Әлеуметтік дарвинизм
Әлеуметтік дарвинизм
2 жыл бұрын 2182
Құдайберді Бағашар

Еуропа пәлсапасындағы әлеуметтік және мәдени эволюция теориясы ағартушылық дәуірде пайда болды. ХVІІ ғасырдың өзінде-ақ Томас Гоббс әлеуметтік даривинизмнің негізін қалады. Ол: «адам өмірі жан-жануарлардың тіршілігіне ұқсас» деді. Яғни, өмір сүру - азулы, күштіге ғана тән. Қырқыс - қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі. 

1798 жылы шыққан «Тұрғын халықтардың заңдары жайлы тәжірибе» атты кітабында болашақта адамзат саны артып, аштық болатындығын, кедейлер қырылып, байлар ғана аман қалатындығын, т.б. «Мальтузиан апаты» төнетіндігін жазды. 

Томас Роберт Мальтус (1766-1834) қоғамдағы әлсіздер - кедейлер деп ұқты. Оларды азайту үшін көбеюіне тыйым салу керек деген пікірді жақтады. Осы бастамамен кедейлерге арнайы жұмыс үйлері ұйымдастырылып, онда түрмедегі секілді әйелдер мен еркектер екі бөлек ұсталды. Бұл олардың жұптасып көбеймеулерінің алдын алған түрі еді. 

Мальтус өлгеннен кейін араға 30 жыл салып, ағылшындар кедейлердің де қоғамға керек екендігін түсінді. Өйткені, мемлекет ретінде көркейіп даму үшін миллиондаған арзан жұмысшы күші қажет болды. Мальтус көзқарасының адамгершілікті жақтайтын гуманизмге үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны, қайта құлиеленушілікке ұқсас, таптық алалаушылық екендігі осыдан-ақ белгілі болды. 

Еуропа пәлсапасындағы әлеуметтік және мәдени эволюция теориясы ағартушылық дәуірде пайда болды. ХVІІ ғасырдың өзінде-ақ Томас Гоббс әлеуметтік дарвинизмнің негізін қалады. Ол: «адам өмірі жан-жануарлардың тіршілігіне ұқсас» деді. Яғни, өмір сүру - азулы, күштіге ғана тән. Қырқыс - қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі. 1798 жылы шыққан «Тұрғын халықтардың заңдары жайлы тәжірибе» атты кітабында болашақта адамзат саны артып, аштық болатындығын, кедейлер қырылып, байлар ғана аман қалатындығын, т.б. «Мальтузиан апаты» төнетіндігін жазды. 

Дарвин - нәсілшіл теоретик 

Мальтусты жаратпай тастағаннан кейін идеологтар әлеуметтік теңсіздікке жаңаша негіз іздей бастады. Таңдаулы нәсіл ғана өмір сүруі керек деген теорияны жақтауға енді Чарльз Дарвин шақырылды. Оның теориясының табиғи-ғылыми жағы жақсы танымал болып қалған еді. 

Дарвиннің пікірінше, жан-жануарлардың күштілері қалып, әлсіздері жойылып отырады. Адам да - дамыған жануар. Өзара қырқыс нәтижесінде күштілері жеңіп, әлсіздерінің құруы табиғи нәрсе.
Осы тұста Дарвиннің жақын туысы, ағылшын психологы Фрэнсис Гэлтон (1822-1911) Дарвинның эволюциясына негіздеп «Евгеника» (грек сөзі, eugenes - асыл тұқымды) деген теория ұсынды. Ол қолдан асыл тұқымдандырылған мал сияқты түрлі тәсілдермен адамды да қолдан текті, анағұрлым дарынды етуді көздеді. 

Әлеуметтік дарвиншілдер 

Әлеуметтік дарвинизм идеясын жақтаған белсенділердің бірі - Герберт Спенсер. Ол «Күштілер ғана өмір сүреді!» (survival of the fittest) идеясын таратты. Ол өзінің «Прогресс: оның заңдары мен себептері» және «Басталу негіздері» (1860) еңбектерінде әлеуметтік даму жайында жаңаша түсініктер енгізді. Спенсер: «Табиғаттың әмбебап заңы: өмір сүру жанталасында қабілеті аз тіршілік иесі өлуі тиіс!» (the universal law of Nature - a law that a creature not energetic enough to maintain itself must die) деді. 

Қоғамдағы теңсіздікті құптаған әрі мемлекеттің экономикаға араласқанына қарсы шыққан Уильям Самнерді, сондай-ақ, танымал американдық әлеуметтанушы әрі реформашы Албион Смолланы, Густав Ратценхофер және т.б.-ды әлеуметтік дарвиншілдер қатарында атауға болады. 

Әлеуметтік дарвинизмнің тұйыққа тірелуі 

Әлеуметтік дарвинизм «қоғамдық өмірді табиғи іріктелу, өмір сүру үшін күрес, қоғам дамуы үшін қақтығыс керек» деген секілді биологиялық үрдістер шеңберінде қарастырды. Ал, шындап келгенде, өмір қырқыс па? Күштілер ғана тірі қалып, әлсіздер жойылып кетіп жатыр ма? Егер бұл құбылыс жан-жануарлардан бастау алды десе, қайда ежелгі алып динозаврлар? Нағыз күш иесі солар емес пе еді? Керісінше, бүгінгі күні тіршілік етіп жатқан әлсіз жануарлар мыңдап саналады. Шындап келгенде, өмір - әлсіздерді күштілер шайнап тастаған қырқыс емес, өзара селбесу, көмектесу. Айталық, тауық балапанын қорғап қалу үшін жыртқышқа өз жанын құрбан етуге даяр. Теңізде қоректенгеннен соң аузын ашып тұратын үлкен балықтар кездеседі. Ал, майда балықтар сол мезет ауызға кіріп, тістердің арасындағы еттерді тазалап қорек етеді. Демек, өмірде қырқыс емес, жәрдемдесу көп. 

