Қайыршыларымызға мәдениет керек
Қайыршыларымызға мәдениет керек
10 жыл бұрын 5453
Салтан Сайранұлы

Түркияда жүргенімде көшесіндегі қайыршыларына назарым ауды. Ол жақта құр алақан жайған қайыршыларды өте сирек көресіз. Ондағы қайыршылардың барлығына дерлігінде жоқ дегенде саудалаған майлығы (салфетка) болады. Сол майлықтарды өткен-кеткендерге 1 лирадан (шамамен 85 теңге) сатып, күнін көреді. Көшеде мұндай «саудагерлерді» көрсеңіз, «қайыршы» деп білесіз. Бірақ, расын айту керек, бұлар мәдениетті, арлы қайыршылар. Яғни, халыққа құр алақан жаюға арланады. Қияметте маңдайларына «қайыршы» деген қара таңба соғылуынан сақтанады. Сол себепті, бұны «қайыршылық» деп те айта алмайсың. Кішігірім сауда. Ол майлықтарды әрі кетсе 25-30 теңгеге алар, есесіне 85 теңгеге сатады. Ал майлық (салфетка) кімнің болсын қажетіне де, әжетіне де жарайды. Сондықтан да, оларға «мәдениетті қайыршылар» десек, жарасар.

Бұны жазып отырған себебім, біздің де қайыршыларға осындай мәдениет жетіспейді. Өткенде жұма намазынан шығып бара жатсам, ұрса аю құлататын апаларымыз бен зіңгіттей-зіңгіттей ағаларымыз алақан жайып мешіттің алдында қайыр сұрап отыр. Бұрыннан солай ғой. Бірақ, шетелге шығып, анадай «мәдениетті қайыршыларды» көргенде бұлардың бұл құр алақан жаюлары жаныңа түрпідей тиеді екен. Басым көпшілігінің еңбекке қабілетсіз емес, қабілетті екенін көресің. Бірақ, олардың қызметі алақан жаюмен ғана шектелген. Анаған қайыр-садақа беруге өзің ұялып, ыңғайсызданып тұрасың. Себебі, мүсіркейін десең, мүсіркейтіндей халде емес. Жауырыны қақпақтай, білегі тоқпақтай ағалар мен апалар. Сосын, алақан жайғандардың барлығына дерлігі қазақтар. Намысыңа да тиеді екен. Олардан көшеде қағаз-қаламын сатқан саңыраулар мен мылқаулар әлдеқайда намысты.

Бір күні көлігім сынып жолдың шетінде тұрсам, қасыма қолында ұстаған орысша газеттері бар бір орыс келді. Келді де: «Газет алшы», – деп өтінді. Қарасам, өңкей «сканворд» пен «крассворд» газеттері екен. «Рахмет, қажет емес. Крассворд шешіп отыратын уақытым жоқ! Оның үстіне орысша екен», – дедім. Әлгі тағы да: «Алшы, алсаң маған көмектесер едің...», – деді. Сөйтсем, осылайша газет сатып күнін әрең көріп жүрген біреу екен. «Онда мынаны ал, бірақ газетің керек емес», – деп екі жүз теңге ұсындым. Әлгі орысым алмады: «Мен олай тіленшілікпен күн көрмеймін. Алсам да газетімді сатып, адал ақшаға күн көремін», – деді. «Жақсы онда» дедім де, бір-екі газетін алдым. Кеткеннен кейін әлгінің принципшілдігіне, намысқойлығына бас шайқадым. Қайыршы атануға арланады.

Дәл сондай біреуін өткен аптада Көкшетауға кетіп бара жатқанда «электричкада» көрдім. Тағы да орыс. Бір қолы сал. Иыққа іле салған шапанның жеңі секілді бос салбырап жүр. Сонда да мойнына сөмкесін асынып алып, бір қолына газеттерін ұстап, саудасын жасап жүр. Есесіне, еңбекпен тапқан наны өзіне тәтті.

«Неге біздің қазақ мұндай болды екен?», «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге неге құмартады екен бұл қазақ қайыршылары» дедім өзіме? 

