Балаңызды жамандыққа баулып жүрген жоқсыз ба?
Балаңызды жамандыққа баулып жүрген жоқсыз ба?
8 жыл бұрын 7127
Анар Амангелдіқызы

Бүгінгі күні тәрбиеге жауапты ата-ананың келеңсіз қылықтарға бой алдыруы бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті төмендетуде. Көзін ашқалы әке-шешесінің әбес қылықтарын көріп өскен баланың үлкейгенде сол қылықтарды жатсынуы екіталай. Бұл - талас тудырмайтын мәселе. Ендеше, тәрбиені неден бастау керек? «Бас тәрбиешінің» өзі тәрбиелі ме? Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті, ата-ана арасындағы бір-бірімен қарым-қатынасы  түгелімен үлгі-өнеге боларлық па? Міне, гәптің бары осында. Сіздің дүниеге, балаға деген көзқарасыңыз оның мінез-құлқы мен болмысына міндетті түрде әсер етеді. «Ұяда көргенін, ұшқанда ілері» осының айғағы. 

«Сәби деген - таза тақта, не жазсаң, соны оқисың» деген ойшыл Аристотель мен ұстаз Д. Локтың сөздері тегін емес. Өйткені, бала көзін ашқалы өз көргендерін айнытпай қайталаумен болады. Кейбір жанұяларда өз балаларының жасаған қылықтарынан өздерін тамашалап отыратын жайттар да кездеседі. Сүйіспеншілік, сенім, қолдау, қорғау көрген бала өзіне сенімді, ашық-жарқын  және ақжұрек болып өседі. Алдау-арбауға ұшырап, қағажу көріп өскен бала жігерсіз, сенімсіз, ынжық болады. Көңіл бөлінбей өз бетімен өскен балалардың әлсіз, зиянды әдеттерге әуес болып өсу ықтималыдығы көбірек. Сүйіспеншілік - балаға қараған сәтте жанарыңыздан төгіліп тұратын сәуле: мұны баланың басынан сипау, жәй сөйлеу, оған көңіл болу, онымен ойнау арқылы әрдайым сездіре алысыз. Кейбіреулер бала тым еркелеп кетер деген үреймен көп сөйлеспейді, сезімдерін іште сақтайды. Бала ұйықтап жатқанда ғана иіскеп, тамашалайтындар да жоқ емес. Жаңа туған сәбиге ананың ыстық алақаны, жылы кеудесі мен даусы ерекше сенім ұялатады. Өзін қорғайтын асыл жанның бар екенін бала анасының еміренгенінен байқайды. Шетелдік бір балалар үйінде бұндай ыстық сезім мен ықыластан шет қалған балалардың өлімге тез берілетінін көрсеткен оқиғаға зер салайық.

Тастанды нәрестелерге қарайтын медбикелер сәбилерді бірінен кейін бірін аппарат арқылы тамақтандырып, әрдайым таза ұстауға тырысады. Робот секілді ешқандай сезімсіз, сылап-сипаусыз қалған бұл балалар арасында өлім жиілігі, мейіріммен, сөйлесіп қаралған балалармен салыстырғанда өте жоғары болған екен. Тіпті, уақтылы тамақтанбаған кездерде де көңіл бөлінген, қарым-қатынас құрылған балалардың өмірге берік, шыдамдылық танытатындығы байқалған.

Оқиғаның тағы бір қызық тұсы, ұрып-соғылған немесе кейіс естіген сәбилер де алдыңғыларға қарағанда өмір сүруге әлдеқайда артық құлшыныс танытады екен. Бұл бізге жаңа туған сабидің сезімге қаншалықты мұқтаж екендігін паш еткендей. Жаңа туған сәби түгілі, ана құрсағында жатып-ақ бала барлығын сезеді, себебі, ол - тек қана биологиялық емес, психологиялық тұрғыдан да даму көрсететін жаратылыс. Біз көбінесе бұған мән бермейміз, тіпті, кейбір ата-аналардан «білмеймін не керек екенін, көйлегі көк, тамағы тоқ» дегенді естіп жатамыз. Егер мәселе тек қана тамақ пен киімге келіп тірелетін болса, жоғарыдағы балалар үйінде өлім болмауы қажет еді ғой.

Отбасында жабыққан сәтте жұбататын, уақтылы тамағы мен киіміне көңіл бөлетін, ауырғанда қарайтын сенімді біреудің әрқашан қасынан табылатындығын білу баланың өзіне сенімді болып өсуінің негізі болып табылады. Кейіннен бұл өзін түсінетін, сүйетін, қолдайтын әке-шеше тұлғасына ойысады, сенім аясында өскен бала жасөспірімдік шақты да жеңіл әрі қиыншылықсыз өткереді.

Баламен жиі сөйлесу керек, қоршаған орта құбылыстарын оған түсінікті тілмен жеткізуге тырысу керек. Тәрбие барлық нәрседен қорғаштап тыю, зеку ғана емес, сондай-ақ американдықтар секілді бәріне ерік беріп, өз бетімен жіберу де емес. Тәрбие сабырлылықты, ең бастысы, өнеге бола білуді керек етеді. Отбасыңызда ұлттық, қоғамдық, діни құндылықтарды жоғары ұстаңыз. Кішкентайынан үйінде көп кітап оқылатын балалар өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ кітапқа қызығушылық танытады. Барлық бала ата-анасына немесе қасында болған жандарға еліктеп, олардың күнделікті істеген істерін қайталайды. Темекі, арақ ішу секілді зиянды әдеттер асқар таудай әкесіне жат болмаса, балаға қайдан жат болсын...

Түптеп келгенде, балаңыз өтірік айтпасын десеңіз, өзіңіз ардайым шыншыл болыңыз. Сізді шын көңілімен сүйсін десеңіз, балаңызды емірене сүйіңіз, сізді сыйласын десеңіз, оның кіршіксіз ішкі дүниесін сыйлауды үйретіңіз. Дөрекі  сөзден  аулақ болуы үшін өзіміз дөрекілік  көрсетпегініміз жөн. Баланың  жасына қарай баппен, бейіппен тәрбиелілік, әдептілік туралы құлағына құйып жұріңіз. Сондай-ақ, сәби үшін қызықты ұнамды орта ұйымдастыруға, оны тыңдауға көңіл болу керек. Мысалы, демалыс күні оның қайда барғысы келетінін немесе немен айналысқысы келетінін сұраңыз. Мүмкіндігінше тілегін орындауға тырысыңыз. Бұл оның сенімін арттырумен қатар, отбасында өзін жақсы сезінуіне жол ашады. Сонда ғана бала сыртта көрген-білгенін жөн-жосықсыз қабылдай бермейді. Себебі, өзіне сый көзбен қарайтын отбасындағы құндылықтарды қадірлеу керектігін сезінеді. Қорқыту, жиі жазалау, баланың айтқандарына көңіл бөлмеу бала алдындағы беделіңізді төмендетеді. Бала тәрбиесі қашанда жауаптылықты, даналықты керек еткен. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, еңселі ел болу жолында сүйіспеншілік пен рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа ұластыру, тіпті, өзімізді қоса тәрбиелеу де сондай қажет.

0 пікір