Пайғамбарымыз (с.а.у.) спортпен айналысқан ба?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) спортпен айналысқан ба?
5 жыл бұрын 3549
Құдайберді БАҒАШАР

Пайғамбарымыз жайлы айтылған хабарларда оның оқ ату, атқа шабумен қатар жүруді де насихаттағаны айтылады. Осы насихатқа орай сахабалар жүруге қатты мән берген. Хазірет Омар (р.а.) былай деген: «Балаларыңа жүзуді, атқа шабуды үйретіңдер және белгіленген қашықтық арасында жалаң аяқ жүруді әмір етіңдер». Жүру де − дене шынықтыру жаттығуларының бірі. Жаяу жүру, жүгіру және т.б. көптеген бірқалыпты орта деңгейде орындалатын дене қозғалыстары арқылы әртүрлі бұлшық еттер жұмыс істеп, белгілі мерзім аралығында олардың босаңсуына жол ашылады. Ал бұл мидың ұзақ уақыт жақсы қызмет істеуіне әсер етеді.

Жүгіру жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ара қашықтыққа жүгірген адамның әрбір қадамында жақсылық бар». Өзінің Айша анамызбен (р.а.) екі рет жарысқаны, біріншісінде хазірет Айшаның (р.а.), екіншісінде Пайғамбарымыздың озып кеткені айтылады (1). Сахаба Абдуллаһ ибн Омардың қашықтыққа өте тез жүгіретіні, мәреге жеткенде «Міне, келдім! Міне, келдім!» – деп қуанғаны баяндалады. Пайғамбарымыздың және сахабалардың реті келгенде қашықтыққа жүгіргендерін, осылайша дене шынықтыруға көңіл бөлгендерін айтуға болады.

Осы айтылғандармен қатар дене шынықтыру мақсатымен басқа да жаттығуларды балаларға орындату, күнделікті әдетіне айналдыру тәрбие тұрғысынан қажет. Себебі, мұғалімнің немесе жаттықтырушының басшылығымен күнбе күн дене шынықтырумен шұғылданып жүрген жасөспірім тек қана денсаулығын жетілдіріп қоймайды, сонымен қатар адамгершілік рухта тәрбиеленеді. Кездескен қиыншылықтың қандайын болса да жеңіп шығуға дағдыланады, бойында жағымды мінез-құлық қалыптасады. Коллективте қатаң тәртіп сақтау ережелерін орындау дағдысына, жоғары мәдениеттілікке тәрбиеленеді. Олардың алдына нақтылы міндеттер қойып, осыны толық орындап шығу үшін ерінбей еңбек етіп, күш-жігерлерін жұмсау қажеттілігін ескерту тиімді. Бұл − баланың белсенділігін арттырып, оларды іске жұмылдырады. Күш, шапшаңдық, төзімділік, ептілік, табандылық және тәртіптілік көрсетуге байланысты әртүрлі еркін бұлшық ет қимылдарын жасау үшін өзінің дене күші мен ой- өрісі қабілеттілігін арттыра түседі. Аңғарғыштығы, ептілік қасиеттері жетіле береді.

Дене шынықтыру жаттығуларының нәтижесінде, әдетте, адамның дене құрылысы да жақсарып, сұлуланып, келбетті болып келеді және түрлі жаттығуларды көп күш салмай, еркін, табиғи, әдемі, сұлу жасау қабілеттілігі дамиды.

Дене шынығу жаттығулары баланың денсаулығын нығайтып, денесінің дұрыс өсуіне ықпал етеді және оларды өмірге аса қажетті күштілік, жылдамдық, төзімділік, шапшаңдық, тәртіптілік, ұқыптылық, жігерлілік, батырлық, табандылық, шешімділік және т.б. қасиеттерге тәрбиелейді. Сонымен қатар жолдастық сезім, тапсырған іске жауаптылық, намысты қорғау сезімі өршіп нығаяды.

Шынықпаған, әуектетілген нәзік бала суық тиіп жиі ауырады. Қимылына, қозғалысына тежеу болған бала жақсы жетілмейді. Әсіресе, оның қимыл үйлесімі ойдағыдай болмайды. Жиі жығылып, тізесін, шынтағын жаралап алады. Бала аз қимылдаудың салдарынан тамақты да көп қажет етпейді. Тәбеті нашарлайды. Осындай тәрбиенің салдарынан бала көбінесе жүдеу, ауырғыш, өзімшіл болып келеді. Осындай кемшіліктің алдын алу үшін бір мұсылман ғұламасының айтқанындай: «Әке баласына дінді танытуы, Құран оқып, жаза білуін, тіпті, атқа мінуді, суға жүзуді, заманына сай өзін-өзі қорғай білуін де үйретуі тиіс. Баланың ақыл, ой, күш-жігерін тек жекпе-жек спорт түрімен ғана шектеп қоймай, өмірі мен денсаулығына және ертеңі үшін пайдалы спорттың өзге де түрлерімен шұғылдануына жағдай тудыруымыз керек».

1. Әбу Дәуд, Жиһад, 68.

 
0 пікір