Отбасылық өмірдегі тақуалық
Отбасылық өмірдегі тақуалық
8 жыл бұрын 4898
Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ

Алла Тағала Құран аяттарында әрдайым тақуалықтан танбауға шақырады. Тақуалық отбасылық қарым-қатынаста да орын алуы қажет. Өйткені отбасылық өмірде Алладан қорқуды бұйырмаса, әйел кісілер көп зұлымдыққа ұшырауы анық еді. Әдетте, ер адам жұбайымен келісе алмай қалған жағдайда оны үйден қуып шығуға тырысады. Негізінде талақ етілген әйелдің иддасы (күту мерзімі) бітпейінше үйден шығаруға күйеуінің ақысы жоқ. Кейбір әйелдер киім-кешегін жинап, өзі үйіне кетіп қалады. Әрине, бұл да дұрыс емес. Өйткені, Құранда: «Өздері де шықпасын» деп бұйырады. Талақ етілген әйел идда уақыты бітпей күйеуінің үйінен кетіп қалса, күнәһар болады. Шариғаттың бұл үкімі басқа үкімдер секілді ғибратты (хикметке толы). Талақ етілгеннен кейін иддасының уақытын бітуін күтіп үйінде отырған әйел мен күйеуінің арасы жарасып кетуі әбден мүмкін. Жарының ашуы басылып, өз-өзіне келіп, қайта табысуына мүмкіндік болады. 

