Сәбиге неге алғаш құрмадан дәм татырған?
Сәбиге неге алғаш құрмадан дәм татырған?
8 жыл бұрын 13566
Алдаберген Үсен

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты ғасырда сәби дүниеге келсе, анасы емізбей тұрып нәрестені пайғамбарымызға әкелетін. Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) сәбиге дұға етіп, артынан тахник жасайтын.

Өмірге іңгәлап жаңа келген сәби үшін жасалатын діни міндеттерді еске алайық. Жақсы ат қою, ат қоярда азан шақыру, дұға ету. Алғаш ойымызға оралатындар осылар. Бұларға енді тахникті қосайық. Сонда барып пайғамбарлар мырзасының (алайһис салам) сүннетін толықтыра түсеміз. Біз сөз етіп отырған тахник деген не? «Тахник» жаңа туған сәбидің таңдайына анасының сүтін бермей тұрып құрмадан дәм татыру деген сөз. Басқаша айқанда, дүниелік дәмдер қатарында алғаш рет құрмамен танысуды білдіреді. Бақытта ғасырда бір сәби дүниеге келсе, анасы емізбей тұрып нәрестені алдымен әлемге рақым нұры болып келген пайғамбарымызға әкелетін. Ол кісі сәбиге дұға оқып, артынан тахник жасайтын.

Өздеріңіз де білетіндей, жаңа туған нәрестенің аузында зиянды я пайдалы ешқандай бактерия болмайды. Тіпті үш айға дейін ауыздарында анау-мынау бактерия кездесе бермейді. Пайғамбар медицинасын зерттеп жүрген док. А. Майда мәселенің физиологиялық қырын түсіндіруде. Майда мейірім пайғамбарымыз (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) жаңа туған сәбидің аузында қорғаушы микроорганизмдер қалыптасуы үшін осы әрекетке жүгінген болуы мүмкін деген пікірде. Тіпті дәм сезу сезімі де осы кезде басталады. Жұту рефлексі үшін де тахниктің маңызды екендігін айтқан дұрыс.

 

Аңсарлардың құрманы жақсы көруі

«Неге анасының сүтінен гөрі құрманы дұрыс көрген?» деп ойлауыңыз мүмкін. Дереу түсіндіре кетейік. Құрма бастапқыда ана сүтінде жоқ амино қышқылын қуаттандырады. Жаңа туған сәби осы негізде қуатының үлкен бөлігін құрмадан алуы мүмкін. Әз елшінің тахникті қалай жасағанын хазірет Әбу Бәкірдің қызы Әсма анамыз былай деп әңгімелеген: «Жүктілігімнің соңғы айында хижрет ниетімен Меккеден Мәдинаға келгенде, Құбаға тоқтадым. Абдулланы сонда босандым. Сөйттім де оны Пайғамбарымызға (алайһис салату уә сәлләм) әкелдім. Ол кісі сәбиді құшағына алып құрма сұрады. Құрманы шайнап, баланың аузына салды. Сәбидің алғашқы татқан дәмі осы болды. Содан кейін шайнаған құрмадан алып баланың таңдайына жақты. Артынан дұға оқып, береке-бақыт тіледі».

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) өз немерелері хазірет Хасан мен хазірет Хұсейінге де тахник жасағаны айтылады. Мәдинаның ажуа құрмасын аузына алып, Зәмзәм суына шылап, жұмсартып барып оларға беретін.

Хазірет Әнас ибн Малик болса, тахниктің басқа бір мысалын риуаят еткен. Анасы Үмму Сүләйм ұл баланы дүниеге әкеледі. Сәбиді баласына беріп тұрып: «Әй, Әнас! Мына сәбиді ешкім емізуші болмасын, сен оны тіке Расулаллаға апар!» дейді. Әнас ибн Малик бауырын Пайғамбарымызға әкеледі. «Босанған Үмму Сүләйм ба?» деп сұраған Расулалла (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм) Mәдинаның ажуа құрмасынан бір құрма алдырады. Оны аузына алып жақсылап шайнағаннан кейін сәбиге дәм татырады. Сәбидің тілімен ернін қайта-қайта жалай бастағанын көрген Расулалла жанындағыларға «Аңсарлар (мәдиналықтар) құрманы қалай жақсы көреді, көрдіңдер ме?» - деп әзілдейді.

Taхниктің мағынасы құрманы ауызға алып шайнау дегенді білдірсе де, оның рухани жағы анағұрлым салмақ басқан. Ғалым Бадраддин әл-Айнидың айтуынша, құрмамен қоректену баланың иманды болуын қалау әрі Алладан жақсылық күтудің белгісі. Өйткені ардақты елші құрма мен мүминнің арасында ұқсастық барын анықтаған. Құрманың дәнегінің де пайдалы екендігі иманды жанның қоғамға барынша пайдалы болуы керектігін ұқтырады. Ғалым осы тұрғыдан жаңа туған сәбиге дұға оқып, құрма берілуі оның жан мен тән саулығы үшін жасалған іс жүзіндегі дұға деп санайды. Бұдан салиқалы, ізгі жанның араласуымен мінез-құлықты қалыптастыруға алғашқы қадам жасалғанын да байқаймыз. Өңештен өткен алғашқы дәмнің адал болуы кейін адал құл болып, адал өмір сүруіне деген тілектестікті де білдіреді.

 

Тахникті кімдер жасайды?

Тахниктің рухани жағын назарда ұстай отырып, сүннетке сай өмір сүрген аузы дуалы жандардың осы міндетті атқарғаны мақұлданған. Екінші жағынан тістері таза, тамақ бездері қабынбаған, аузында қандай да бір кеселі жоқ адамның құрманы қатты шайнамастан сәл ғана дымқылдап таңдайға жағуы жеткілікті. Бұған кейде Зәмзәм суын да қолдануға болады. Taхникпен бірге сәбиге жақсы дұға оқып, бата беріп, атын қою да сүннет болып табылады.

0 пікір