Некедегі мәһір мәселесі
Некедегі мәһір мәселесі
9 жыл бұрын 26470
Шәмшат Әділбаева

Мәһір – некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Көне замандардан бері отбасында еркек пен әйел өз араларында еңбек бөлісін жасаған. Осыған орай еркек күн көрістің қамымен сыртта жұмыс істеп дүние тапса, әйел көбіне үй шаруаларымен айналысқан. Осындай табиғи бөлістің нәтижесінде отбасын асырау отағасының мойнына жүктелген. Мәһір, нәпақа, үйге қажетті заттарды алу ер кісінің міндеті.

Үйленудің нәтижесінде пайда болатын алғашқы ақылардың бірі саналатын мәһір Құран мен хадистердегі дәлелдерге сүйенеді. Алла Тағала:

وَآتُوا النِّسَاءَ صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِنْ طِبْنَ لَكُمْ عَنْ شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْسًا فَكُلُوهُ هَنِيئًا مَّرِيئًا

«Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін (қалыңдық сыйын) шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер»[1] , – деген.

Басқа бір аятта:

وَإِنْ أَرَدتُّمُ اسْتِبْدَالَ زَوْجٍ مَّكَانَ زَوْجٍ وَ آتَيْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَارًا فَلَا تَأْخُذُوا مِنْهُ شَيْئًا

«Егер бір әйелмен ажырасып, орнына басқа әйел алуды қаласаңдар, ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан еш нәрсе алмаңдар»[2], – деп мәлімдеген.

Мәһірдің үйлену салтының салтанатты бір бөлшегі екендігі

وَأُحِلَّ لَكُم مَّا وَرَاءَ ذٰلِكُمْ أَن تَبْتَغُوا بِأَمْوَالِكُم مُّحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ فَمَا اسْتَمْتَعْتُم بِهِ مِنْهُنَّ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ فَرِيضَةً وَ لَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا تَرَاضَيْتُم بِهِ مِن بَعْدِ الْفَرِيضَةِ

«(Сендер үшін) махрам болған әйелдердің тысындағы әйелдерге мал-мүліктеріңнен мәһір беріп, зинаға бармай ар тазалығын сақтап үйлену адал етілді. Үйленіп қызығын көрген әйелдеріңе міндетті мәһірлеріңді беріңдер. Мәһірдің мөлшерін белгілеген соң, өзара келісіп, оның мөлшерін азайтып немесе көбейте түсу сендер үшін күнә емес» (Ниса, 24-аят), – деген аятта да айтылған. Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша, хазірет Али Пайғамбарымыздың қызы Фатимаға (р.а.) үйленген кезде өзінің құнды қалқанын мәһір ретінде берген[3].

Мәһір некенің шарты емес. Ол неке қиылғаннан кейін қалыңдыққа тиесілі ақы.  Неке барысында мәһір аталмаса немесе белгіленбесе де, неке қиылған болып саналады. Мәһір некенің барысында айтылған-айтылмағанына қарай екіге бөлінеді: аталған мәһір және тектес (мисли) мәһір.

Аталған мәһір дегеніміз – неке барысында немесе одан кейін ерлі-зайыптылардың өзара келіскен мәһірі. Бұл жерде мәһір ретінде не берілетіні нақты айтылғандықтан, оны аталған мәһір деген.

Аталған мәһірде белгіленген нәрсені некеден кейін ер жігіт қалыңдығына беруі тиіс. Ал егер ерлі-зайыптылар өзара ешқандай мәһірге келіспеген болса, онда қалыңдыққа тектес мәһір беріледі. Бұл кезде көпшілікке беріліп жатқан мәһір көлемі қалыңдыққа берілуге лайықты деп табылады. Яғни, жігіт әйеліне сол тектес қыздарға қандай мәһір беріліп жатқан болса, сол мөлшерді негіз етіп алып, мәһірін беруі керек.

