Ер адамға 4 әйел алуды міндеттейтін бір ел бар екен
Ер адамға 4 әйел алуды міндеттейтін бір ел бар екен
1 жыл бұрын 18111

Төрт әйел алуға мәжбүрлейтін бір ел барын білетін бе едіңіз. Біздің қоғам төрт әйел тұрмақ, екінші әйел алудан үркіп жатса, керісінше, бір әйелмен шектелу ағаттық саналатын ел бар деседі. Тіпті ол елде 40 жасқа келгенге дейін 4 әйел алып үлгермесе, айып саналады екен.  

Шығыс Африка республикасы, Сомали мемлекеті. 17 миллион халқы бар бұл мемлекеттің халқында, біз үшін біртүрлі саналатын үйлену салты бар деп жазады араб тілді интернет сайттарында.  

Ондағы жазылғандарға қарағанда, Сомали халқы үшін ер жігіттің 20 жасына дейін үйленбей бойдақ жүруі кешірілмес айып, өзге ру-тайпалардың алдында төмен қаратар ұят тірлік екен. Сондықтан да, бұл елде ұлдар 17-18 жастарында шаңырақ көтеріп, қолына құсын қондырып үлгеруге тырысады дейді. Бұл – бір.

Екіншіден – бұл елдегі жергілікті түсінік бойынша ер азамат қырық жасына келгенге шейін 4 әйел алып үлгеруі тиіс көрінеді. Қырық жасқа дейін төрт әйел алып үлгермеу, халық түсінігінде – ең үлкен әбестік, бет қызартар ұят іс болып саналады-мыс.

Үшіншісі – Сомали әдет-ғұрпы бойынша ер жігітке әуелгі жарын өзі таңдап, ұнатқан қызды әйелдікке алу құқы танылған. Бірақ келін бірінші сәбиін дүниеге алып келгеннен соң, жігіттің анасы ұлына екінші әйел іздеуге кіріседі екен, алайда бұл жолы жігіттің қарсы шығуына құқы жоқ, анасы кімді ал десе, соны алуы шарт.  

Төртіншісі – Сомали әдеті бойынша жігіт үшінші әйелін 30-ға келгенде алады. Отызға келгенін тойлаумен бірге, үшінші некесін де бірге атқарып жіберетін көрінеді.

Ал төртінші әйелін, Сомалилық жігіт, қырық жасына жетпей алып үлгеруі тиіс. Егер қырыққа келіп, әлі төртінші әйел алмаған болса, онысы ұят тірлік-мыс[1].

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, біздің қоғамда тұрпайы саналатын полигамия салты, кей елдің әдет-ғұрпында міндетті болуы қызық екендігі жасырын емес.

"Сомали халқында ондай салт жоқ!"

Алайда, бұндай уәждің шындыққа жанаспайтындығын айтатындар бар. "Сомали халқында төрт әйел алуды міндеттейтін салт жоқ" дейді Мұхаммед Хусейн есімді бір Сомалилік зерттеуші тұрғын. Ертедегі кейбір белгілі ру-тайпаларын айтпағанда, жалпы Сомали халқында ер жігіттің кімді алам десе де және қашан алам десе де өз еркі деп, ол «төрт әйел алуға міндетті» деген заңның болмағандығын айтады. Тіпті оның айтысына қарағанда ертеректегі кісілер қайта кеш үйленуді тәуір көретін болса, бүгінде бір әйелімен қартайып жатқандардың саны көп дейді ол[2]. Біршеті, бұл кісінің де сөзінің жаны бар. Егер бұл елде төрт әйел алу міндеттілігі бар болғанда, Сомали халқы 17 миллион емес, одан да көп болар ма еді деген ой келеді.

Әрине, көп әйел алу салты елдің демографиясының өсуіне септігін тигізер басты фактор емес. Десе де, көп әйел алудың да өзіндік пайда тұстары бары анық, мәселен: жетім-жесірлерді қамқорына алу, ер адамның суыт жүріске салынбауы, күйеуі жоқ әйелдердің жеңіл жүрістікке түспеулері, халық санының көбеюі сияқты пайдалары солардың бірі.

Мұсылман дінінде шамасы келген ер азамат төрт әйелге дейін алуына құқылы, бірақ міндетті емес. Төрт әйелге дейін алу үрдісі Құранның қасиетті аятымен бекітілген.  

Дайындаған Мұса Жамал


[1] arab-turkey.com/
[2] royanews.tv

1 пікір