«Ешкімнен рақмет күтпе!»
«Ешкімнен рақмет күтпе!»
1 жыл бұрын 2657
Аяз Қарни

Алла Тағала пенделерін өзін еске алсын деп жаратты. Жер бетіндегі орынбасары адам баласын, өзіне шүкір етсін деп, ризықтандырды. Алайда бұған қарамастан адамдардың көбі Алладан өзгеге құлдық ұруда. Көбі Одан өзгеге шүкір айтуда. Өйткені, жақсылықты мойындамау, қырсықтық және берілген нығметке нанкөрлік жасау (жақсылықты білмеу) - адам табиғатында басымдылыққа ие сипат.

Сондықтан да, адамдар сенің көркемдігіңді жоққа шығарып, игілігіңді жойып, жасаған жақсылығыңды ұмытып жатқандай болса, қатты қапаланудың қажеті жоқ. Тек игілік жасағаның үшін ғана, адамдар саған дұшпандық жасап, саған іштерінде сақтаулы жасырын кек-ызаларын көрсетуі мүмкін. Құранда сондай адамдар жайында: «Олар, Алла Тағала және Оның елшісі оларды өз кеңшілігінен байытқаны үшін ғана іштей кектенеді».

Күнде көріп жүрген «әлем кітабын» оқып қарашы. Ондағы бөлімдердің ішінде - баласын өсірген, тамақтандырған, киіндірген, ішкізіп, жегізген, тәрбиелеген, оқытқан-шоқытқан, ол ұйықтасын деп өзі көз ілмеген, ол тойсын деп өзі аш жүрген, ол демалсын деп өзі шаршаған әкенің қыссасы бар. Сол әкенің сонша бағып-қаққан баласының мұрты шығып, білегі қатайғанда, әкесіне қабаған итше әупілдеп, оны төмен санап, қор көріп, ашық қарсы шығып, азап шектіріп жатқанын көресің.

Қатыгез, көңілді жаралаушыларға ренжіп, көркем парақтарын өртейтіндер сабырға келсін! Және де жақсылықтарының қарымы қазынасы еш таусылмайтын Алла Тағаланың құзырында екендігімен сүйіншіленсін.

Әлдекімдердің ащы сөзі сені ізгіліктен және біреуге қайырымды болудан айырмасын. Әйтпесе, әрбір ізгілік жасайтын кезде «бәрібір қадірін білмейді» деген ойға әкелуі мүмкін. Құранда айтқандай: «Олардың істегендеріне мұңайма!». («Һуд», 36 аят).

Жақсылықты Алла үшін жаса. Сонда сен қандай жағдайда да ол жақсылығыңа сый аласың. Сонда, қадіріңді білмеушілердің қадірсіздігі, жақсылығыңды жоққа шығарушылардың нанкөрлігі саған зиян тигізбейтін болады. Аллаға шүкір де, себебі сен - қайырымды жансың, ал ол - қаскүнем. Жоғарғы қол - төменгі қолдан қайырлы деген. Алла Тағаланың мына сөзіне құлақ салшы: «Шынында біз сендерді Алла үшін тамақтандырудамыз. Біз сендерден сыйлық немесе рақмет күтпейміз». ("Инсан" сүресі, 9 аят).

Ақылды адамдардардың көбі жақсылық білмес надан тобырлардың қадірсіздік танытуларына абыржып, өз-өздерін жоғалтып жатады. Олар жақсылықтарын ұмытып, қарсы келгендерді шағымданып жатқанда, мына қасиетті аятты ұмытып қоятын сынайлы: «... қашан одан зиянды айықтырсақ, тіпті бізге жалбарынбағандай-ақ кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді». («Юнус», 12).

Ендеше қалам сыйлаған адамың, сол қаламмен сен жайында сын жазып жатса, қатты таң қалма. Сүйенсін немесе қойларын айдасын деген ниетпен таяқ берген шопаның, сол таяқпен басыңды жарып жатса, қатты таң қалма. «Жақсылық білмес» кейбір адамдардың Жаратушы Құдай Тағаланың өзіне қарсы шығып, оның ырыс-несібесін жоққа шығарып, жақсылығын мойындамай жатқанда, сенің және менің олардан рақмет күткенімізге жол болсын!1


1Аяз Қарнидің, «Лә тәхзән» (Қайғырма) атты кітабынан.

Абдусамат Қасым

0 пікір