Пайғамбарымыз (с.а.у.) неге Әзіреті Әлиге: «топырақтың әкесі» деп айтты?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) неге Әзіреті Әлиге: «топырақтың әкесі» деп айтты?
3 жыл бұрын 9620
А. Қасым

Сахаба Сәһл ибн Сәъд (радиаллаһу анһума) былай деп әңгімелейді:

جَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْتَ فَاطِمَةَ فَلَمْ يَجِدْ عَلِيًّا فِي البَيْتِ

«Алла елшісі (саллалаһу алейһи уә сәлләм) қызы Фатиманың (р.а.) үйіне келді. Үйден Әлиді таппаған Ол (с.а.у.), қызы Фатимадан:

 فَقَالَ : أَيْنَ ابْنُ عَمِّكِ ؟ 

- Көкеңнің ұлы қайда?» - деп сұрады.

Қызы Фатима: 

قَالَتْ : كَانَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ شَيْءٌ ، فَغَاضَبَنِي ، فَخَرَجَ ، فَلَمْ يَقِلْ عِنْدِي

- Екеуміздің арамызда бір нәрсе болып (арамызда келіспеушілік туындап), бір-бірімізге ашуландық. Артынан ол шығып кетті. Түскі уақытты менде өткізбеді (түсте үйде болмады), - деп жауап берді.

فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِإِنْسَانٍ : انْظُرْ أَيْنَ هُوَ ؟

Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қасындағы адамға: «Барып қарашы, қайда екен?» деп айтады.

فَجَاءَ فَقَالَ : يَا رَسُولَ اللَّهِ ، هُوَ فِي المَسْجِدِ رَاقِدٌ ،

Ол келіп:

«Уа, Расулаллаһ! Ол мешітте екен, ұйықтап жатыр» - деп хабар береді.

فَجَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ مُضْطَجِعٌ ، قَدْ سَقَطَ رِدَاؤُهُ عَنْ شِقِّهِ ، وَأَصَابَهُ تُرَابٌ ،

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мешітке келсе, Әзіреті Әли жатыр екен. Денесінің бір жанынан (арқа тұсы) көйлегі түсіп, ол жеріне (арқасына) топырақ жұғыпты.

فَجَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَمْسَحُهُ عَنْهُ ، وَيَقُولُ:

Алла елшісі Әлидің арқасындағы топырақты қолымен сүртіп жатып:

 قُمْ أَبَا تُرَابٍ ، قُمْ أَبَا تُرَابٍ

- Тұр, топырақтың әкесі! Тұр, топырақтың әкесі! - деп (денесі топырақ-топырақ болғанына қарай қалжындап) айтты» - дейді сахаба. ("Сахих Бұхари", "Сахих Мүслім").

Содан бастап Әзіреті Әли үшін "Әбу түраб", яғни, "топырақтың әкесі" деген лақап аттан артық есім болмады. Ол өзін солай шақырылуын қатты ұнататын.

Хадистен алынар тағылым:

  • Әлдекімнің көңілін аулау мақсатында жеңіл-желпі қалжындаудың күнә еместігі.
  • Түскі ұйқының ұнамды іс екендігі (қайлүлә).
  • Мешітте ұйықтау. Мешітте ұйықтаудың үкімі Ханафи мәзхабында мәкруһ саналған. Ал жоғарыдағы хадисті Ханафи ғалымдары «мәжбүр» жағдайға жатқызады, мысалы, барар жері болмай, мешітті паналауға мәжбүр болса, иътикәфқа ниет етсе т.б. Сондай-ақ, Мәлики мәзхабында да мешітте ұйықтау – құпталмайтын әрекет. Бұған қатысты Имам  Мәліктің: «Қонатын жері бар әлдекімнің мешітке келіп түнеуін жақсы көрмеймін» - деген сөзі деректерде келтірілген. Өзге мәзхаб ғалымдары мешітте ұйықтауға рұқсат дейді[1].

[1] Мұхаммед Хамза Қасым: «Мәнәруль Қари». (198) 238 хадис түсіндірмесі. 

А. Қасым
0 пікір