Хадис: «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады..»
Хадис: «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады..»
1 жыл бұрын 3067
Хадис тағылымы

Сахаба Абдулла ибн Омар (Алла олардан разы болсын) мынадай хадис жеткізген. Ол хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:

أنَّ أنَّ رَسولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ قالَ: المُسْلِمُ أخُو المُسْلِمِ لا يَظْلِمُهُ ولَا يُسْلِمُهُ، ومَن كانَ في حَاجَةِ أخِيهِ كانَ اللَّهُ في حَاجَتِهِ، ومَن فَرَّجَ عن مُسْلِمٍ كُرْبَةً، فَرَّجَ اللَّهُ عنْه كُرْبَةً مِن كُرُبَاتِ يَومِ القِيَامَةِ، ومَن سَتَرَ مُسْلِمًا سَتَرَهُ اللَّهُ يَومَ القِيَامَةِ.

«Мұсылман - мұсылманның бауыры. Ол оған зұлымдық, қиянат жасамайды және қиянатқа оны қимайды. Кім өз бауырының қажеттілігін қамтамасыз етсе, Алла Тағала оның қажеттілігін қамтамасыз етеді. Кім бір мұсылманның проблемасын кетірсе, Алла Тағала да қиямет күні оның халінің мүшкілдігін кетіреді. Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады». («Сахих Бұхари»).


Ислам діні мұсылман қоғамын «бауырмалдық» пен «өзара жәрдемдесу» іргесіне құрған. Алла Тағала Құранда: «Сөзсіз мұсылмандар бауыр» дейді. («Хұжурат», 10 аят). Жоғарыдағы хадисте де Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандардың бір-бірлеріне деген ұстанымдары қалай болу керектігін түсіндіріп, мұсылманның мұсылманға деген бес міндетін айтып беріп отыр. Олар:

1) Азатты мұсылман болсын, мейлі азатты емес мұсылман болсын, үлкен болсын, мейлі, кіші болсын, барлық мұсылман бір-біріне дін бауыр. Сондықтан да, мұсылман адам өзге мұсылман бауырына қиянат қылып, әділетсіздік жасамауы тиіс. Алла Тағала зұлымдықтың үлкенін де, кішісін де харам қылды.

2) Сонымен қатар, мұсылман мұсылманды зұлымдыққа да қимайды. Егер бір мұсылман әділетсіздікке ұшырап, қиянат көріп жатса, оның жағына шығып, оған қолдан келгенше көмек беруге тырысады. Біреудің жапа шектіруіне қарсы оны қорғауға тырысуы керек.

3) Және де Пайғамбарымыз (с.а.у.) қиналып жүрген бір мұсылманға қол ұшын беріп, оған көмек қолын созуға шақырып отыр. Сонда Алла Тағала оның да қажеттілігін өтеп, істерін жеңілдетіп қояды екен.

4) Сондай-ақ, дүниелік бір проблемаға дұшар болып, соған қан жұтып жүрген бір мұсылманның ол проблемасын шешіп беріп, көңіліне қуаныш ұялатсаңыз, Алла тағала сізді о дүниеде түрлі проблемалардан азат қылады екен. Хадистің арабшасында «күрбәтән» деп келген сөздің мәні: дүниелік бір істердің кесірінен көкейінде туындаған «мұң», «уайым» деген ұғымдарға саяды. Біз оны «проблема» деп қазіргі тілмен аударып отырмыз немесе «халінің мүшкілдігі» деп аударса да болады..

5) Және де кім бір мұсылманның айбымын жасырса, Алла Тағала да оның айыбын жасырады екен. Ал кім бір мұсылманның айыбын жариялап, оны масқара қылуға тырысса, Алла Тағала да оны өмірінде әйтеуір бір жағдайлармен масқара қылады. Осындайда қазақтың «күлме досқа, келер басқа» деген сөзі ойға оралады. Өкінішке орай, бүгінде біреу жасырын күнә істеп қойса немесе қателік істеп қойса, яки, біреудің бойынан бір кемшілік тапса, бірден елге жайып, оны өсектеп шығамыз. Ал Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) біреудің айыбын жасыруды, кемшілігін айтпауды үйретуде. Өйткені, дінімізде әрбір тұлғаның жеке намысы мен ар-ожданы қорғалған. Хадистегі айтылған сөз де осы негіздің алғы шарттары. Алайда, мүлдем үндемей қоюға да болмайды. Енді не істеу керек? Мұсылман адам өзге мұсылман бауырының қателігін немесе кемшілігін көрсе, оған жеке өзіне айтып, ол жаман әдетінен тоқтатуға тырысуы тиіс. «Асыр» сүресінде: «Бір-біріне ақиқатты кеңес етіп, бір-біріне сабырды өсиеттегендер құтылды» дейді.

Және «айыбын жасыру керек» деген сөз, көбіне өзінің жеке басына және өзгеге зияны жоқ Алла мен оның арасындағы күнәларға қатысты десек болады, ал қоғамға зияны бар және біреуге жасалған зұлымдық, әділетсіздік деген сияқты айыптарды немесе біреудің зұлымдығына ұшырасаңыз, оның онысын қоғам назарына салудың ағаттығы жоқ. Оған хадисте рұқсат бар.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 А. Қасым

0 пікір