Жарапазан неге оразада айтылады?
Жарапазан неге оразада айтылады?
5 жыл бұрын 5428
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Ж арапазан – ораза айында, күнде кешкі тамақтан таң атқанша айтылатын, елді ораза ұстап, ізгі ниетті болуға насихаттайтын тұрмыс салт жыры. Мұнда, əр күні ауыл азаматтары мен əйгілі жарапазаншы- лар екі-екіден немесе топ-топ болып, əр үйдің есігі алдына барып, үй сыртында тұрып жарапазан жырын айтады. Ересек бала-шағалар да өз алдарына топтасып жарапазан айтуға дағдыланады.

Жарапазан айтушыларға ешкім қабақ шытып ренжімейді жəне оларды құры қол, құры ауыз жібермей, бет орамал сыйлап, тəтті- дəмді тағамдардан дəм татқызып қайтарады. Ерте заманда кейбір өнер қадірін білетін дəулетті адамдар атақты жарапазаншыларға таң атқанша жарапазан айтқызып, таң атқан соң оларға ат мінгізіп, ша- пан жапқан.

Жарапазан адамдарды қуанышқа, шаттыққа бөлеп, өмірге деген көзқарастарын тереңдетіп, адамдарды адамгершілікке, адалдыққа, ізгілікке баулиды.

ЖАРАПАЗАН ЖЫРЫ
Ассалаумағалейкүм, сəлем бердік, 
Айында оразаның аман келдік.
Айтты деп жарапазан сөге көрме, 
Пайғамбар жолын қуған адам едік. 
Ей, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан! 
Айтылар оразада жарапазан,
Мекке мен Мединадан шығар азан. 
Мəңгілік зияпатқа бөленесің, 
Ораза-намазыңды күтіп барсаң.
Ей, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан! 
Үйің, үйің, үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Сандық көркі түйе екен,
Саба көркі бие екен.
Ақ ордадай көрінген,
Қандай байдың үйі екен?
Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардайын бесігіңе.
Ұл берсе қошқардайын бесігіңе, 
Таусылмас байлық берсін несібеңе. 
Сақтасын отбасың мен мал-басыңды, 
Дұшпанның сан алуан кесірінен.
Ей, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан! 
Біреуі бес намаздың – таң намазы, 
Қайнайды күндіз-түні бай қазаны. 
Ораза, намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда жайылулы жайнамазың. 
Біреуі бес намаздың – бесін дейді,
Кей адам кірін жуып шешінбейді. 
Ораза, намазыңды күтпей барсаң, 
Күнəңді Қақ Тағалаң кешірмейді. 
Біреуі бес намаздың – екінті еді, 
Ауызын шын мұсылман бекітеді. 
Ораза, намазыңды күтпей барсаң, 
Жаратқан періштеге жекіртеді.
Біреуі бес намаздың – ақшам дейді. 
Шын діндар Жаратқанға жақсам дейді. 
Ораза, намаздарын күтпей барған,
Қиямет күн болғанда қақсар дейді. 
Біреуі бес намаздың – яшиық дейді, 
Жараспас мұсылманға қастық дейді. 
Ораза, намазын шын күтіп барған, 
Есігін жұмақтың таптық дейді. 
Мінгені пайғамбардың сары атан-ды, 
Əр үйде мұндай тұрсақ таң атады.
Бұл үйдің ұлы қайда, қызы қайда? 
Кемпір-шал ерінген соң көп жатады.
Ей, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, 
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Үйің, үйің, үй екен, 
Үйдің көркі ши екен. 
Сандық көркі түйе екен, 
Саба көркі бие екен.
Ақ ордадай көрінген, 
Қандай байдың үйі екен?
 
ЖАРАПАЗАН БАТАСЫ
Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол, 
Бозторғайдай төлшіл бол. 
Бəйтеректей бүрлі бол, 
Пайғамбардай нұрлы бол.
Ай жағыңа қарасаң, 
Алтыннан терек орнасын. 
Айына келген мейманың, 
Айнала атын байласын.
Күн жағыңа қарасаң, 
Күмістен терек орнасын. 
Күніне келген мейманың, 
Күліп бір атын байласын. 
Менің атым – Сырыбай, 
Жарапазан жыры бай. 
Таң мезгілі болғанда, 
Төсегіңнің басынан,
Жастығыңның астынан. 
Бөденедей пырылдап, 
Бозторғайдай шырылдап, 
Қызыр келіп дарығай! 
Аллаһуакбар!
 
«Жарапазан жыры» мен «жарапазан батасы» адамдарды адал, ізгі ниетті болуға, басқалардың көңілін ауыртпай, ел-жұрттың ықыласын алуға жігерлендіреді. Адамдық салт-дəстүр мен наным-сенімді құрметтеуге, ақкөңіл, ашық-жарқын, ізгі ниетті, жомарт болуға бау- лиды. Адамдар арасында барыс-келіс, алыс-берісті жақсартып, достықты күшейтіп, береке-бірлікті нығайтуға жебейді. Əдеби жақта, адамдарды суырыпсалма ақын болуға, өнерлі, өршіл азамат болуға жетелейді.
 
5 пікір
  • "Жарапазан" емес қой негізі, "Жарамазан". Біздің оң түстікте кішкене күнімізден бері "Жарамазан" деп келдік. Ол арапшадағы "جاء رمضان-Жә-ә Рамазан" сөзінің дәл нұсқасы. "Рамазан келді" деген мағынада. Оны "арабша сөздерді өзгерту керек" деген желеумен "м" әріпінің орнына "п" қойып, "л" әріпінің орнына "д" қойып әдейі өзгертіп отырды. Бұрыңғы ата-бабаларымыздың тілінде көп араб тілінен кірме сөздер өзгеріске ұшырағаны рас. Бірақ олар әдейі емес етін, қолдана-қолдан өздігінен өзгерді. Ал "жарапазан", "алда" т.б. сөздер меніңше әдейі өзгертілген.
    5 жыл бұрын
    • Ал біз жақта негізінен "Жарапазан" дейді. Рамазаннан шыққаны анық, бірақ қолдана келе өзгеріске ұшыраған секілді. Өйткені көркем кітаптарда да негізінен "жарапазан" деп келеді.
      5 жыл бұрын
  • Сол өзгертіп тастаған ғой. Осы 20 ғасырдағы әдебиеттерде. Одан алдыңғы ғасырларда сол күйінше айтылса керек. Енді оны қайта өзгертіп, оригиналымен қолдануды әдетке айналдыру керек. Оған қазақ тілі ақсап қалмас.
    5 жыл бұрын
  • Әдебиеттерде де негізі ЖАРАМАЗАН деп қолданғандар бар:
    «Бір келген он екі айда ж а р а м а з а н» (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең). Ж а р а м а з а н Айдала да шоңқиған қоян жазған! Үйің, үйің үй екен, үйің көркі ши екен! (I.Жансүгіров, Әңгімелер). Ж а р а м а з а н д ы ел кезіп жүретін адамдар, әдетте ораза кезінде айтады (Х.Досмұхамедұлы, Шығармалары). Өзіңді бай, біздерді кедей көріп, Болыпсың санаспақшы артық–кемді, Ж а р а м а з а н айтушы азаншыға, Дулаттың кең пейілі мейірленді (Айтыс).
    5 жыл бұрын
  • Қазақ тілінде "Жарамазан" сөзі түп нұсқасын да бар болса, неге оның өзгертілген нұсқасын әдейлеп қолдану керекпіз, соны түсінбеймін?
    5 жыл бұрын