Бұл проблеманың басты себебі – үйленген жігіт пен бойжеткеннің өздеріне тиісті міндеттерін ескермеуінен және отбасылық жауапкершілікті сезінбеуінен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әйелдердің сендерге қатысты міндеттері бар. Сондай-ақ, сендердің де әйелдеріңе қатысты міндеттерің бар», – деген. Олай болса, әуелі ер адамның әйелі алдындағы міндеттеріне тоқталсақ.
1. Жұбайымен жақсы қарым-қатынаста болу, көркем мінез таныту.
Ерлі-зайыптылардың арасында сүйіспеншілік, бір-біріне деген мейірімділік пен кешірім болуы керек. Сондықтан отбасында кездесетін болмашы нәрселерге бола бір-бірін ренжітпеулері тиіс.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне азар бермесін және әйеліне әрдайым жақсылық жасасын! Өйткені, олар қабырғадан жаратылған. Әлбетте, қабырғаның ең иілген жері ұш жағында. Егер оны түзетемін десең сындырып аласың. Егер оны солай қалдырсаң, ол сол иілген күйінде қалады. Сондық-тан, әйелдерге үнемі жақсылық жасаңдар!», – деген.
2. Әйелдерге нәпақа беру, яғни материалдық жағдайын жасау, тамақтандыру, киіндіру, т.б. Муауия ибн Хайда әл-Қурайший (р.а) риуаят еткен хадисте: «Ей, Алланың Елшісі, жұбайымыздың алдында қандай ақыларымыз бар?», – дедім. Ол кісі (с.а.у.): «Қашан тамақтансаң, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім алсаң, оған да киім әпер. Әйеліңнің бетінен ұрма және жаман сөзбен балағаттаушы болма. Әрі үйіңнен басқа жерде дауысыңды көтеріп ұрыспа», – деді», – делінген (Әбу Дәуід пен Тирмизи).
3. Қателіктерін жасыра білу. Әйел адам жаратылысы нәзік бола тұра кейде ер адам көтере алмайтын ауыртпалықтарды кө-тере алады. Дегенмен, олардың көңілдері бос келеді, жылы-жылы сөйлегенді ұнататын халық. Мұны ер-азаматтар түсінулері қажет. Үй шаруашылығындағы кейбір кемшіліктерді көрсе де, көрмегендей болып, оны айтса да, көңіліне тимейтіндей етіп айтуға тырысуы қажет. Осындай болмашы нәрсенің кесірінен жанұяға талақ түсуі ықтимал.
4. Ер адам жұбайының алдында әрдайым әдемі болып көрінуге тырысуы керек. Біз көбіне жақсы киімдерімізді көшеге шыққанда, қонаққа барғанда киеміз, сол кезде қырынып, жуынамыз, иіссулар себінеміз. Ал үйге келгенде қалай болсын солай киініп жүре береміз. Дұрысы, үйдегі сізді күтіп отырған жұбайыңызға әрдайым жақсы киімдеріңізді киіп, иіссу себініп, әдемі болып көрінуге тырысыңыз.
5. Ер адам сабырлы болуы керек. Ер адам әйелі барлық жағынан кемел, кемшіліксіз, менің жұбайым сондай адам, ол мені сыйлайды, ол маған қарсы шықпайды деп ойламауы керек. Жұбайыңыз сіз күтпеген мінез көрсетуі мүмкін. Сондықтан менің жұбайымнан теріс сөз бен мінез көрініс табуы әбден мүмкін деп, ер адам оған да дайын болуы керек. Осындай жағдайлар кездескенде кешірімді болып, түзелуіне көмектесуіңіз қажет. Ал егер сол кезде сіз де қызуқандылық танытсаңыз, жағдай басқаша болуы әбден мүмкін.
Енді әйелдің міндеттеріне келсек, олардың бірсыпырасы төменде:
1. Әйел кісі күйеуінің рұқ-сатынсыз нәпіл ораза ұстай алмайды және үйіне бөтен адамды кіргізбеуі тиіс.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Күйеуі жанында бола тұрып әйелдің Рамазан айынан тыс уақытта ерінің рұқсатынсыз ораза ұстауына, үйіне бөтен адамды кіргізуіне, малын жұмсауға болмайды», – деген (Бұхари). Исламда отбасылық өмірдегі жұбайлардың шариғат белгілеп берген ақылары нәпіл ғибадаттардан жоғары тұрады. Бұл жайтқа мұсылман бауырларымыз амал етулері керек.
2. Әйел кісі үзірлі (мәжбүрлі) жағдайы болмаса, күйеуінің шақыруынан бас тартпауы тиіс. «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, бұл да әйел кісінің күйеуі алдындағы жұбайлық міндеті болып табылады. Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ері төсекке шақырған уақытта келуден бас тартқан әйелге періштелер таң атқанға дейін лағынет айтады», – деген.
3. Әйелдің күйеуіне бағынуы. Муьаз (р.а.) Шамнан келген уақытта пайғамбарымызға (с.а.у.) сәжде етті. Мұны көрген пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Муьаз! Мұның не?», – деп сұрады. Ол: «Мен Шамға барғанымда ондағы адамдардың өздерінің епископ пен ақсүйектеріне сәжде ететіндерін көріп, біз де Сізге солай сәжде етуімізді оң көрдім», – деп жауап берді. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олай істемеңдер. Мен адамның адамға құрметпен бойұсыну белгісі ретінде сәжде етуді бұйырар болсам, ең алдымен әйелдің өз еріне сәжде етуін бұйыратын едім. Әйелдің ері осыған лайық. Мұхаммедтің билігі қолында болған Алланың атымен ант етемін. Тіпті ері жаныңды бер деп талап ететін болса да, әйел өз еріне қатысты міндетін өтемейінше, Раббысының алдында міндетін өтемеген болады», – деген.
Ер адам – үйдің отағасы. Егер жұбайы күйеуіне бойұсынса, перзенттері де әкесінің тілін алатын, үлгілі болмай ма? Осыдан кейін отбасында сыйластық, ата-ананың балаға деген, бала-шағаның ата-анаға деген сүйіспеншілігі артып, шаңырақта береке бірлік орнайды.
Әйелдің күйеуінің алдындағы әдептері
1. Мұсылман әйел Алла тағаланың бұйрығына қарсы кел-мейтін барлық жағдайда күйеуін тыңдауы керек. Умму Саламадан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қайсыбір әйел жан тапсырып, тірі кезінде күйеуі оған разы болған болса, ол әйел жәннатқа кіреді», – делінген (Термизи, әл-Хәким).
2. Барға қанағат ету. «Қанағат қарын тойғызар» дейді емес пе?! Жақсылыққа жаны жақын жұбайлар күйеулері кәсіп етуге үйден шығып бара жатқанда: «Алла тағала харам еткен кәсіптен аулақ бол. Алладан қорқыңыз! Біз аштық пен шөлге шыдай аламыз, бірақ тозақ отына шыдай алмаймыз», – деп айтады.
3. Күйеуіне ықыласпен қызмет ету. Жаъфари Садық: «Бір әйел өзінің күйеуіне жеті күн қызмет етсе, Алла тағала ол үшін тозақтың жеті қақпасын жауып, жәннаттың сегіз есігін ашады», – деген.
4. Күйеуін жаман іс-әрекет-терден тыю, күнәға бой алды-руына себеп болмау. Керісінше, игі де сауапты істерді істеуіне көмектесу. Мұндай жұбайларды пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Мүмін пенде үшін Аллаға иман келтіргеннен кейінгі ең жақсы нәрсе – салиқалы әйелінің Алла тағаланың әмірін орындауда жәрдемдескенін көргенде қуа-нуы», – деп мақтайды.
5. Күйеуі қайғырып отырғанда қуанып, қуанып отырғанда қабағын шытып отырмауы тиіс. Күйеуін сабырға шақырып, қайғысын жеңілдетуге тырысуы қажет.
6. Күйеуінің ең сенімді адамы болып, үй жұмыстарын тәртіпке салып отырғаны абзал. Оның жасап жатқан игі істеріне құрметпен қарап, қонағын жақсылап күтіп, жұмыстарын есіне салып, уақытын үнемдеуге көмектесіп отырады.
7. Күйеуімен сөйлескенде жылы-жылы, әдемі сөздерді айтып, өзін әдемі, таза етіп ұстауы тиіс. Өйткені, бұл жағдай ер адамның көңілін көтеріп, жүрегіне қуаныш сыйлайды.
8. Ата-енесінің, оның туған-туыстарының абыройларын төкпей, күйеуінің дүние-мүлкін сақтай білуі қажет.

2 пікір