Әуелі өзіміз мұсылман болайық...
Әуелі өзіміз мұсылман болайық...
5 жыл бұрын 3140
Құдияр БІЛӘЛ

"Жылы-жылы сөйлесең - жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең - мұсылман діннен шығады". Қазір мұсылман әлемі автомат тілімен сөйлесуде. Нәтижесі... Иә. Діннен шығып кетіп жатыр. Алайда оны түйсініп жатқандар аз. Сондықтан да бұл күнде "Ең оңбаған адамды көргің келсе - айнаға қара" деген даналық шындыққа айналды. Мән берсек, біз жаппай өзгені тәрбиелеумен айналысып кеттік. Өзімізде тіпті қылаудай да кінәрат бар деп ойламаймыз. Себебі, бізге айнадағы кескін ұдайы тоқмейілси қарайды. Алайда мен бір азаматтың өзіне-өзі жыны келіп, айнадағы кескініне түкіріп жібергенін көріп едім. Әлгі Қожанасырдың баласын "Құмыраны сындырып алма" деп шапалақпен тартып жіберетіні бар ғой. Шыны шытынамау қажеттілігін ескертетін сол шапалақтың жетіспейтіндігі әрдайым аңғарылып қалады. 

Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында, газет-журналдарда мұсылмандар бір-бірін жерден алып, жерге салып жатады. Солар дауынан құлағы сарсығандардың "Мұндай діндеріңнің..." деп, кейістік білдіргендерін де көз көріп жүр. Күлімдеп жүрген мұсылманды көру күн өткен сайын мұң болып барады. Мұсылман ажарын кіргізер сол игі түс иесіне аталарымыз тілдеспей-ақ сенім артып, ұрпағына да "Түсі игіден түңілме" деп өсиет қалдырып еді.

Айнадағы кескін - біздің көрінісіміз, біздегі сөз, аxлақ, мінез - жан дүниеміздің көрінісі. Негізінде біз өзі солмыз. Қазақ "оны" жаман әйелге теңеген. Жалпы мұсылмандық болмысты ұяң қызға баласақ, біз соны жүре келе көк бет долы әйелге айналдырып аламыз. Әлгі "Қыз күнінде әйелдің бәрі жақсы, жаман қатын шығады осы қайдан" деген мәтел төркіні соған негізделген. Сол өзгеріске түскен болмыс сыртқы көрініске де әсер етеді. Ол әсер, бір ауыз сөзбен, "зәрі бетіне шығып тұр" делінеді. Бір-бірімен айтысқандар бетінде мұсылмандарға тән күлімдеу емес, сол зәр тұрады. Жалпы ол зәр ұрысқанда ғана емес, барлық уақытта тұрады. Себебі біз оны көрмейміз. Көрсек... Иә. Бетіне түкірер едік. Соны білген Ишандар біреуге кінә артқан адамға ұдайы "Әуелі өзіміз мұсылман болып алайық" дегенді қайталаумен болған. 

Хасан Басри бір адамның өзін тілдегенін естиді. Сонда ғұлама оған бір табақ xалуа жіберіп, "Сауаптарыңды маған сыйлағаныңды естідім. Оның қайтарымы ретінде мына xалуаны жібердім" дейді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа да өзін тілдеген бір адамға бір қалта алтын жіберіп, "Бізге берген сауаптарын арттырса, біз жіберер алтын да көбейе түседі" деген.
Сондықтан біреуді жөнге салмас бұрын әуелі өзіміз мұсылман болып алайық, ә.

0 пікір