Ақыретте пенде сұралатын 5 нәрсе
Ақыретте пенде сұралатын 5 нәрсе
5 жыл бұрын 7723

Негізі, пенделер кімге құлшылық еткенінен және пайғамбарлардың дағуатына нендей жауап қатқаны жайлы сұралады. Сол сияқты істеген амалдарынан, бөленген нығметтерінен, берген уәделерінен, жүрек, құлақ және көздерінен сұралады.

Пенделер неден сұралады?

Пенделер мына нәрселерге қатысты сұраққа алынады: 

1. Діни наным-сенімінен сұралады. Олардың сұраққа алынатын ең үлкен нәрсесі – ақида-сенім мәселесі. Алладан өзге табынған пұттары жайлы сұралады. Алла тағала: «Ол күні: «Сендердің Маған серік деп ұйғарғандарың қайда?» – деп дауыстайды»;

«Сендердің Алладан өзге табынғандарың, сендерге де жәрдем ете алмайды. Сондай-ақ өздеріне де жәрдем ете алмайды»– деген.

Және де пайғамбарларды өтірікші санағандары үшін сұралады. Алла тағала: «Ол күні оларға: «Елшілерімізге не жауап бердіңдер?» – деп дауыстайды»– деген.

2. Дүниеде істеген амалдарынан сұралады

Қиямет күні кісі дүниеде істеген барша амалдарынан сұралады. Алла тағала: «(Мұхаммед!) Раббыңа серт, әлбетте, оларды түгел сұраққа тартамыз. Олардың (дүниедегі)істегендері жайлы (сұраймыз)»– деген.

Әбу Барза әл-Аслами (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.e.): «Қиямет күні пенде төрт нәрседен сұралмайынша, екі аяғы (бір орыннан) тапжылмайды: өмірінен, оны неде өткізгендігінен, білімінен, оны не нәрсеге іске асырғандығынан, мал-дүниесінен, оны қайдан тауып, неге жұмсағандығынан және тәнінен, оны не нәрсеге қолданғандығынан»– деген.

Абдуллаһ ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаyың елшісі (с.а.e.): «Қиямет күні Раббысы алдында бес нәрседен сұралмайынша, Адам баласының екі аяғы (бір орыннан) тапжылмайды: өмірінен, оны неде өткізгендігінен және жастық шағынан, оны неге жұмсағанынан және мал-дүниесінен, оны қайдан тауып, не нәрсеге жұмсағандығынан және білгеніне қалай амал қылғанынан», – деген.

Демек, адамның мал-дүниесі көп болған сайын жауапкершілігі де арта түседі. Сол сияқты неғұрлым аз болса, жауабы да жеңілірек соғып, жәннатқа да тезірек кіреді. Абдуллаһ ибн Амр (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Расында, Қиямет күні (қоныс аударған) муһажирлердің кедейлері жәннатқа байлардан қырық күз бұрын кіреді»– деген.

Дегенмен де бай-бақуатты, дәулетті кісілер мал-дүниелерін жақсы жолға жұмсаса, жаннатқа кедейлерге қарағанда кешірек кіргенмен, жәннатқа кірген соң олардың дәрежесі жоғары болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Игі мал, игі кісіге қандай жақсы!» – деп айтылса, келесі бір хадисте, оның (с.а.у.): «Ол (мал-дүние) Алланың мархабаты, оны қалағанына береді»– деп айтқаны бар.

3. Бөленген нығметтерінен сұралады. Қиямет күні адамдар өздеріне берілген нығметтерден сұралады. Алла тағала бұл нығметтердің сұрауы туралы: «Сол күні әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар», – деген.

Алла тағаланың пендесіне берген нығметтерінің есебін ешкім білмейді. Алла тағала: «Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»– деген.

Сұралатын бұл нығметтердің ең бастысы – денсаулық. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Қиямет күні адам сұралатын нығметтердің ең біріншісі – оған: «Сенің тәніңді сау қылмадық па? Сені салқын сумен сусындатпадық па?» – делінеді», – деген.

Демек, адам баласы өзіне берілген нығметтерге қатысты тіпті қолданған суына дейін сұралады. Солай екен деп, басы артық мал-дүние жинау, қалтам көтереді екен деп қымбат бағалы киім кию, бұлардың бәрі – сауабынан сарсаңы көп нәрселер. Оларға қатысты абай болу керек. Ең дұрысы, ортанқол дәрежеде ішіп-жеп, киім киіп, артығын садақа қылу абзал. Бұл жерде ең бастысы – Алла тағаланың пендесіне берген нығметтерін харамға жаратпау, ысырап қылмау. Ал егер қайсыбір адам әдемі киініп, қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұрса, ол шариғатқа жат емес. Ең бастысы – сол байлығынан зекетін, садақасын кембағалдарға уақытында, сараңдық танытпай беріп отыру керек. Расында, Алла елшісі (с.а.у.): «Тозақтан жарты құрмамен болса да сақтаныңдар!» – деп ескертпеп пе еді?!

Нығметтен сұралу пенденің сол нығметтерге шүкір еткен-етпегендігіне қатысты болмақ.

Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Тамақ жесе, оған шүкір ететін және (сусын) ішсе де, оған шүкір ететін пендеге Алла разы болады»– деген.

4. Пенде берген уәделерінен сұралады. Алла тағала: «Негізінде, олар бұрыннан артқа шегінбеуге Аллаға уәде берген еді. Аллаға берілген уәде болса, (Қиямет күні), әлбетте, сұралатын нәрсе»;

«Уәдені орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады»– деген.

5. Жүрек, құлақ және көздерінен сұралады. Алла тағала пендесін айтқан сөздерінен, естігенінен және ниетінен сұрайды. Сол үшін де бір нәрсені білмей тұрып, ол туралы сөйлеуге қатысты қатаң ескерту жасаған. Алла тағала: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек, олардың барлығы одан сұралады», – деген.

Қатада атты ғалым: «Көрмегеніңді көрдім деме, естімегеніңді естідім деме, білмегеніңді білем деме. Алла олардың бәрінен сені сұраққа алады», – деп айтыпты.

0 пікір