Әлеуметтік дарвинизмнің шығуында лессеферизм мен капиталистік экономиканың негіздері жатыр. Бұл «теорияшылдар» адамды мынадай екі жолдың бірін таңдауға мәжбүрлейді: не малтып жағаға шық, не батып өл! Мұның астарында капиталистік экономика шарттарына бейімделе алмағандарды «төменгі сатыдағы адамдар» деген пасық пиғыл бар. 

Әлеуметтік дарвинизге түбегейлі қарсы шыққандардың бірі - Петр Куропоткин. Ол «Эволюцияның факторы ретінде өзара көмек» атты еңбегінде (1902) тірі табиғат пен адам қоғамында өмір сүру үшін қырқыстан гөрі өзара жәрдемдесудің басым екендігін дәлелдеді.
Әлеуметтік дарвинизм бара-бара нәсілшілдікке бой ұрды. Буржуазияның үстемдігі үшін сыртқы саясатта милитаризм мен империализмге есік ашты. Аболюционизмді (құлдыққа қарсы тұру) жақтамағандар әлеуметтік дарвинизмді өздерінің нәсілшілдік теорияларын түсіндіруде көбірек қолданды. 

Қолдан жан-жануарлардың асыл тұқымын көбейту секілді келе-келе адамның да ең жоғарғы текті нәсілін шығаруды мақсат еткен «Евгениканы» Алманияда Адольф Гитлер өз саясатына үшін қолданды. Ол «Таза қанды арийларды» елеп-екшеу үшін иаһудилер мен сығандарды жойып жіберудің бар амалдарын жасап бақты.

Асқынып келе жатқан Алманияның милитаристік әрекетін ақтау мақсатында ХХ ғасырдың басында әлеуметтік дарвинизмді алғаш іске асырғандар да осы неміс саясаткерлері мен ғалымдары болды. Герман армиясынан Фрэдрих вон Бернхарди «Алмания және алдымыздағы соғыс» атты еңбегінде эволюция терминдерін пайдалана отырып, соғыстың артықшылықтарын мадақтады. Дарвиннің «ең лайықты адам ғана өмір сүруге тиіс» деген пікіріне негіздеп, Бернхарди соғыстың да биологиялық қажеттілік екенін алға тартты. Оның ойынша, өсімдік пен жан-жануарларға жүргізген бір ғана зерттеу соғыстың ғаламдық табиғат заңы екендігін дәлелдеуге жеткілікті еді. Бернхардидің 1911 жылы жариялаған осы кітабы Алманияның ресми көзқарасына айналды. Араға тұп-тура үш жыл салып Алмания бірінші дүниежүзілік соғысқа қадам басты.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында да әлеуметтік дарвинизм Алманияда фашизмнің жақтаушысына, идеологиясына айналды. Фашизмнің түп негізі эволюция теориясына сүйенетіндігін Гитлердің өз баяндамаларынан, тіпті, «Менің күресім» атты кітабынан да аңғаруға болады. Фашизмді Италияда жайған Бенито Муссолини де өз кезегінде Дарвинизмнің ықпалынан шыға алмаған. Ол әлеуметтік ортада күш қолданудың пайдалы екендігіне арқа сүйеді. Баяндамаларында ылғи да Дарвиннің идеяларын ұрандаумен болды.

Әлеуметтік дарвинизм марксизмнен туындаған коммунизмге айтарлықтай ықпал еткен. Энгельс пен Маркс Дарвиннің «Түрлердің бастауы» атты кітабын қуана қабылдаған. Маркс 1860 жылы желтоқсанда Энгельске жазған хатында: «Бұл кітап - біздің көзқарастарымыздың табиғатта қолдау тапқандығы» десе, 1861 жылы қаңтар айындағы хатында: «Дарвиннің кітабы өте маңызды. Ол маған тарихтағы күрестің мәнін түсіндіруге жарайды» деп жазды. 

Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен ұлтшыл Алмания мен оның одақтастарының идеялары түгелімен сынға ұшырады. Әлеуметтік дарвинизм идеясы да қатаң сынға ұшырап, «жауыздық» деп бағаланды. Фашистер талқандалғаннан кейін-ақ бұл теория әшкереленіп, құрдымға кете бастады.

Қорыта келгенде, эволюцияның қай қырын жақтаған көзқарастардың барлығы да жандылардың пайда болуын табиғаттан іздеген ілімнен гөрі дарвинизмнің о бастан тарихи кезеңдегі ірі буржуазиялық өзгерістердің әсерінен туындаған жалған жорамал болғандығын көрсетуде. Әлеуметтік дарвинизм адамзат игілігіне жарамақ тұрмақ, нәсілшіл фашизмнің сойылын соғып, идеологиясына айналуымен тарих сахнасында масқара болды.

0 пікір