Аллаға иман (өлең)
Аллаға иман (өлең)
3 жыл бұрын 4415

 

Аллаға иман -
Ашады айқын сарайды.
Нұрланып жүрек, жаныңа сәуле тарайды.
Шайтанның салған шытырман торы үзіліп,
Рухыңа сыйлар Аллаһтан келген арайды.

Аллаға иман -
Көңілге шипа күрсінген,
Иманмен бірге тәніңе енер тылсым ем.
Алласыз жүрек-шіріген жеміс тәрізді,
Шырыны солып, топырақ татып, күл сіңген.

Мінсең де мейлі,
Патша боп дүркін жүз таққа,
Иманың ғана жеткізер сені ұшпаққа.
Жаһаннамдағы жалынды жаның құшпақ па?
Имансыздарды Тәңірің салар қыспаққа.

Лаулаған оттан
Шырқырап жаның құтылмай,
Заққұмдай ағаш, ыстық кен ішке жұтылмай
Алғайсың еске ақиқат күннің келерін
Тұғырда аман, тұрғанда күнің тұтылмай.

Келері даусыз
Ұлы бір күннің...Бұл - анық,
Өлі мен тірі қабірден шығар құралып.
Ақиқат таңын ашады Алла әлемге,
Күмән мен күнәң екшеуден өтер сұралып.

Аллаға қарсы
Бағзыдан шайтан тұр анық,
Сенімде туған сәуледен секем сыр алып.
Санаға сеуіп азғындық ойдың ұрығын,
Сайқалдай басып сылқ-сылқ күлер бұралып.

Аллаға иман-
Шайтанның үзер өрнегін,
Көкейде сөнер күлімсі қапқан кермек үн,
Қорегі мәңгі асқақ рухыңның– нұр, иман,
Өзгеге әсте төріңді бір сәт бермегін!

Меруерт Бақдәулетқызы, Өскемен қаласы.

0 пікір