"Көп уақытын кітап оқудан гөрі видео көрумен өткізу дамуы кенжелеп қалған елдерге тән": Қайрат Жолдыбайұлы
"Көп уақытын кітап оқудан гөрі видео көрумен өткізу дамуы кенжелеп қалған елдерге тән": Қайрат Жолдыбайұлы
3 жыл бұрын 3880

Кітап оқымау немесе оны дұрыс оқуға мән бермеу адамдардың қазіргі өзгермелі дүниені тануға қажет мол білім ала алмай қалуына себеп болады. Қайрат Жолдыбайұлы осындай пікірде, - дейді Baribar.kz. Елімізге танымал дінтанушының кітап оқуға қатысты кеңестері мен пікірлері төмендегінше:

Қайрат Жолдыбайұлы кітапты асықпай оқыған дұрыс деп есептейді. Ол бұған көбіне таңертең не кешкісін, жұмыстан соң уақыт бөледі. Өзінің айтуынша, жай ғана оқып қоймай, керек жерін қаламмен түртіп қояды екен.

Бір адам үйіне көп азық-түлік алып, бірақ жөнді тамақ істей алмайды. Кейбір адам қолында бар аз азықпен өте дәмді тағам дайындайды. Сол сияқты кітаптан оқығаныңды көңілге тоқи білу керек. Оқығанын тоқыған адамның мысалы ретінде Абайды айтуға болады. Сол заманда бар оқығанымен, білімімен біраз дүние қалдырды. Әлі күнге дейін оның әр сөзі – азық, – дейді ол.

Дінтанушының айтуынша, жан-жақты, әрқилы, әр тақырыптағы кітап оқу – әлемді танудың амалы. Түрлі кітап оқыған адам тек бір ойдың шеңберінде қалмайды.

Әлемді тану үшін түрлі саладағы кітапты, түрлі әдебиетті оқи беру керек. Себебі бүкіл адамзаттың құндылығы ортақ. Құндылық әртүрлі аталуы мүмкін, бірақ бәрінің негізі бір. Адам әртүрлі кітапты оқып, әлеммен ақылдасады. Кез келген нәрсеге жан-жағынан қарау керек. Себебі ақиқаттың бірнеше қыры бар. Салафизм дертінің себебі де осында, “біздікі ғана дұрыс” деген түсініктен шыққан. Бір бөлмеде өмір сүрген адамнан “Әлем қайда?” деп сұрасаң, ол сол бөлмені ғана көрсетеді. Егер ол терезені ашса, оның сыртында әлем, өмір бар екенін көретін еді. Кітап оқу да осы сияқты. Бір кітапты оқыған адам ақиқат осы деп ойлайды, соның монополисі болады, – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Кітап оқу – өзгелермен пікір алмасу. Сол себепті Қайрат Жолдыбайұлы оқырман өз көзқарасына сай келмейтін кез келген ойды, көркем әдебиетті жатырқамауы, онымен санаса білуі керек деп есептейді.

Әлем кең, білім шексіз. Қоғамда басқаша ойлауды қазаққа жат деп түсінетіндер бар. Басқа да ақиқат бар, өзгенің де пікіріне құлақ асу керек. Кітап өте көп. Меніңше, барлық кітап керек, пайдалы. Оның үстіне, қазір әлемдік деңгейдегі жақсы шығармалар қазақшаға аударылып жатыр, – дейді ол.

Қайрат Жолдыбайұлы да, кәсіпкер Марғұлан Сейсембай сияқты азаматтар да, видео көруге кететін уақытты кітап оқуға арнауға кеңес береді.

Әлеуметтік желіні дұрыс қолданбау да түрлі кеселге ұшыратады. Кітап оқуға қарағанда көп уақытын интернетте видео көрумен өткізу дамуы кенжелеп қалған елдерге тән нәрсе деп ойлаймын. Адамның айналысатын ісі, белгілі бір мақсаты болғанда пайдасыз нәрседен алшақ жүреді, – дейді ол.

Дінтанушы өзін жетілдіргісі келетін адамдар рухани кемелденудің төрт қағидасын ұстануы керек деген пікірде. Олар: аз тамақтану, аз ұйықтау, аз сөйлеу және адамдардан бір уақыт оқшаулану. Әсіресе, аз тамақтану денсаулыққа, өнімді еңбек етуге ықпал етеді.

Бірнәрсеге жеткісі келген адам тамақтану тәртібін реттеп алуы керек. Мұны ғұламалар бекер айтпайды. Қалай болса, солай тамақтанып, салмақ қоссақ, бар күшіміз соны қорытуға кетеді. Асқазан түнімен жұмыс істеп, таңертең дұрыс демалмай тұрады, күні бойы сергек жүрмейсіз. Ондай адам потенциалын аша алмайды. Көп адам дамығысы келіп, режим қояды, көп жұмыс істейді. Бірақ тамақтануды реттемесе, еңбегі зая кетеді. Сонымен қатар өзін жетілдірем деген адам бір уақыт көп нәрседен өзін оқшау ұстағаны дұрыс, – дейді дінтанушы.

Қайрат Жолдыбайұлы оқуға ұсынатын кітаптар:

  • “Әрбір адам оқуға тиіс 10 кітап. Менеджер”,
  • “Аспантау асқан үркін көш”, Годфри Лайас,
  • “Жасампаз жандардың 7 дағдысы”, Стивен Кови.
1 пікір