Бұрынғы қауымдардың жойылып кетулерінің себептері
Бұрынғы қауымдардың жойылып кетулерінің себептері
3 ай бұрын 4119
Доктор Юсуф әл-Қардауи

Құран Кәрім өзінің көптеген аяттарында әлдебір елдің өркендеуінің немесе тоқырауының кездейсоқ болмайтындығын, өзгермейтін белгілі бір заңдылықтарға сүйенетіндігін айтқан. Қасиетті Құран ақыл иелеріне бұрынғы бай, қуатты және өркендіктің шыңына жеткен қауымдар мен елдердің қалай құлдырап және неге жер бетінен жойылып кеткендіктерінің себептеріне назар аудартқан. Құран бойынша бұрынғы өркениетті қауымдардың жойылуының себептері төмендегінше:

1) Алла Тағаланың аяттарын терістеп, мойындамау және Оның жіберген пайғамбарларына қарсы келу.

2) Бір беткей тиранның әміріне еру және жер бетін жақсартудың орнына, бұзғыншылық жасаушы шектен шығушылардың сөзіне еру. Мысалы, Ад қауымы мен Сәмуд қауымы сияқты.

3) Материалды (дүниелік) білімді мақтан тұтып, Алладан келген уахиден бет бұру. Мысалы, «Ғофир» сүресінің соңғы жағында әңгімеленетін қауымдар секілді. (Дүниелік білімді меңгерген өте дұрыс, өйткені білім Алланың заңдылықтарын ашады, оны оқу парыз кифая, бірақ Алланың тағлымынан ұзақтамау керек).

4) Физикалық күш-қуатымен және дүние-байлығымен дандайсып, Құдай Тағаланың құдірет күшін ұмыту, елемеу. Бұған Мұса пайғамбардың заманында өмір кешкен шіріген бай Қарун мен өзін құдай деп жариялаған Перғауынның тағдыры мысал.  

5) Әділетсіздік, қиянат, нақақтан-нақақ қудалау. Әсіресе, кедейлер мен әлсіздердің құқын аяққа таптау. Мысалы, Мәдиян қауымы мен Шуғайб пайғамбардың қауымы секілді.

6) Арзыдық, анайылықтың кең етек алуы және нәпсіқұмарлыққа еру. Мысалы, Лұт қауымының ісі. (Лұт қауымы әйелдерді қойып, еркектерге асыла бастағаннан кейін, яғни, гомесексуализм дамып кеткендіктен Алла Тағала ол қауымға азап жіберіп, жер бетінен жойып жіберді).

7) Жер бетінде бұзғыншылықтың жайылуы. Әбес істердің үстемдік құруы және одан бір-бірін тыймаулары – әлдебір елдің құруына себеп. (Қазақша айтқанда, әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаса және адамдар «сен тимесен мен тиме» болып, арсыздыққа қарсы шықпаса қоғам құриды). Мысалы, Исраиль қауымы секілді. Құранда: «...Олар істеген ағат істерінен бір-бірін тыймайтын» - деп ескертеді. («Мәиида» сүресі, 79 аят).

8) Алланың берген нығметтеріне нанкөрлік жасау (жақсылықты білмеу), Аллаға шүкір етпеу. Керісінше Алланың берген жақсылықтарын Аллаға қарсы істе қолдану. Бұған байланысты Құранда былай делінеді: «Алланың нығметтеріне нанкөрлік жасады (шүкір етпеді), соның салдарынан Алла Тағала оларға, істеген істері үшін аштық қамыты мен қорқыныш қамытын кидірді». («Нәхл» сүресі, 112 аят).

9) Астамшылық пен тәкәппарлық. Құранда: «Тұрмыстары тәкәппарлыққа жетелеген қаншама елді-мекенді жойдық!...». («Қасас», 58 аят).

Осы сайып өтілген қылмыстардың әрбірі Алла Тағаланың қаһары мен жазасын тездететін істерден. Алланың жазасы күнәға белшесінен батқан қауымды айналып кетпейді! Егер аталмыш әбестіктердің біреуі құрдымға жетелейтін себеп болатын болса, онда осылардың бірнешеу бір елде, бір қоғамда етек алса не болмақ!

Ал енді, қазіргі біздің әлемде үстемдік құрып жатқан мәдениетке назар салған кісі, бұрынғы жойылып кеткен қауымдардың мәдениетінен азды-көпті үлестің барын көре алады. Олардың (бұрынғы жойылған қауымдардың) сенімі мен пікіріндегі және өмірлік ұстанымындағы ауытқушылықтың қазіргі қоғамда да барын көруге болады. Ендеше, оларға туған кесапат қазіргі қоғамға да туып жатса, ғажап емес! [1].


[1] Мархұм Шейх Ю. Қардауидің: «Ислам – ертеңнің мәдениеті!» атты кітабынан үзінді. Араб тілінде. 

Қазақшалаған А. Қасым

0 пікір