Құран оқып үйрену жайында
Құран оқып үйрену жайында
5 жыл бұрын 10344

Иманды жандарға ең қажетті көркем әдеп – балаларына Құран Кәрімді үйрету. Өйткені Құранмен өсіп жетілген ұрпақ, мәңгі ақірет өмірінде табысқа жету тұрғысынан көңіл әлемдерінің ең баға жетпес қазынасына ие болады. Өздері бағалы адамдарға айналумен қатар, ақіретте баға жетпес сыйларға кенеледі. Ондай адамдарды Алла Тағала жақсы көреді. Пайғамбар да бүкіл адамдар да жақсы көреді, тіпті бүкіл мақлұқат оған ерекше назармен қарайтын болады.

Осындай бақытқа жеткісі келетіндерге Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм бала тәрбиесі жайында былай дейді:

«Кім Құранды кішкентай кезінде оқып үйренсе, Құран оның еті мен қанына сіңеді»[1].

«Балаларыңды үш нәрсеге тәрбиелеңдер: Пайғамбарға сүйіспеншілік, Оның отбасына сүйіспеншілік және Құран оқу. Өйткені Құран хафыздары (қарилар) ешбір көлеңке болмайтын қиямет күнінде Пайғамбарлармен, асфиялармен (құтылғандармен) бірге Арштың көлеңкесінде болады»[2].

Бұл дәрежеге жеткен пенделер раушан гүліндей болып, айналасына аңқыған хош иіс пен жақсылық таратып тұрады. Олардың тілдері де бұлбұл сияқты сондай жағымды болып тұрады. Олардың оқыған Құранын Әзіреті Пайғамбар да тыңдай бастайды. «Асру саадат» дәуірі (Пайғамбар мен сахабалар кезеңі) көптеген осындай мысалдарға куә болды.

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд радияллаһу анһу айтады:

«Бірде Нәби (пағамбар) ғалейһиссәләм маған: «Ей, Ибн  Мәсъуд! Маған Құран оқып берші!» - деп бұйырды. Мен: «Уа, Расулалла! Құран Сізге уахи етілген болса, мен қалай Сізге оқып беремін?» - дедім. Ол (с.а.у.): «Мен басқалар оқыған Құранды тыңдағанды да жақсы көремін» - деді. Одан кейін «Ниса» сүресін оқи бастадым. Бір кезде:

«Әр үмметтен (өз пайғамбарларына) бір куәгер және сені де оларға куәгер етіп келтіргенімізде, олардың халі не болмақ?» деген аятқа келген кезімде Алла елшісі: «Жарар!» деп тоқтатты.  

Сол кезде қарасам, Алла елшісінің көздерінен інжу түйіршіктеріндей жас мөлтілдеп тамып отыр екен»[3].

Періштелер тыңдаған қари

Сахаби Усәйд ибн Хұдайр түндердің бірінде «Бақара» сүресін оқыды. Аты жанында байлаулы тұрған болатын. Сол сәтте аты үркіп, кісіней бастады. Үсәйд Құран оқуын доғарып еді, аты да кісінемей қалды. Қайта оқып еді, ат қайтадан мазасызданып, кісінеді. Үсәйд тоқтап еді, ат та тыныштала қалды. Дәл осы жағдай тағы да екі рет қайталанды. Ұлы Яхя аттың жақын маңайында жүрген болатын. Баласына аттың зияны тиіп кетпесін деп, баласын аттың жанынан алып, өзінің қасына отырғызды. Сол кезде басын жоғары көтеріп қараса, ішінде шамға ұқсайтын жарықтары бар бұлтқа ұқсайтын құбылыс көреді. Олар баяу көтеріле отырып, жай-жай көзден ғайып болып кетті. Таң атқан соң көргенін Алла елшісіне айтып берді. Алла елшісі оған:

«Олар сені тыңдауға келген періштелер болатын. Егер оқуды жалғастырғаныңда, таң атқанда оларды бәрі көретін еді, адамдардан жасырынбайтын еді», - деді[4]. 

Құрметті оқырман, Құран оқып үйренудің және мүмкін болса, Құранды түгел жаттап "Қари" болудың қаншалықты Алланың қасында деңгейі биік екендігін ұғынған боларсыз. Ендеше, сол мақсатта мүмкіндігіміз бен күшіміздің жеткенінше әрекет еткеніміз жөн екен. 

«Ықылас пен тақуалық» атты кітаптан.



[1] Кәнзүл Ъуммәл, І, 532.
[2] Мүнәуи, І, 226.
[3] Сахих Бұхари: « Тәфсир». 4/9; Сахих Мүслім: «Мусафирин», 247.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»: Фадаилуль Құран. 15.

0 пікір