде: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаңа туған баланың жетінші күні атын қойып, шашын алып және ақиқа құрбанын шалуды бұйырды» делінген[2]. Басқа бір хадисте сахаба Әбу Мұса әл-Әшғари былай дейді: «Балам туылғаннан кейін оны Пайғамбарымызға алып бардым. Ол (с.а.у.) оған «Ибраһим» деп ат қойып, құрманы шайнап берді (тәхник) және береке тіледі»[3]. Осындай риуаяттардан нәрестеге туыла салып ат қоюға немесе оны жетінші күнге кешіктірсе де болатындығын ұғынамыз. Дегенмен, бір жағдайлармен жетінші күннен кейінге қалып жатса да зияны жоқ.  

Азан айту тәртібі

Аталмыш рәсімді, азан мен қамат сөздерін білетін діндар, намазхан кісі орындайды.

Азан айтатын кісінің дәретті болғаны абзал. Сәбиді құшағына алып, мүмкін болса құбыла жаққа қарап – нәрестенің оң құлағына орташа дауыспен азан сөздерін айтады. Сол құлағына орташа дауыспен қамат сөздерін айтады. Риуаяттарға қарағанда, Алла елшісі (с.а.у.) немересі Хасан туған күні оның оң құлағына азан, ал сол құлағына қамат сөздерін айтқан[4].

Осы тұрғыда, біздің елде оң құлағына азаннан кейін үш рет және сол құлағына қаматтан кейін үш рет есімін атап естірту әдеті бар. Олай етудің де терістігі жоқ. 

Абдусамат Қасым


[1] Имам Бәйһақи.
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән». Хасан хадис.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[4] Имам Бәйһақи: «Шуъабуль Иман». Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен.

0 пікір