Мәһір берілу уақытына қарай да екіге бөлінеді: уақытында төленетін мәһір мен кешіктірілген мәһір.

Уақытында төленетін мәһір дегеніміз мәһір белгіленген кезде берілетін уақыты да қоса айтылған болса, күйеуі әйеліне сол уақыт ішінде мәһірін беруі керек.

Ал кешіктірілген мәһір дегеніміз – берілуі үшін ешқандай уақыт айтылмаған мәһір. Бұл жағдайда күйеуі әйеліне әйтеуір шамасы келгенде берсе жеткілікті. Ал егер мәһірді берместен көз жұмса, мәһірді белгілеген кезде айтылған мөлшер оның артында қалған малынан алынып, әйеліне төленеді.

 

Мәһірге жарайтын нәрселер

Исламда сатылу мен қолданылуына тыйым салынбаған кез-келген нәрсені мәһір ретінде беруге болады. Жылжымалы-жылжымайтын мүлік, әшекей заттар мәһірге саналады. Тек Ислам бойынша тыйым салынған арақ-шарап, арам мал, ұрланған зат сияқты нәрселер мәһірге жатпайды. Жігіттің қызға Құранды, хадисті немесе дінді үйретуі мәһір ретінде саналар-саналмасы жа-йында ғұламалар арасында әр түрлі көзқарас болған. Дей тұрғанмен, жоғарыда Пайғамбарымыздың (с.а.с) Сахи ибн Сахлдты (р.а.) әйелімен Құран үйрету мәһірімен үйлендіргені айтылды[4].

 

Мәһірдің мөлшері

Мәһірдің ең көп мөлшеріне ешқандай шек қойылмаған. Құранда

وَآتَيْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَارًا فَلَا تَأْخُذُوا مِنْهُ شَيْئًا

«Ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан еш нәрсе алмаңдар» делінген[5]. Яғни, әйелдерге қандай мөлшерде болса да мәһір беруге рұқсат.

Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша мәһірдің ең аз көлемі он дирхам (Пайғамбарымыздың кезінде бес дирхам құрбан шалуға татитын бір қойдың құнына тең болған. Авт.) Күміс немесе сол құндағы қаражат, яки мүлік. Қазіргі таңда оның мөлшері 32 грам күміс. 

 

Мәһір мен қалың малдың айырмашылығы

Мәһір – тұрмысқа шыққан қыздың ақысы. Әкесі немесе атасы қыздың атынан мәһірді қабылдай алады, бірақ оны өздері иелене алмайды. Мәһірді иелену тек қыздың өзіне ғана тиесілі. Ал егер қыз өз ризашылығымен берсе, ата-анасының оны алуына рұқсат.

Қалың мал болса қыздың ата-анасына берілетін сый. Қалың мал ретіндегі ақшаға ата-анасы қыздың жасауын, яки қажетті заттарын алуға қолданса, оны мәһір деп қарауға болады. Алайда қалың малды қыздың әкесі алып, өз жеке қажеттіліктері үшін қолданса, мәһірге саналмайды.

Әбу Ханифаның әрі өзге де ғалымдардың пікірінше, қыздың әкесі күйеу жігіттен мәһірдің тысында ақша талап етуге қақысы жоқ. Бірақ күйеу жігіттің өз көңіл қалауымен қыздың ата-анасына сый-сыяпат беруіне тыйым салынбаған.

[1] «Ниса» сүресі, 4-аят
[2] «Ниса» сүресі, 20-аят
[3] Нәсаи, Никаһ, 76; Әбу Дәуіт, Никаһ, 24,25
[4] Бұхари, Никаһ, 14, 35; Мүслим, Никаһ, 76
[5] «Ниса», 20-аят

1 пікір
  • Ассалаумағалайкум, неке қиылған кезде аитылған сыйлыктан орнына басқа сыйлық алып берсе болады ма? Рахмет
    2 жыл бұрын