Дінде қандай қыздарға сөз салуға болмайды?
Дінде қандай қыздарға сөз салуға болмайды?
6 ай бұрын 4204
Исламда үйленудің алдында қызға көңілін білдіріп, сөз салуды «хитба» деп атайды. 

Неке - әрбір бірегейдің өміріндегі ең маңызды рәсім. «Үйлену оңай үй болу қиын» демекші, төл дінімізде отбасы беріктігі және оның өміршен болуы маңызды. Сондықтан да, мұсылман дініндегі «неке және отбасы» түсінігінде неке - өмірлікке қиылады, ал ажырасу, тек соңғы шешім ретінде қаралған.

«Әйелді бастан...» деп қазақ атам айтпақшы, неке өміршен болу үшін де үйленбей тұрып белгілі алғы шарттарға мән бермек керек. Мәселен, бір-бірлерін ұнату, әдеп, тәрбие, тектілік, теңдік, қауқарлық т.б. осы сияқты үйленбей тұрып қарастыру керек мәселелер бар. Дініміз көзді жұмып үйлене сал немесе көзді жұмып тұрмысқа шыға сал деп бұйырмайды. Үйленетін қыз бен жігіттің алдымен бір-бірлерін көрулері маңызды. Ол үшін сөз салатын қызымен көпшілік орындарында немесе қыздың қасында жақыны болып кездесулеріне рұқсат етіледі. Әшейінде бөтен қыз-келіншектерге қарауды тыйятын дініміз, мұндай маңызды шешімнің қарсаңында жігіттің болашақ жарына қарауына рұқсат еткен. Жігіт некелесу ниетімен қыздың жүзіне, қолына қарай алады. 

Исламда некелескісі келген қызына сөз салуды «хитба» деп атайды дедік. Хитбаның да, яғни, біреуге сөз салудың да өзіндік талабы бар. Мысалы, Исламда жігіт кез-келген ұнатқан әйел затына сөз сала алмайды. Оның де белгілі бір шектеулері бар. Атап айтсақ: 

  1. Жақын туыстығы бар қызға сөз сала алмайды.
  2. Сүт бауырына сөз сала алмайды.
  3. Пұтқа табынатын қызға, атеист қызға, дейст қызға т.б. мұсылман немесе христиан, яһуди дініндегі емес қыздарға мұсылман жігіті сөз сала алмайды, қашан мұсылман, не, христиан, яки, яһуди болғанша.
  4. Біреудің некелі әйеліне сөз сала алмайды. (Ажырасқан болса болады).
  5. Талақтан кейінгі иддет мезгілін күтіп жүрген әйелге сөз сала алмайды (иддет мезгілі бітсе сөз сала алады).
  6. Біреудің сөз байласқан қалыңдығына сөз сала алмайды. Дініміз өзге жігіттің сөз байласқан қалыңдығына сөз салуды күнә деп есептейді. Бірақ, жігіті сөз салғанымен, қыз оның сөзін қабыл алмаса, арада «сөз байласу» болмағандықтан, ол қызға өзгенің сөз салуына рұқсат. Сондай-ақ, сөз байласқанымен, артынан қайта сөздерін бұзса, ол кезде де өзгенің ол қызға сөз салуына болады.
  7. Күйеуі қайтыс болып, 4 ай, 10 күн иддетін мезгілін күтіп жүрген әйелге де, иддет мезгілі бітпейінше, ашық түрде сөз салуға болмайды. Неге «ашық түрде сөз салу» деп отырмын? Өйткені, дінімізде күйеуі қайтыс болып, арадан 4 ай, 10 күн уақыт өтпеген жесір әйелге ашық түрде емес, астарлы түрде көңілін білдіруге рұқсат етіледі. Мұның жоғарыда айтып өтілген талақтың иддетін күтуші әйелден бір айырмашылығы осы1

*Иддет - ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің күтуі керек белгілі уақыт. Ажырасқан әйелдер үш хайыз уақыт күтеді. Күйеуі қайтыс болған әйелдер төрт ай, он күн күтеді. Аяғы ауыр әйелдер босанғанға шейін күтеді. Иддет мезгілі бітпей, өзгеге тұрмысқа шыға алмайды.


1  «әл-Әхуалуш Шахсия фиқһән уә қодоән». Хитба.

0 пікір