Сүннет бойынша балаларды неге баулыған жөн?
Сүннет бойынша балаларды неге баулыған жөн?
7 жыл бұрын 5573
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Егер ата-ана баласын имансыз, ибасыз, дөрекі, әдептен ада етіп өсірген болса, өз жеке басының алдында, содан соң халқының, елінің жұртының алдында және бәрінен қиыны Ұлы Алла тағаланың алдында жауап береді.

Адамзат баласының төресі пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.а.у.) алтыннан қымбат хадистерінің бірінде былай делінеді:

حَقُّ الوَلَدِ عَلَى وَالِدِهِ أن يُعلِّمَه الكِتَابة ، والسِّبَاحَة ، والرِّمَايَة ، وأنْ لا يَرزُقَه إلاَّ طَيِّباً

«Әкесі баласына жазуды, жүзуді, садақ атуды үйретуге және оны тек қана адал тағаммен асырауға міндетті».

Бұл хадисті бүгінгі дәуір тұрғысынан қарастыратын болсақ, мынадай тұжырымдарға келуімізге болады: жазуды үйрету дегенді Құранды үйрету, дінді үйрету, кітап оқуды үйрету деп ұғынған жөн. Бұл, мұсылман адам жан-жақты сауатты болуы керек дегенді білдіреді. Қазіргі кезде балалар Құранды оқып үйренуді былай қойғанда, руханиятты байытатын жай әдебиеттердің өзін оқымайтын күйге душар болды. Демек, ата-аналар бұл іске селқостық, немкеттілік танытуда деген сөз. Жүзуді үйрету мәселесін бүгінгі заманмен астарластыратын болсақ, баланың келешегі үшін қажетті спорт түрлеріне баулу деп ұғынуымыз керек. Күрес, атқа міну, футбол, жүгіру секілді спорт түрлері баланың тәні сау болып өсуіне қажетті факторлар. Олай болса, балаларымызды көшелерде мақсатсыз, бағытсыз, әйтеуір уақыт өткізу үшін бос селтеңдеуін осы спорт түрлеріне баулумен ауыстырған жөн. Ал енді садақ ату пайғамбарымыздың кезінде дұшпаннан қорғанудың бір жолы болған. Бүгінгі заманға сай дұшпаннан қорғанудың кейбір түрлерін жігіт адамның білгені артық болмас деген сөз.

Бұлар ұл баланың денесін шынықтырады, батырлыққа, шыдамдылыққа, ептілікке жаттықтырады. Мұндай тәрбиемен өскен баланың бойында жастайынан ер жігітке тән мінез қалыптасады. Ал қыз баланы үй шаруасына, балаға қарауға үйрету мақсатымен осы тектес ойындарға тарту қажет.

Аталмыш хадисте баланы тек қана халал, таза, жақсы тағаммен асырау мәселесі ерекше аталған. Олай болса, баланың ішіп-жемін Алланың рұқсат берген адал азықтарымен қамтамасыз ету әкенің - басты міндеттерінің бірі. Бұл біріншіден, Алланың алдында сұралатын міндет болса, екіншіден, адамның әрбір ішіп-жегені оның мінезіне, жүріп тұруына, жалпы өмір тіршілігіне тікелей әсер ететінін ата-ана анық білуі керек. Дүкеннен азық-түлік сатып аларда ең алдымен оның адалдығы мен тазалығына және оған адам ағзасына зиянды элементтердің қосылмағандығына баса назар аударуымыз қажет.

Иә, перзенттеріміздің жақсылығы да, жамандығы да бізге қайтатынын естен шығармауымыз керек. Атақты имам Зейнел Абидин бір күні әрбір ата-ана жөнінен сұралатынын айтқан. Өзі де балалары жайлы:

اللهم اعني على تربيتهم وتاديبهم وبرهم واجعل ذلك خيرا لي ولهم

«Уа, Алла тағалам, маған олардың тәрбиесі мен әдебі және оларға жақсылық жағынан маған жәрдем бер! Және мұны мен үшін де, олар үшін де қайырлы ете гөр!» деп дұға еткен. Олай болса, балаларымыздан: «Ата-анаң саған мынаны-мынаны үйретті ме?» – деп сұралады. Сол шақта жерге қарап қалмаудың қамын осы дүниеде жасауымыз керек. Сөздің соңын мына бір оқиғамен байланыстырайық:

Алла елшісі өмірінің соңғы күндерінде жамағатты жинап қоштасу құтбасын айтты. Сонда олардан: «Ертең сіздерден мен жайлы сұрайды. Не айтасыздар? Мен Алланың дінін сіздерге жеткізе алдым ба, тиісінше түсіндіре алдым ба?» - деп сұрады. Тұс-тұстан «Әрине, біз барлығымыз да бірауыздан сенің өз міндетіңді абыроймен атқарғаныңа куәлік етеміз» деген дауыстар естіліп жатты. Пайғамбарымыздың нұрлы жүзінен көңілінің орныққаны байқалғандай болды. Ол сұқ саусағын аспанға көтеріп «Алла тағалам, куә бол! Алла тағалам, куә бол! Алла тағалам, куә бол!» деп үш рет қайталады.

Мінеки, Алла елшісі бүкіл жамағаттан өз міндеті жайлы сұрап отыр. Ал біз енді тым болмаса, өз перзенттерімізге қатысты міндеттерімізді орындап жүрміз бе? Үлкен уайымымыздың бірі осы болуы тиіс. 

1 пікір