Ислам әдет-ғұрыпқа қатысты не дейді?
Ислам әдет-ғұрыпқа қатысты не дейді?
5 жыл бұрын 2900
Мұхан ИСАХАН

«Ғұрып» (урф) араб тілінде «жақсы, игі, білу, тану, ақыл мен дін жақсы деп таныған нәрсе, ұстаным, жылқының жалы, әтештің үкісі, шың, толқын, сабыр» және т.б. мағыналарды білдіреді. Ал фиқһ ілімінде «ғұрып» деп мұсылман қауымының дәстүріне айналған ізгі амал мен кестелі сөзді айтамыз. 

Алла Тағала Құран кәрімде: «Бір-біріңді танып білулерің үшін Біз сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» (Хұжурат, 13) дейді.  Әрбір ұлтты бір-бірінен ерекшелейтін тілі мен түрі ғана емес, оның әдет-ғұрпы мен мәдениеті екені белгілі. Демек, бұл жерде Ұлы Жаратушы ұлттар мен ұлыстарды бір-бірінің әдет-ғұрыптары арқылы да тануға шақырғанын түсінуге болады. 

Алла Елшісі де (с.а.у.): «Мұсылмандар дұрыс деп таныған кез-келген ізгі ниеттегі іс-әрекет жақсы деп саналады» (Ахмад ибн Ханбал, Муснад) деп ескертіп, мұсылман үмбетін ізгілікке айналған әдет-ғұрыптарды екіленбестен қабылдауға шақырған. 

Фиқһ мамандары Құран мен Сүннетке қайшы емес әдет-ғұрыптармен үкім береді. Бір мәселеге қатысты «наста» нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта болған болса, ол үкім ретінде қабылданады. Осы ретте әдет-ғұрыптар сахиқ (дұрыс) және фасид (бұрыс) болып бөлінеді. Сахих әдет-ғұрыптарда Құран мен сүннетке қарама-қайшылық болмайды. Ал фасид әдет-ғұрыптар Құран мен сүннетке қайшы болып келеді.  

Шынтуайтында, дін мен дәстүрдің қақтығысы мен сабақтастығының ізін қуалап барсақ, бұл мәселенің бастауы сонау ықылым замандағы Пайғамбар (с.а.у.) сүннетіне барып тіреледі. Алла Елшісі (с.а.у.) жаһилиет дәуіріндегі арабтардың ескі салт-жораларының Хақ дінге қайшы емесін қолданыстан шығаруға жарлық шығарған. Мысалға арабтардың пұттарға тағзым ету мерекесі, пұттарға арнап құрбандық шалу, жындарға сыйыну, қаһиндерге (сәуегей) жүгіну, қыздарды тірідей жерлеу, өлікті жоқтап бет тырнап, шашты жұлу, бәдел неке жасау, мәуланы хұрмен тең санамау, қылмыс үшін тайпалық жауапкершіліктің болуы және т.б. дәстүр болып жалғасқан сауда-саттықтағы түрлі әділетсіз жоралғылар мен пайыздық келісімшарттарға қатаң тиым салған. Ал арабтардың Ислам негіздерімен қабысатын құнды дүниелеріне тиіспеген. Қайта ізгі әдет-ғұрыптардың қолданыста болуын құптаған. Айталық, исламнан бұрынға дәуірде Меккені зиярат етушілердің мүддесін қорғайтын Құрайыш тайпасының «Хилфул-фудул» атты ережесі бар болатын. Хақ Елшісі (с.а.у.) пайғамбар болмастан бұрын осы ереженің сақталуын қадағалайтын құзырлы топтың мүшесі болған еді. Кейін Алла-Тағаладан мұғжиза беріліп, пайғамбар болған шағында: «Қазір де сондай ұйым құрылса, қайта мүшесі болуға әзір едім» деп «Хилфул-фудулді» қимастықпен есіне алған-ды. Салт-дәстүрдің жақсысы мен жаманын айыратын дінімізде Пайғамбар (с.а.у.) негізін салған осындай електің болуына байланысты кейінгі ғұламалар құқықтық үкім берудің «урф» (ғұрып) әдіснамасын қалыптастырды.

Мұсылман құқығында белгілі бір қауымның қоғамдық қатынасты Исламға қайшы емес негізде реттеуші әдет-ғұрыптары құқықтық үкім берудің негізі бола алады. Әдет-ғұрыпты құқықтық үкім берудің түпдерегі ретінде қалыптастырған негізінен Имам Ағзам Әбу Ханифа болатын. 

Ислам фақиһтері әдет-ғұрып арқылы бекітілген үкімдерді Құран мен сүннетте бекітілген үкімдер тәрізді қабылдаған. Әдет-ғұрыппен үкім берерде мынадай қағидалар негізге алынады: 

1. Шариғатқа қатысты мәселені реттеу үшін әдет-ғұрыппен үкім шығаруға болады. 

2. Әдет-ғұрып дәйім жүзеге асырылып келе жатқан әрі кеңінен таралған болса, құқықтық үлгіге жатады. 

3. Әдет-ғұрыппен бекітілген үкім Құран мен сүннетпен бекітілген үкім секілді бағаланады.

Исламға дейінгі базбір сауда-саттықтағы жөн-жоралғылар, жалға беру, үйлену, саяси шаралар мен қарым-қатынастар, сот ісінің жүргізілу тәртібі және т.б. істер әдет-ғұрып үкімдері арқылы фиқһ ілімінде жүйеленген. Фиқһ ілімі бойынша қоғамдағы тепе-теңдікті сақтау, әділеттілікті қамтамасыз ету, шиеленісті мәселелерді үшін сақих әдет-ғұрыптар қайнар көз ретінде қабылданады.

 

 

0 пікір