Кедейдің берген жүз теңге садақасы, байдың жүз мың теңге садақасын басып озуы мүмкін...
Кедейдің берген жүз теңге садақасы, байдың жүз мың теңге садақасын басып озуы мүмкін...
4 жыл бұрын 5440

Тұрмысы төмен адамның жарым құрма да болса берген садақасы Алланың ризалығына қол жеткізуге септігін тигізеді. Өйткені, берілген садақаның құны, ең бірінші, мөлшерінің көптігімен емес, ықыласымен және ниетінің шынайылығымен өлшенеді. Сол себепті, кейде кедейдің шын ниетімен Құдай үшін берген жүз теңгесі, бай-бақуатты адамның берген жүз мың теңгесінен де сауап жағынан артық болуы мүмкін екен. Өйткені, бай артылған дүниесінен берсе, кедей өзі мұқтаж бола тұра аузынан жырып береді.

Бұған байланысты хадис кітаптарында мынадай оқиға баян етілген. Бір күн Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен отырғанда: 

سبقَ دِرهمٌ مائةَ ألفِ درهمٍ قالوا وَكَيفَ ؟ قالَ : كانَ لرجلٍ درهمانِ تصدَّقَ بأحدِهِما وانطلقَ رجلٌ إلى عُرضِ مالِهِ ، فأخذَ منهُ مائةَ ألفِ درهمٍ فتصدَّقَ بِها

-«Бір дирхам (күміс ақша), жүз мың дирхамды басып озды», - деп айтады. Қасындағы сахабалары сөзінің мәнісін түсінбей:

-«Ол қалай болғаны, уа, Расулалла? – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі:

-«Бір адамның екі дирхамы бар еді, оның бірін садақа етіп берді. Екінші адам (бай адам), мал-дүниесіне барып, одан жүз мың дирхам алды да, оны садақаға берді», - деп жауап береді[1].

Яғни, екі дирхамынан басқа дүниесі жоқ кедей кісі өзі ақшаға қатты мұқтаж болса да екі дирхамының бірін қиып, Алла үшін садақаға беріп отыр. Ал бай болса, жүз мың ақша садақа бергенімен, мүлкінде әлі көп ақшасы бар, ол кедейге қарағанда ақшаға мұқтаж емес, ол оны кедей сияқты жоқ болса да, аузынан жырып беріп отырған жоқ, сол себепті сауап тұрғысынан кедейдің бір дирхамы оның жүз дирхамынан құндырақ. Әрине, бұл жерде, байдың берген садақасының Алланың алдында құны жоқ деуден аулақпыз. Бай қанша көп садақа берсе, сонша көп сауапқа кеңеледі. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жерде: «Таршылықта берген садақаның сауабы - кеңшілігінде берген садақасының сауабынан артық» дегенді ұғындырғысы келіп отыр. Осылайша, тек баршылықта ғана емес, таршылық кезінде де шама-шарқынша садақа беріп тұрудың маңыздылығына назар аудартуда.

Құран Кәрімде Құдай Тағала шама-шарқынша садақа беріп тұратын жағдайы төмен кісілерді мақтап былай деген:  

الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Олар кеңшілікте де, таршылықта да (Алла үшін) мал сарып қылатындар. Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, әрі, адамдарға кешірім танытушылар. Алла Тағала (осындай) ізгі жандарды жақсы көреді»[2]

Осы тұрғыда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Ешбір жақсылықты ұсақсынба" деп үйреткен. Шын ниетпен берілген он теңгеңіз, тіпті жолдағы зиянды нәрселерді шетке алып тастауыңыз, яки, біреуге жылы жүзбен қарап, күлімсіреуіңіздің өзі Алланың ризалығына қол жеткізуге септігін тигізуі әбден мүмкін.  

 islam.kz


[1] Имам Нәсәий – 2527. Сахих.
[2] Құран Кәрім: «Әли Имран» сүресі, 134 аят.

0 пікір