Құрбан шалу кедейлерге қарайласудың бір тәсілі
Құрбан шалу кедейлерге қарайласудың бір тәсілі
4 жыл бұрын 5040

Қасиетті Құран Кәрімде:

«Түйе мен сиырды сендер үшін Алланың белгілері (құрбандықтары) қылдық. Мұнда сендер үшін қайыр бар. Оларды Алланың атымен сойыңдар да, өздерің де жеңдер, өзгеге де беріңдер. Шүкір етулерің үшін малды еріктеріңе бердік», - делінген[1].

Сәләма ибн Ақуаның (р.а.) риуаятында Алла елшісі (с.а.у) бір айт намазының құтпасында:

«Кімде-кім Құрбан шалатын болса, айттың үшінші түнінен қалдырмай барлығын таратсын», - деп бұйырады. Сахабалар Пайғамбар айтқандай істейді. Келесі жылы сахабалар құрбан етінің өткен жылғыдай тарату керек пе, әлде шарт емес пе, екендігін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл жылы өздерің жеңдер. Басқаларға жегізіңдер және отбасыларыңа азық етіңдер. Ал өткен жылы халық арасында таршылық көргендер көп болды. Алла Тағала кедей халыққа жәрдем берулеріңді қалады», - деп жауап береді[2].  

Әлемде азық үшін көптеген мал сойылып жатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса, бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Көңілі жабырқаулы кедейге мұсылмандық жанашырлық танытып, қол ұшын беру қандай ғанибет[3].

Қоғам арасында жағдайы өте төмен отбасылар бар. Бай адамды кедей адаммен сынаған Алла Тағала: «Кедейлерге беріңдер, ол өздерің үшін қайырлы»[4], - деп, байлардың қолындағы сынақ үшін берілген дүниені ақырет сауабына алмастыруды міндеттеген.

Құранда кедейлерді Алла Тағала былай деп сипаттайды:

«Білмегендер абырой сақтағандықтарына қарап оларды бай деп ойлайды. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдардан тіленіп сұрамайды»[5], -

- деп, кедейлердің көшеде тіленшілік жасамайтындығын, абыройлы екендігін айтқан. Сондықтан бай мұсылмандар кедейлерді осындай құрбан мейрамында қуантулары керек. Кедейлердің көшеге шығып, тіленшілік жасауы байлардың оларға қараспауынан туындауда.

Құрбан шалу – сараңдық сияқты жаман әдеттерден айығудың таптырмас емі. Садақаға қарағанда, құрбан айтта құрбан шалудың сауабы мол, әрі ол мұсылманның мойнындағы міндет. Сондықтан да, құрбан шалған адам, біріншіден, міндетін орындаған болса, екіншіден, сараңдықтан туындайтын ар-ождан азабынан құтылып, кедейлердің ақысын береді. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Расында Алла Тағала мұсылман байлардың малынан кембағалдарына жетерлік мөлшерін парыз еткен. Әлбетте, кембағалдардың аш-жалаңаш қалуы байлардың сараңдығынан.  Каперлеріңде жүрсін! Алла оларды (байларды) қатаң сұраққа тартып, қатты азаптайды»[6], - делінген. Тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, ал тозақтан алыс. Сараң – Алладан, пейіштен және ел-жұрттан алыс, ал тозаққа жақын», - деген.

Ендеше Құрбан шалу, бір шетінен, сараңдық сияқты жаман әдеттерден арылудың да таптырмас емі екен...

"Құрбан шалу (хикметтері мен пайдалары)" атты кітаптан.
Авторы: Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов.


[1] «Хаж» сүресі, 36-аят.
[2] «Мұхтасаруль Сахих Бұхари».
[3] «Құрбан айт» кітапшасы. Алматы. 2007 ж.
[4] «Бақар» сүресі, 270 аят.
[5] «Бақар» сүресі, 272 аят.
[6] Әт-Табарани.

0 пікір