Бірде төрт халифаның бірі Хазіреті Омар (р.а.) ақшам намазынан шығып бара жатып, қайыр сұраған біреудің дауысын естиді де, көмекшісіне әлгіні тамақтандыруды тапсырады. Біраз уақыттан кейін Омар (р.а.) әлгі қайыршыны қайыр сұрап тұрған жерінен тағы да көреді. Сөйтеді де көмекшісінен: «Саған ананы тамақтандыр демеп пе едім, тамақтандырмағансың ба әлі?», – деп сұрайды. Көмекшісі: «Тамақтандырдық», – деп жауап береді. Мұны ести салып Омар қайыршының жанына жетіп барады да, аяғының астындағы дорбасын көреді. Қараса, дорбасында нан толып тұр екен. Бұған қатты ашуланған Омар (р.а.): «Сені расымен мұқтаж жан ба десем, мұқтаж емес екенсің ғой. Қайыршылықты кәсіп еткен саудагер екенсің ғой», –  деп, бір дорба нанын түйенің астауына төге салады да, «Екінші бұл жерге келуші болма» деп әлгіні орнынан қуып жібереді.

Міне, мұндай «кәсіпкерлер» қоғамымызда әлі күнге дейін бар. Оның үстіне әжептәуір табыс көзі екенін де білеміз. Тіпті, қайыршылық біреулердің арнайы бизнесі екенін де естіп жатамыз.

Дінімізде қайыршылыққа қатаң тыйым салынған. Бірде Пайғамбарымызға  бір мәдиналық мұсылман келіп, қайыр сұрайды. Пайғамбарымыз  әлгіден: «Үйіңде не бар?», – деп сұрайды. Әлгі болса: «Жартысын астымызға төсеп, ал қалған жартысын үстімізге жабатын көрпе бар. Сосын су ішетін бір құмырам бар», – деп жауап береді. Алла Расулі  әлгі айтқан заттарын алып келуді бұйырады. Сахаба алып келеді. Пайғамбарымыз  сахабалардан: «Кім мына заттарды сатып алады», – деп сұрайды. Араларындағы біреу: «Бір дирхемге мен сатып алайын», – дейді. Алла Елшісі : «Кім бір дирхемнен көбірек ұсына алады», – дейді. Тағы біреуі 2 дирхемге сатып алатынын айтады. Алла Елшісі  заттарды соған береді де, 2 дирхемді қайыр сұрап келген жігітке береді. Сосын: «Мына бір дирхемге отбасыңа талғажау етерлік тамақ ал да, екіншісіне базардан балта сатып әкел», – деп жұмсайды. Сахаба айтқанын орындайды да, базардан балта сатып әкеледі. Пайғамбарымыз : «Енді осы балтаны алып, орманға бар да, ағаш шауып әкеліп, базарға шығарып сат. Ал мен сені бұл жерден он бес күн бойы көрмейін», – дейді. Сахаба айтқанындай орманға кетеді. Он бес күн өткеннен кейін Пайғамбарымызға келіп, осы уақытқа дейін 10 дирхем пайда тапқанын, оны тамақ пен киімге жұмсағанын айтып келеді. Сонда Пайғамбарымыз : Міне, саған қайыршылықтан гөрі осы еңбегің қайырлы. Себебі, қайыршылық Қияметте мұсылманның бетіне қара таңба болып басылады», – дейді.

Әрине, бұл жазып отырған мақаламыздың қайыршылардың қолына түсер-түспесі екіталай. Десек те әрқайсымыз дініміздегі қайыршылық мәселесін жазып, сол жазып алғанымызды қағазға шығарып алып, қайыршыларымызға таратып шықсақ, бәлкім, ойланар, түсінер... Әйтпесе, мұсылман бауырларымыздың Қияметте қарабет болып тұрғаны қайбір жақсы дейсің...

2 пікір
  • Alla razi bolsin Sake mirza.
    10 жыл бұрын
  • Біздің атам қазақта мойына дорба асынып, тілініп, қайыр сұрайтындар деген болмаған. Қайыршылық бізге Қазан төңкерісімен бірге келді деуге негіз бар. Себебі намысшыл қазақ жақын-жұрғаты кедейленгенде, оны кем дегенде мал бағуға қоятын: кедей адал еңбекпен нәпақасын табатын. Жақын-жұрғаты кедейленсе, туысқан бауырын сөз қылмағанда, намысқа тартып, "бәленшенің жақыны күнін көре алмай отыр" -деген сөзге қалмас үшін, намысшыл атам қазақ ең болмағанда малын бақтырып, өз күнін өзі көруге қолдау көрсеткен.
    Қазіргі заманның кейбір "қайыршылары" бұл істі де кәсіпке айналдырып алған. Оларға тәубасына келуге Бір АЛЛА ТАҒАЛАМ жар болсын! "Қайыршы" қазақ! Намысыңды оят!!!
    10 жыл бұрын