Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төсегі мен тынығу әдебі және тазалығы
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төсегі мен тынығу әдебі және тазалығы
3 жыл бұрын 8139

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсалләм) төсегі кейде ішіне құрма жапырақтары толтырылған теріден болатын. Кейде екі бүктелген жамылғыш пен мата, алаша, кейде қарапайым бір төсек болатын. Құрғақ топыраққа жатқан кезі де болған. Жастығының тысы тері, іші құрма талшықтарына толы болатын. Хазіреті Хафса (радиаллаһу анһа) айтады: «Бір рет Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы жатуы үшін матаны төрт бүктеп салып бердім, бірақ Ол оның жайлылығы үшін жасаған ісіме (болмайтын бір нәрсеге көп мән бердің дегендей) реніш білдірді[1].

Ал, басқа бір риуаятта Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) былай деген:

«Бір күні ансар ханымдарының біреуі маған келді. Аллаһ Расулінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) іші құрма талшықтарына толы төсегін көріп, біршама уақыттан кейін іші жүнге толы төсек жіберді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны көрген соң: «Бұл не?» - деп сұрады.

«Уа, Расулұллаһ! Ансардан пәленше деген әйел келді, ол сенің төсегіңді көрген соң, мынаны беріп жіберді», - дедім. Сол кезде Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

- «Ей, Айша! Мынаны қайтарып бер. Егер мен қалап, сұрасам, Аллаһ Тағала күміс пен алтын тауларын менің тілегім бойынша берер еді»[2], - деді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл Арабияны билеп тұрған кезінде үйінде кішкентай бір ағаш төсек пен су құятын торсықтан басқа ешнәрсесі болмаған.

Ұйықтайтын кезде әрқашан оң жағымен жатып, оң қолын оң жақ бетінің астына қойып жататын. Сапарда болған кезінде де осылай істейтін. Етбетінен жатқанды ұнатпайтын және сахабаларына да олай жатуға тыйым салған. «Бұл жатыс түрі - Аллаһ Тағаланың жақсы көрмейтін түрі», - дейтін[3].

Тазалыққа маңыз беруі

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең көп мән берген нәрселерінің бірі - тазалық.

Бір күні үсті-басы лас, кір-қожалақ бір адамды көріп: «Үсті-басыңды жумайсың ба?» - деп ұрысқан. Бір күні бір адам Оның алдына алқам-салқам киіммен барыпты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) одан: «Күн көру үшін ешқандай амалың жоқ па?» - деп сұрағанда, ол: «Бар!» - деп жауап қайтарады. Сонда Алла елшісі: «Аллаһтың нығметтеріне қол жеткізіпсің, олай болса, үстіңнен нығметтің әсері көрінсін», - деп бұйырған еді[4].

Қараңғылықтың әдеттерін қоя алмаған кейбір адамдар жерге түкіріп, тіпті, мешіттерде құлшылық ету кезінде де осы жаман қылықтарын істейтін. Тазалыққа ешқандай мән бермей, көшелерді, жолдарды, тіпті, саялы, көлеңкелі ағаштың астын да ластап, дәретті бұзатын еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай жаман қылықтардан қатты жиіркенетін еді. Бір күні осындай қылықты байқап қалып, қатты ашуланып, киелі жүзі қып-қызыл болып кеткен еді[5].

Оның ашуланғанын байқаған ансарлық бір әйел айналаны тазалап, Расулұллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ризалығын алған еді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шалғаш, пияз, сарымсақ және жуа секілді жаман иісті тағамдардың иісін жақтырмайтын. Осы сияқты нәрселерді жеген кісілердің мешітке кірмеулерін және көпшілікпен араласпауын сұрайтын еді.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мәжілістерінде (жиналыстарында) хош иісті шөптер түтетіліп, осылайша жамағаттың жақсы дем алуына көңіл бөлінетін еді. Жұма күні мешітке әдемі иістің себілуін бұйыратын еді.

Жаздың ыстық бір күні жұмысшылар мешітке жұмыс киімдерімен келген еді. Мешіт кішкентай болғандықтан ішінде жаман иіс мүңкіп кеткен соң, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жуынып келсеңіздер жақсы болар еді», - дейді[6].

Осыдан кейін жұма күндері жуынып тазалану сүннетке айналды. Сапарда болсын, өз елінде болсын тарақ, айна, мисуак (тіс тазалағыш ағаш), раушан майы, әтір, қайшы, сүрме секілді тазалық пен дәретхана жабдықтарын жанынан тастамайтын тұғын[7].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітін айнадай етіп, тазалап ұстайтын.

"Пайғамбарымыз (с.а.у.) және оның күнделікті іс-әрекеті"
атты кітаптан.


[1] Тирмизи, Шәмайл. б. 26137.
[2] Мәуахиби  Ләдуниия  ауд.  І,  571,  Бәйхақидан;  М.  Асым Көксал, Ислам Тарихы, XI, 153.
[3] Ахмет бин Ханбәл, I-том Пайғамбарымыз (с.а.у.) 388.38
[4] Әбу Дәуіт, Либас, 14.
[5] Нәсай, Мәсажид, 8.
[6] Асры Сағадат: II, 11.
[7] қар.  М.  Асым  Көксал: «Ислам  Тарихы»,  Стамбул  1980,  XI, 162. 

0 пікір