Иманды қыздың теңі қандай жігіт болмақ?
Иманды қыздың теңі қандай жігіт болмақ?
8 жыл бұрын 9345
Шәмшат ӘДІЛБАЕВА

Ислам құқығында (фиқһ) бойжеткеннің өз теңіне қосылуын «кəфаəт» деп атайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Əйелдерді теңіне қосыңдар» деген. Демек, қызды ұзатпас бұрын күйеу жігіт қалыңдыққа тең бе, əлде емес пе, алдымен осыны анықтау қажет. Бұл дініміздің жаратылысы нəзік қыз балаға қорған болуының белгісі.

Дініміз қашан да əйел баласының жаратылысын  ескеріп, оған ерекше қамқорлық танытқан. Ер кісінің үйленуі сəтсіздікке ұшыраса, ажырасуы оған пəлендей қиындық тудырта қоймауы мүмкін. Ал өмірде жолы жіңішке əйел адамға мұндай жағдай үлкен соққы болады. Сондықтан осыны əу бастан ескерген дініміз қыз баланың опық жеп қалмауы үшін теңіне қосуға үлкен мəн берген.

Кейбір мұсылман ғұламалары екі жастың бір-біріне деген лайықтығын салыстырудың қажеті жоқ деген пікірде. Олардың көзқарасы бойынша, отбасын құратын жастардың мұсылман болуы жəне үй болуға ешқандай кедергінің болмауы жеткілікті. Дəлел ретінде олар Құранда айтылған «Əлбетте, сендердің Аллаһтың алдындағы ең құрметтілерің – тақуаларың» аятына жəне Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Адамдар тарақтың тісіндей бір-бірімен тең. Арабтың басқа ұлттан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықпен болады». «Арабтың басқа ұлттан, басқа ұлттың арабтан, қызыл түстінің қара түстіден, қара түстінің қызыл түстіден тақуалығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ», – деген хадистерін негізге алады. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде болған кейбір оқиғаларды да дəлел ретінде алға тартады. Мысалы, бір күні қара нəсілді сахаба Білəл Хабаши (р.а.) ансарлық бір отбасының қызын айттырады. Əлгі отбасы қара нəсілді сахабаны қызына тең көрмегендіктен, келісім бермейді. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.у.): «Оларға барып: Алла елшісі (с.а.у.) қыздарыңды маған берсін деп жатыр деп айт», – дейді.

Дегенмен жігіттің қызға лайықтығын мөлшерлеп-таразылаудың қажеті жоқ дейтін ғұламалардың саны аз. Ғұламалардың басым бөлігі қызды теңіне беруді қолдайды. Бұны некенің шарты болмағанмен, қажетті жағдайлардың бірі деп қарастырады. Себебі Алла елшісі (с.а.у.) бір күні хазірет Алиға (р.а.) былай деген: «Уа, Али, үш нəрсені кешіктірме: Уақыты кіргенде намазды, дайын болған кезде жаназаны, теңі табылғанда қызды». Ал келесі хадисінде былай дейді: «Əйелдерді теңімен үйлендіріңдер. Оларды уəлилері (ата-анасы немесе ата-анасы болмаған жағдайда солардың орнындағы жақындары) үйлендірсін. Он дирхамнан аз мəһір жоқ». Міне, осы хадистерді басшылыққа алған ғұламалар қызды лайықты орынға ұзату керек дейді. Сүннетті берік ұстанған иісі мұсылман халқымыз да «теңі келсе тегін бер» деп, қыздың теңін табуын қош көрген.

Ханафи мəзһабындағылар теңдікті алты жағдайда қарастырады: діндарлық, Ислам, бас бостандық, тегі, тұрмыс жағдайы жəне мамандық. Ал, Шафиғи мəзһабындағылар дін, бас бостандық, тегі мен бойында кемістіктердің болмауы сияқты қасиеттер бойынша белгілейді. Ханбəли мəзһабындағылар дін, бас бостандық, тегі, тұрмыстық жағдай мен мамандықта теңдіктің қажет екенін айтса, Малики мəзһабындағылар тек қана дін мен бойында кемістіктердің болмауы жағдайын қарастырады.

Ханафи мəзһабы бойынша қыздың теңі болу үшін жігіттің бойынан мына қасиеттер талап етіледі:

1. Діндарлық: діннің негіздеріне немқұрайлы қарайтын, мінезі ұр да жық, күнəға бейім жігіт дініне берік, ар-намысын көзінің қарашығындай сақтайтын салиқалы қыздың теңі емес.

2. Ислам: Бұл жердегі негізгі мəселе күйеу жігіттің мұсылмандығына байланысты емес, күйеу жігіттің əкесі мен атасының мұсылман болу болмауына қатысты туындайды. Себебі күйеу жігіттің мұсылман болуы некенің шартына жатады. Егер күйеу жігіт мұсылман болмаса, онда дініміз бойынша мұсылман қыз онымен тұрмыс құра алмайды. Бұл – некенің шарты. Ал қыздың теңін іздеуде Ислам мəселесі қыздың баратын жерінде атеист немесе басқа діндегі кісілердің болмауын талап етеді. Себебі мұндай отбасы мұсылман отбасынан шыққан қыздың теңі емес.

3. Бас бостандық: Көпшіліктің пікірі бойынша, бас бостандығы жоқ құл ерікті қыздың теңі бола алмайды.

4. Тегі: Бұл жерде мəзһаб ғалымдары араб қызының басқа ұлтқа берілмейтінін айтқан. Еліміздегі қожалардың тек қана қожадан қыз алуы немесе қыздарын тек қана қожаға беруі осыдан келіп шығады. Бірақ сахабалар мен алғашқы мұсылмандардың кезеңінде басқа ұлттарға қыз беру оқиғалары орын алған. Сондықтан бұл төртінші мəселені көпшіліктің бəрі бірдей қолдамаған десек те болады.

5. Тұрмыс жағдайы: Ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушіліктер болмауы үшін ғалымдар бұны да маңызды санаттардың қатарына қосады. Себебі отағасының қалыңдықты асырай алатындай дүниесінің болғанын құп көрген. Шын мəнінде егер қалыңдық бақуатты жердің қызы болып, күйеуі түгі жоқ кедей болса, онда əйелі күйеуін менсінбеуі мүмкін. Бұл жағдайда отбасының басқарылуы қиындап, келіспеушіліктер туындайды. Бірақ тақуа қыз бен ер жігіт үшін бұл аса үлкен мəселе емес. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей кезінде ауқатты əйел Хадиша анамызға үйленген. Пайғамбарымыздың парасаттылығы мен Хадиша анамыздың салиқалылығының арқасында олар өмірдегі ең бақытты жұпқа айналған.

6. Мамандық: Белгілі бір мамандық иелену де кісінің рухани өрістеуіне сеп болады. Ғалымдардың пікірінше, күйеу жігіттің мамандығы қалыңдықтың мамандығынан жоғары тұрып, отбасын асырауды өз мойнымен көтере алса, қызды ұзатуға лайық болғаны. Сонымен қатар күйеу жігіттің білімі қалыңдықтың парасат-пайымынан жоғары тұрғаны өте құптарлық жайт. Сонда отағасының сөзі де өтімді болмақ. Білім мəселесі əрі діни жағынан, əрі жалпы мəдениет жағынан да қарастырылғаны абзал.

 

0 пікір