«Намазды дұрыс алып жүре алмаймын ба депқорқамын. Жастық шақты өкінбестей өткізукерек қой»
«Намазды дұрыс алып жүре алмаймын ба депқорқамын. Жастық шақты өкінбестей өткізукерек қой»
2 жыл бұрын 2772

Иә, адам болғаннан кейін санамызға сан түрлі ой келері анық. «Намазды бастасам ертеңгі күні оңды- солды емін-еркін қыдырып, сауық-сайран құра алмай қаламын. Жастық шақ өмірдегі ең қызықты, ерекше кезең. Қырдан асқан қызыл түлкідей бұлаңдап, көзден бұл-бұл ұшып кеткенде «қайран жастық-ай» деп өкініп отырғаннан нендей пайда бар? Одан да жақсылап жүріп қалайын» деген сайтани сыбыстар сананы сілкілеп, әбігерге салуы бек мүмкін.

Негізінде жастық шақ та мәңгілік емес, уақытша ғана емес пе? Жайқалып жадырап тұрған жазғы табиғатты ай артына ай салып күз келіп сары алтынмен көмкеріп тастайды. Сап-сары боп оттай жанған атыраптар енді бір күні аппақ мамық көрпеге оранады. Осылайша күндізден кейін жер бетін қою қараңғылық басса, мүлгіген тыныштық орнататын түннің мезгілі ауып, ағарып таң ата бастайды. Уақыт жылжып мезгілден кейін мезгіл ауысқаны сияқты жастықтан кейін қарттық, қарттықтан кейін Аллаһтан бұйрық келген күні өлімнің келері хақ.

Егер адам жастық шағында шариғат шеңберінен аспай, тек ізгі амалдар жасаса, оның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы жастық шағы мәңгілік жастық шаққа айналары сөзсіз. Жәннатта ер кісілер 33 жаста, ал әйелдер 18 жастағы кейпінде мәңгілік қалады екен. Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір әжейге «сіз жаннатқа кәрі емес, жас болып кіресіз» деген  екен. Жастық шағымыздың құмары пейіш азығынан ғана тоят табады. Дүниелік нәрселерге әсте қанағат болмайды. Егер осынау пәнидегі жастық шағымызда дүниелік харам істерге былғанып, шалқып өмір сүрем деп нәпсіқұмарлыққа салынсақ, мәңгілік бақытты ғұмырдан айырылып, ақыреттегі мәңгілік өмірімізді өкінішпен өткіземіз.

Запыраны басым қазіргі заманда бар пәленің басшысы ащы судан татып алып, бір сәт қызбалықпен адам өлтіріп, қорғансыздарға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрлық жасап, қаншама жылын түрмеде өткізіп, жазасын тар қапаста өтеп жатқан жандар қаншама? Сол секілді жастықтың қызуымен, байлықтың буымен, харам жолмен қолы жетіп, бір минуттық көрген ләззаты үшін ақыреттің мыңдаған жылдық өкінішіне, қабір азабына ұшырап, өткеніне өкінішпен қарайтын кез келері анық.

Дүрия көрпе жамылып, саф алтыннан соғылған сарайда ғұмырын өткізіп жатқандар, қарапайым ғана қоңырқай тіршілік кешкен жандарға шекесінен қарап, ар-ұжданын аяқасты етіп, адамшылық қасиет танытпай, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктердің тууына себепші болуда. Аллаһ тағала бұл өмірді құлдарына сынақ етіп берді. Асып-тасып құдайын ұмытқандар, басына күн туып, айықпас дертке шалдыққан уақытта бар өмірі дәрігердің қолында тұрғандай шетел асып ем іздейді. Әсте солар қиналған шағында Аллаһты бір рет еске алды ма екен? Мұндайда Шәкәрім атамыздың мына бір өлеңі ойға оралады:

Өлімнің хақ екенін көрсең де

Өлместей омыраулап шатасың.

Тозақтың барын біліп жүрсең де

Күнәға әлің келсе батасың.

Сауап көп ғибадатта десең де

Жалығып, жалқауланып жатасың.

Алланың адал рызығын жесең де

Арамды әдейі іздеп татасың.

Сыртыңды сыланасың өң беріп

Ішіңнің түзетпейсің қатесін.

Айламен алдағанды жөн көріп

Адамды аң орнына атасың.

Жалғанның бір пайдасын көргенде

Арланбай арыңды да сатасың.

Алланың ақ өлімі келгенде

Амалсыз қара тастай қатасың.

Тіпті жастық шағын желең жүріспен өткізген  жастардың қаншамасы мазарда жатыр. Жастығын жаман жолда өткізгені үшін қабір азабын шегуде. Олай болса ақиқат анық. Шариғаттың адал еткендері нәпсіміздің қалауына жетерлік. Сондықтан жастық шағымызда ешкімнің ала жібін аттамай, елден қарғыс емес, алғыс алып, қоғамға пайдалы істермен айналысып, парасатты, пайымды адамдық тұлғамызды қалыптастыруға ұмтылған дұрыс.

Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы. «Намаз – діннің діңгегі».

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                               

0 пікір