Құрандағы отбасы дұғалары
Құрандағы отбасы дұғалары
8 жыл бұрын 55546
Алдаберген Үсен

Адамға дерт берген Алла сол дертке дауа боларлық нәрселерді де берген. Соның бірі – дұға. Жаратушы ие «Мүминун» сүресінде «Маған дұға етіңдер, дұғаларыңды қабыл алайын» деп бұйырған. Алайда, өкінішке қарай, қолымызды жайғанда көбіне қалай жалбарыну керектігін біле алмаймыз. Алайда бұл дұға етпеуге сылтау болмауы тиіс. Неге десеңіз, әр түйткілді мәселе үшін өзіне қол жаюды бізге бұйырған Ұлы Алла Құранда да кейбір дұғаларды бізге үйретуде. Ризық, молшылық, бақыт сұрау үшін оқуға болатын сүрелер не аяттар адам баласына көмекке келеді. Отбасы, бала- шаға, ауру секілді басқа да көптеген мәселе үшін Құрандағы аяттарды оқып, Алла Тағаладан көмек сұрауға болады. Қазіргі уақыттағы үлкен сынақтың бірі – отбасы болып отыр. Кейбірі бала-шағасына, енді бірі күйеуіне, тағы біреулер ата-анасына көңілі толмайды. Біз осы себепті Құран Кәрімдегі отбасылық өмірдің жақсылығы үшін оқуға болатын аяттарды өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

 

Отбасы өмірі үшін

«Уа, раббым! Мені және отбасымды олардың істеген лас ісінен құтқар» (Шұғара сүресі, 169).

 

Ата-ана үшін

«Раббымыз! Есеп берілетін күні мені, ата-анамды және сенетіндерді кешіре гөр!» (Ибраһим сүресі, 41).

«Раббым! Мені кішкентай кезімде қорғап өсіргеніндей Сен оларға аяушылықпен қарай гөр!» (Исра сүресі, 24).

«Уа, Раббым! Мені, маған және ата-анама берген нығметтерге шүкір етуге және разы болатын ізгі амалдар істеуге ынталандыр әрі мені рақымыңмен ізгі құлдарыңның арасына қос» (Нәміл сүресі, 27/19).

«Уа, Раббым! Мені, ата-анамды, иман етіп үйіме кіргендерді, иман еткен ер кісілерді, иман еткен әйел кісілерді кешір» (Нұһ сүресі, 28).

 

Балалы болу үшін

«Раббымыз! Бізді өзіңе мойынсұнатындардан ете гөр! Тегімізді де өзіңе бағынатын үмбет ет. Бізге ғибадат орындарын көрсет. Tәубамызды қабыл ете гөр! Өйткені сен тәубаларды көп қабыл етесің, өте мейірімдісің» (Бақара сүресі, 128-129).

«Раббым! Маған өзің таза ұрпақ нәсіп ете гөр! Дұғаны сенің лайықты түрде еститінің күмәнсіз» (Али-Имран сүресі, 38).

«Егер бізге жақсы әрі дені сау бала берсең, әлбетте, шүкір ететіндерден болатын едік» (Ағраф сүресі, 189).

«Мен Раббыма барамын. Ол маған жол көрсетеді. Уа, Раббым! Маған ізгілерден болатын бір бала бер!» (Саффат сүресі, 99-101).

«Көктер мен жердің мүлкі Алланыкі. Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді» (Шура сүресі, 42/49).

 

Әкесінің тура жолға түскенін қалағандарға

«Уа, Раббым! Маған хикмет бер және мені ізгі кісілердің арасына қос. Іле болашақта келетіндер арасында мені жақсы аталатындардан ете гөр! Мені Наим жәннатының мұрагерлерінен ете гөр! Әкемді де кешір! Өйткені ол расында жолынан жаңылғандар қатарында. Құлдарыңды тірілтетін күні мені ұялтпа! Сол күні байлық та, бала-шаға да еш пайда бермейді. Аллаға таза жүрекпен келгендер басқа. Жұмақ Аллаға қарсы келуден қорыққандарға жақындатылады» (Шұғара сүресі, 83-90).

 

Балаларымыздың игі ұрпақ болуы үшін

«Раббым! Қарнымдағы баланы өзіңе қызмет етуге арнадым. Менен қабыл ете гөр! Сенің толықтай естіп, толықтай білетінің күмәнсіз» (Али Имран сүресі, 35).

«Раббым! Осы қаланы сенімді ет, мені және ұлдарымды пұтқа табынудан алыс ұста» (Ибраһим сүресі, 45).

«Раббым! Мені намазын үзбейтін адам ете гөр! Ұрпағымнан да осындай кісілерді шығара гөр! Раббым, дұғамды қабыл ете гөр!» (Ибраһим сүресі, 40).

«Уа, Раббым! Жұбайларымыз бен балаларымызды бізге көзайым ет және бізді Аллаға қарсы келуге тартынғандарға жолбасшы ет» (Фурқан сүресі, 74).

 

Ризық-несібе үшін

«Уа, Раббым! Мені кешір. Маған менен кейін ешкімге лайық болмайтын мүлік бер. Сенің молынан жарылқайтының күмәнсіз» (Сағыд сүресі, 38/35)

«Алла қалағанына есепсіз ризық береді» (Бақара сүресі, 212).

«Алла ризықты азайтып, молайтады. Тек өзіне қайтарыласыңдар (Бақара сүресі, 212).

«Уа, мүлік иесі Аллам! Сен қалағаныңа мүлік бересің. Қалағаныңнан мүлікті алып қоясың. Қалағаныңды қадірлі етесің, қалағаныңды қор етесің. Жақсылық сенің қолыңда. Барлық нәрсеге лайықты түрде күшің жететіні күмәнсіз. Түнді күндізге ұластырасың, күндізді түнге ұластырасың. Өліден тіріні шығарасың, тіріден өліні шығарасың. Қалағаныңа есепсіз ризық бересің» (Али Имран сүресі, 26-27).

«Уа, Аллам! Уа, раббымыз! Бізге көктен бір дастархан түсірші, бізден бұрын келгендерге және бізден кейін келетіндер үшін мереке әрі сенен бір мұғжиза болсын! Бізді ризықтандыр. Сен ризық беретіндердің ең қайырлысысың» (Маида сүресі, 114).

2 пікір