"Амалдар ниетке байланысты" дегенді қалай түсінеміз?
"Амалдар ниетке байланысты" дегенді қалай түсінеміз?
5 жыл бұрын 8080
Мұстафа әл-Бұға, Мухиддин Мисту

Мүміндердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (с.а.у.): «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты және, расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның елшісіне қарай қоныс аударса, ол Алла мен Оның елшісі үшін қоныс аударған (болып саналады), ал кім мал-дүние табу не бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)», – дегенін естідім», – деген.

Бұл хадисті хадис ілімі ғұламаларының әйгілісі Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бәрдизбаһ әл-Бұхари және Әбул-Хусейн Муслим ибн әл-Хажжаж ибн Муслим әл-Қушайри ән-Найсабури хадис кітаптарының ең сенімділері саналған «Сахихтарында» келтірген.

Хадистің маңыздылығы

Бұл хадис Исламның іргетасы саналатын зор мәні бар хадистер қатарына жатады әрі Ислам негіздерінің бірін кең көлемде түсіндіреді. Ислам діні ғұламаларының пікіріне сүйенсек, шариғат үкімдерінің көпшілігі осы хадиспен байланысты көрінеді.

Әбу Дауд: «Анығында, «Амалдар ниетке байланысты» делінген бұл хадис Исламның тең жартысын құрайды. Өйткені дін не ашық болады, яғни бұл – амал, не жасырын болады, яғни бұл – ниет», – дейді.

Имам Ахмад пен Шафиғи: ««Амалдар ниетке байланысты» деген хадиске ілімнің үштен бірі кіреді, себебі пенде бір істі өзінің жүрегі мен тілі және дене мүшелерінің жәрдемімен істейді. Демек, жүрекпен болған ниет аталған үш бөліктің бірі болып табылады», – дейді.

Міне, осындай себептерге байланысты ғұламалар бұл хадисті өз еңбектерінің беташары етуді ұнатқан. Мысалы, имам әл-Бұхари «Сахих» кітабын, ән-Нәуәуи «Ізгілер бағы» (Риядус-салихин), «Зікірлер» (әл-Әзкәр) және «ән-Нәуәуидің қырық хадисі» (әл-Арбаъуна ән-Нәуәуия) атты үш еңбегін де осы хадиспен бастайды. Ондағы мақсат – шәкірттің назарын білім іздеушінің ниеті тек Алла тағала разылығы үшін ғана болуы керектігіне аудару. Бұл хадистің аса маңыздылығының дәлелі – имам әл-Бұхари риуаятында келгендей, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл сөздерді адамдарға уағыз (құтпа) кезінде айтқандығы және Омардың (Алла оған разы болсын) оны құтпасында пайдаланғандығы. Бұл тұрғыда Әбу Убайд: «Хадистердің ішінде бұдан әмбебап, бұдан маңызды және пайдасы көп хадис жоқ», – дейді.

Хадистің айтылу себебі

Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Біздің арамызда Умму Қайс атты әйелге құда түскен бір адам болды. Бірақ әйел оған қоныс аудармасакүйеуге шығудан бас тартқан-ды. Сөйтіп ол қоныс аударып, сол әйелге үйленеді. Кейін біз оны «Умму Қайстың қоныс аударушысы» деп атайтын болдық»– деп айтқан.

Келесі бір риуаятта Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Кім (дүние байлығы секілді) бір нәрсеге жету үшін қоныс аударса, оның алар (сауабы) Умму Қайс атты әйелге үйлену үшін қоныс аударған адамның алған сауабындай болады. Ол «Умму Қайстың қоныс аударушысы» деп аталды»,– деген.

Хадисті және оның не жөн сілтейтінін түсіну

1. Ниет – қажетті шарт.

Діни міндеттер жүктелген адамның істеген амалдары ниет болғанда ғана шариғат заңы тұрғысынан есепке алынатынына және оған сауап берілетініне ғұламалар бірауыздан келіскен.

Намаз, қажылық, ораза және сол сияқты арнайы ғибадаттарға ниет ету, сол құлшылықтың рүкіндеріне жатады. Сондықтан ниетсіз болған ондай ғибадаттар дұрыс деп есептелмейді. Ал құлшылықты орындаудың алғышарты саналатын дәрет немесе ғұсыл туралы айтсақ, бұл жайында ханафилер: «Ниет олардың кемел болуының және сауап жазылуының қажетті шарты болып табылады», – деген. Ал шафиғилер мен басқалар: «Ниет – олардың дұрыс болуының да қажетті шарты, өйткені алғышарттар тек ниетпен ғана дұрыс болады», – дейді.

2. Ниеттің уақыты мен орны

Ниеттің уақыты ғибадаттың алдында. Мысалы, намаздағы бірінші тәкбір (тәкбиратул-ихрам) немесе қажылық кезіндегі ихрамға кіру. Ал оразаға тоқталсақ, таң сәрінің білінуін бақылап отыру қиындық тудыратындықтан, оған алдын ала ниет ете берсе болады.

Ниеттің орны – жүрек. Оны тілмен айту шарт емес. Ниет етушінің ниеті нақтыланып, басқаларынан ажыратылып алынуы қажетті шарт. Мәселен, намазға жалпы ниет ету жеткіліксіз, адам қай намазды оқитынын (бесін, екінті т.б.) нақтылап алуы керек.

3. Қоныс аударудың (һижраның) міндеттілігі

Дінін ашық орындауға мүмкіндігі жоқ мұсылманға кәпірлердің отанынан Ислам өлкелеріне қоныс аудару парыз. Бұл үкім әр уақытта күшінде қалады және шектеусіз орындалады. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Жеңістен кейін қоныс аудару жоқ» деген сөзі мұсылмандар Меккені алған соң, оның Ислам діні тараған аймаққа айналып, одан қоныс аударудың қажеті болмай қалғандығы себепті айтылған.

Сондай-ақ «һижра» сөзі Алла тағаланың тыйым салғандарынан қашықтауды білдіреді. Мәселен, мұсылманның өз бауырымен үш күннен артық араздасуы, ер кісінің әйелімен қосылмай қоюы араб тілінде осы сөздің етістігі арқылы келтіріледі. Мұндағы айта кетер жайт, кейде мұсылманға күнәкар бауырынан бас тартуы уәжіп болады. Сол сияқты оған өзіне мойынсұнбайтын әйелін жазалау ретінде белгілі бір уақытқа тастап қоюға да рұқсат етіледі.

4. Хадистегі өзге де пайдалы мағлұматтар

Бұл хадис егер біреу ізгі іс істемекке ниеттенгенімен оны іске асыруға ауру, өлім, т.б. кедергілер бөгет болса, ол адамға сол сауаптың жазылатынын білдіреді. Әл-Байдауи: «Іс-амал ниетсіз дұрыс болмайды. Өйткені амалға аспаған ниетке сауап жазылады, ал ниетсіз істелген іс босқа кетеді. Жан тәнге қандай болса, ниет те амалға сондай. Тән жансыз өмір сүре алмаса, жан да дәл сондай, бұл дүниеде тәнмен байланыссыз өз көрінісін таба алмайды», – деген.

Бұл хадис пәни дүниеде сәттілік, ақыретте сауап тауып, азаптан құтылуымыз үшін біздерді құлшылықтарымызда ықыласты болуымызға үндейді. "Онда Алла тағаланың разылығына жетуге ұмтылуды ниет ету арқылы кез келген игі істің ғибадатқа айналатыны баяндалады.

0 пікір