Алланы есіме салатын дос іздеймін...
Алланы есіме салатын дос іздеймін...
9 жыл бұрын 7896
Алдаберген Үсен

Өмірге келген адам баласының негізгі мақсаты – Алланы танып, құлшылығын атқаруы. Дегенмен қыз-қыз қайнаған өмірдің базары оның көңілін алаңдатады. Күнкөріс, бала-шаға асырау, оларды жеткізу, мал табу, жағдайды дұрыстау т.б. бұлардың барлығы да пенденің көзін тұмшалап, ойын шырмап, негізгі ақиқаттардан алыстата түседі. Барған сайын дүниеге салынған жан басқаның бәрін ұмытып, бар міндетім осы екен деп ойлайды. Ойыншыққа алданған бала секілді үлкендер де дүниеге алданады. Рас, тірі адам тіршілік істейді. Дегенмен, тіршілік деп жүріп өмірдегі негізгі шындықты ұмыту өкінішті-ақ.   

Ардақты Расулымыз (с.а.у.) бір өсиетінде Алланы еске салудың маңызына былай тоқталған: «Қарағанда Алланы еске салатын, біліміңді арттыратын, ақыретті еске салатын жан – ең жақсы дос». Хадисте Алланы еске салатын адам ең жанашыр дос ретінде бағаланған. Бұған қосымша, айтқан сөзі біліміңе білім қосатын, ақыретті ұмыттырмауы да қалыс қалмаған.  

Иә, пайғамбарымыздың өзі де отбасын асырап, тіршілігін жасады. Бірақ жүрегі әрдайым Жаратушыда болды. Ұмытпағандығы іс-әрекет, жүріс-тұрысынан, өн бойынан байқалатын. Пайғамбар бола тұра ақыретін уайым ететін. Аяғы іскенше намаз оқитын. Ұлы есеп күніне деген өзінің ішкі есебін нықтайтын. Оны көргендер Алланы еске алатын. Пәк жүзіне қарап, исламды қабылдаған кісілердің өмірі осыған куә.

Жоғарыдағы хадиске қарап, мынандай маңызды жайттарды ұғынамыз. Демек, отбасын асырау секілді басқа да тіршіліктер адамды негізгі міндетінен жаңылдырмауы тиіс. Әскерге барған сарбаздың негізгі міндетін ұмытып, күнкөрісін уайым етуі жөн бе? Сол секілді адам да өмірдегі негізгі міндетін ұмытпауы тиіс.

Алланы еске салу құлшылықпен байланысты. Құлшылығына мұқият қарайтын жандардың әрекеті басқалардың да есіне құлшылықты түсіретіні анық. Намаздарын уақтылы орындайтын жандар.

Ендеше, осы бір шындық бүгінгі қоғам үшін де өте маңызды. Жұрт өзіне қарағанда Алланы еске алатын адамдардың болуы өте маңызды. Мұсылманнан мүминнің дәрежесі биік тұрады десек, мүмин болудың бір ерекшелігі мәнді сөз, мағыналы іс-әрекетімен Алланы еске салатын адам болғандығында. Ол дін талабына сай үлгілі өмір сүре отырып, адамдардың қаперіне өмірдегі аса маңызды жайттарды салуы тиіс.

Мүмин мейлінше таза адам. Өн бойынан имандылығы байқалып тұрады. Пәктігі келбетінен байқалады. Өзінің іс-әрекет, сөзімен, сыртқы кескін-келбетімен де Алланы еске салады.

Рухани алыптардың бірі Жалаладдин Руми осы жағдайдың маңызды екенін білдіріп: «Өзіме дос іздеймін. Жаныма жақын жүретін, дертіме дауа болатын, мен үшін күйіп-пісетін, есіме Алланы салатын» дейді.   

Мүмин Алланы жиі еске алады. Өйткені жүрегі Алланы еске алғанда ғана тыныш табатынын біледі. Дінді түсіндіріп, Құранмен насихат айтып, жақсылықты дәріптеп, жамандықтан алыстатады, аяттардағы бұйрықтарды қаперге салады. Жұрттың Алланы ұмытпағанын қалайды, сондағы мақсаты Жаратушының разылығына бөлену ғана. Одан өзге мақсаты болмайды. Өзін тыңдаған жандардың да Құдайға сүйікті құл болуына себепкер болғысы келеді. Алланы еске салып, Құран тәрбиесін түсіндіру арқылы өзін және өзгелерді ақыреттегі мәңгілік бақытты табуға шақырады.

0 пікір