Күйеуі "мен саған суып кеттім, ажырасамыз" деген әйелдің әңгімесі (немесе "Бақара" сүресінің қасиеті)
Күйеуі "мен саған суып кеттім, ажырасамыз" деген әйелдің әңгімесі (немесе "Бақара" сүресінің қасиеті)
2 жыл бұрын 20127

Күйеуіммен отасқанымызға алты жылдан асты. Екі балапанымыз бар. Арамызда айтарлықтай мәселе болмады. Бірақ бейнебір суықтық бар еді. Анығын айтқанда күйеуім маған суық тұғын. Жылдар өтсе де күйеуімнің сүйіспеншілігін сезіне алмадым. Керісінше, мен оны қатты жақсы көрдім, бірақ одан сәйкесінше жауап болмады. Жүрегін жаулау үшін қанша әрекет етсем де беті бері қарамады.

Бір күні күйеуім ажырасқысы келетінін ашық айтты.

- Неге? Қандай проблема бар? Қай жерімді ұнатпайсың? Білгім келеді, - деп себебін сұрағанымда, ол:

- Білмедім. Ішкі жан дүниемде түсініксіз бейнебір саған деген құлықсыздық бар. Неге екенін білмедім, бірақ мүлдем көңілім қаламайды сені, - деді.

- Жарайды, - дедім де, сол күні ажырасуға белбудық.

Әрине, маған өте ауыр болды. Не үшін, деп ойландым. Толғандым. Соңында «бұндай нәрсенің шайтан малғұннан келуі мүмкін» деген ойға тоқтадым. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссәләм) «Бақара» сүресі оқылған үйге шайтан жоламайды деген еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Үйлеріңді мазарға айналдырмаңдар. Шынында «Бақара» сүресі оқылған үйден шайтан қашады!» - деген хадисі ойыма оралды[1].

Ертесі күні таң намазымды оқып алып, «Бақара» сүресін оқуға көштім. Үш күн бойы аталмыш сүрені оқып, оның аудио нұсқасын тыңдадым. Бірақ күйеуіме тыс жарып ештеңе айтпадым. Арасында ажырасқаннан кейінгі жағдайларды өзара сөйлесіп, кеңесіп тұрдық.

Үш күн бойы сабырлықпен күнделікті үйдің тірлігін істедім. Арнайы уақыт бөліп «Бақара» сүресін оқып тұрдым. Төртінші күні күйеуімді жұмысқа шығарып салғаннан кейін, Құран кітабын қолыма алып, «Бақара» сүресін ашып оқып отырдым. Сәске уақытында, 12-ге таман ұялы телефоным шырылдады. Қарасам күйеуім екен. Телефонды көтергенімде, күйеуім жағдайымды және көңіл-күйімді сұрады. Бір қалыпты екенін айттым. Сосын ол бір сәт ойланып тұрды да:

- Кешке үйге барғанда ажырасу мәселесін қайта қараймыз-ау деймін», - деді.

- Жарайды, - дедім.

Кеш болды. Ақшам уақыты кірді. Күйеуім жұмыстан оралып, бірге кешкі асты іштік. Тамақ ішіп отырып ол:

- Бүгін маған бір нәрсе болды. Бұдан алдын бейнебір терең құдықтың ішінде сияқты болып жүретінмін, ол құдықтан шықтым. Көңілімде шешілмей тұрған бір түйін бар сияқты еді, сол түйін бүгін шешілгендей болды, - деді. Артынан мені жақсы көретінін, ажырасқысы келмейтінін айтты. Кешірім сұрады. Күйеуімді біреу ауыстырып қойғандай болды маған. Құдды ол кетіп, орнына мүлдем басқа адам келгендей көрінді.

«Аллаһу әкбар, Аллам неткен ұлық едің!» дедім ішімнен. Көзімнен жас сорғалады. Қасиетті Құранның «жүректерге шипа» екеніне көзім жетті. «Бақара» сүресі оқылып тұрған үйден шайтанның қашатындығын іс жүзінде сезіндім. Күйеуімнің санасын байлап, екеумізді ажыратқысы келген расында шайтан екен. Құдайға шүкір, Алланың қалауымен, «Бақара» сүресінің қасиетімен шайтанның ойы жүзеге аспады. Пайғамбарымыздың (с.а.у) сөзінің шынайылығы тағы бір дәлелденді.

Құрметтілерім! Қандай қиындыққа тап болсаңыздар да Аллаға жалбарынып, оның қасиетті кәләмі (сөзі) Құран Кәрімді оқыңыздар. Ол - көңілдерге шипа. Дертке дауа. Бастысы жетерінше сенім білдірейік, иман етейік. Бастысы немқұрайлылық танытпайық. Раббымызды ұмытпайық. Егер бір үйде үнемі харам бейнелер, харам нәрселер көрілетін болса, ашық-шашық, жартылай жалаңаш клиптер, мәнсіз, жаман мағыналы әндер тыңдалатын болса, және де ол үйде Аллаға сәжде жасалмаса, намаз оқылмаса, Алла тілге алынбаса, Құран кітабы кітап сөрелерінде шаң басып тұрса, ондай үйді шайтан мекен етпей ме?!

Және де, өтінерім, егер үйдегі балалар тым агрессивті болып жүрсе, үйдің төрінде тұрған темір жәшікте қосулы жаман каналдарды өшіріңіздерші. Жаман мазмұнды клиптерді көрсетпеңіздерші. Оның орнына үйлеріңізге береке кіргізер амалдарды жасаңыздар. Мысалы, бес уақыт намазды қаза қылмай оқыңыздар. Тәспі тартып, Алла Тағаланы жиі еске алып тұрыңыздар. Құран кітабы оқылмаса, жетім делінген, Құран оқып тұрыңыздар. «Аллаға қарай жүгіріңдер!» деп Құдай Тағала Құранда айтқандай, Аллаға жөнелейік. Оған сыйынайық!...

Болған оқиға. Түрік тілді интернет ресурстарынан алынды. 
Қазақшалаған: Абдусамат Қасым


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен.

0 пікір