Балаларға көркем мінез негіздерін қалай үйретеміз?
Балаларға көркем мінез негіздерін қалай үйретеміз?
7 жыл бұрын 3342
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Кімде-кім бала-шағасына жақсылық үйретсе, өзі де кейін балаларының құрмет-сыйына бөленері сөзсіз. Тіпті дүниеден озып, марқұм болып кеткен күнде де, артынан Құран оқып, дұға жасайтын да сол өзі тәрбиелеген ізгі ұрпағы болмақ. Ал баланы дұрыс тәрбиелемеу немесе мүлдем тәрбиесіз қалдырып қою ата-ананы бұл дүниеде де, арғы өмірде де көп қиындықтарға душар етеді. Өз бетімен жүріп, көшеден үйренген түрлі әрекеттерімен бейшара ата-ананы бір емес, мың рет жылатады деген қауіп те жоқ емес.

Ал мұсылмандық тәрбие көрген бала әке-шешесін еш уақытта ренжітпейді. Оларға қашан да сыпайы сөйлеп, жылы шырай сыйлайды. Айтқандарын екі етпей, жылдам орындайды. Шариғат тәртібі бойынша, олар отырған бөлмеге рұқсат сұрап кіреді. Дастархан басында олардан бұрын асқа қол созбайды. Ардақты ата-анасына орынсыз кінә тағып, жөнсіз жазғырмайды. Өзін аялап, әлпештеп өсірген ата-анасын жылатып-сықтатып қарттар үйіне өткізбейді. Ең бастысы, Алла тағаладан олар үшін көп кешірім, рахым тілеп, дұға жасайтын болады.

Ал мұсылмандықты дұрыс үйренген балалар туған-туыс, ағайындарымен, көршілерімен, мұғалім, ұстаздарымен дұрыс қарым-қатынас жасауды өмірлік ереже етіп ұстанады. Дос-жарандарына да ізгілік нұрын төге жүреді. Тұла бойынан жақсылық сәулесі шашылған мұндай балаларды көрген көз қуанады. Қасиетті Құранда мынадай бір тамаша аят бар: «Жәннаттық адамдардың қасында әрдайым пәк балалар болады, сен оларды көрген кезіңде жерге шашылған інжу-маржан деп ойлайсың». Олай болса, баланы мұсылман етіп тәрбиелеуді бүгіннен қалдырмай бастау керек. Осы тұста отбасында тек ізгілік үйренген бала жайлы мына бір оқиғаны орайластыра кетелік:

Бір күні хазірет Омар (р.а.) ойнап жүрген балаларды көреді. Алайда бір баланың ойынға қатыспай, шетте тұрғанын байқайды. Қасына барып:

–   Балақай, сен неге ойнамайсың? – деп сұрайды. Бала болса:

–   Уа, мұсылмандардың әміршісі! Алла тағала «Адамдар мен жындарды тек қана мені танып, маған құлшылық етсін деп жараттым» дейді. Біз ойнау үшін жаратылған жоқпыз ғой?! – деп таңқаларлық жауап қайырады.

Хазірет Омар балаға: «Жасың әлі кіші емес пе?» – дегенде, ол:

–   Уа, мұсылмандардың әміршісі! Мен үйде анамның от жаққанда әуелі кішкентай шырпыларды тұтататынын байқадым, – деп жауап береді.

Хазірет Омардың көңілін толқытып, көзіне жас алдырған бұл бала – ғалым сахаба Абдуллаһ ибн Зүбәйрдің (р.а.) ұлы болатын.

Ислам діні - көркем мінезге ерекше мән беретін дін. Сондықтан бала-шағамызға иман, мейірім, тазалық, сабыр, зеректік, адалдық, әділдік, жомарттық, тәуекел, кішілік секілді ізгі мінез-құлықтардың негіздерін толық үйретуіміз керек. Сондай-ақ аманатқа қиянат жасамау, уәдені бұзбау, өтірік, өсек, жаладан аулақ болуды да жас бүлдіршіндердің бойына сіңіріп өсірген жөн. Асыл дініміздің бұл құндылықтары әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс. Кез келген адамның жүрегінде бұл мінездердің дәні жасырулы жатыр. Тек солардың балаларымыздың жүрегінде гүлдеп, жайқалуын, дамуын және бұл дүние мен ақыретте жеміс беретіндей етіп өсуін қадағалауға тиіспіз. Сол себепті оның жан дүниесін жас шамасына қарай рухани нәрмен үнемі байытып отырған дұрыс.

Ислам – ғылым-білімге шақыратын дін. Әрбір мұсылман ерге де, мұсылман әйелге де ғылым іздену парыз. Сондай-ақ Исламда ілім атаулы шариғат үкімдері мен дін негіздерімен шектелмейді. Сондықтан балаға заманауи технологияларды, химия мен физиканың жетістіктерін, медицина мен заң ілімдерін Құран мен хадистермен астарластыра үйретудің мәні зор. Қазіргі кезде бала компьютерді қалай жетік білсе, өз дінін де, Құран қазыналарын да солай меңгеруге тиіс. Өткен дәуірлерде бүкіл ғаламның, жаһанның өркендеуіне Шығыс ғұламалары теңдессіз үлес қосты десек, олар бүкіл ілімді Құраннан үйренгенін бала білуі тиіс. Құранда Алла тағала: «Раббым, білімімді арттыра гөр!» деп дұға жасауды бұйырған.

Ислам жанұялық өмірге де ерекше мән береді. Сондықтан өсіп келе жатқан бала отбасының шағын бір мемлекет екендігін, оны бір кісі басқаруы керектігін және отбасы мүшелері сол басшыға толық бағынуға тиіс және әрбір отбасы мүшесінің жанұяда өзіндік орны, соған орай жауапкершілігі бар екендігін де сезінуі керек.

Олай болса, бала әрбір ісін сол отбасы басшысының, яғни әкесінің рұқсатымен жасауы тиіс. Бауға барса да, тауға шықса да әкесі одан хабардар болсын. Қысқасы, әке өз ұл-қызының қай уақытта қайда жүретінін бес саусағындай жақсы білуі керек. Баланы өз бетінше қоя беріп, тәртіп-тәрбиесіне көңіл бөлінбей қалса, ол бұзықшылыққа, күнәға қарай бет алды деп ойлай беріңіз. Өйткені ол нәпсісімен жеке қалғанда оның «мұғалімі» де, «ұстазы» да лағынет атқыр шайтан болары анық..

Тағы бір мәселе – бала әрбір ісін кеңеске салып, үлкендердің, ақылы мен білімі мол жандардың ақылын ала білуді үйренгені дұрыс.

 Ислам дінінде мән берілетін тағы бір мәселе – экономикалық тәрбие. Дініміз адам баласын үнемшіл болуға шақырады. Бір қарағанда, балаға экономиканың не қатысы бар деп ойлауға болады. Бірақ шындығында бұл өте маңызды мәселе. Балаға өз еңбегінің жемісін көруге үйретудің пайдасы мол. Үйдегі мал шаруашылығына араласып немесе егін егіп, бау-бақша өсіру арқылы да бала отбасы экономикасына үлес қоса алады. Сондай-ақ баланы ертіп жүріп, базар-ошар жасағанда, оған тек қажетті дүниені ғана әперіп дағдыландырған жөн.

 

0 пікір