Тәһəжжүт намазы жайында не білесіз?
Тәһəжжүт намазы жайында не білесіз?
6 жыл бұрын 244357
Абдусамат Қасым

 

 «Ей, бүркенген жан! Тұр, түннің аз бөлігінде ұйықтап, қалған жарымында намаз оқы. Немесе одан аздап кеміт. Не оған біраз қос».  
(Құран-73: 1-3.)

Құптан намазынан кейін бір ұйықтап тұрып, түн жарымында оқылатын нәпіл намазды «тәһәжжүд намазы» дейміз. «Тәһәжжүд» сөзі «һүжуд» түбірінен шығады, оның мағынасы «ұйқы». Ал, «тәһәжжүд» – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді[1]. 

Тәһәжжүд намазы – нәпіл намаздарының ішіндегі ең абзалы[2]. Ел терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен Аллаға мінәжәт етуге тұрған мұсылмандарға Жаратушының құзырында зор сыйлық бар. Құран Кәрімде Жаратушымыз мүмін пенделерін сипаттай келе былай деп өтеді:

تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ ﴿١٦﴾ فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып), Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай (Құдай иелігінде) сақталған,  оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді»[3].

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) да тәһәжжүд намазының қадір-қасиеті жайында айтылған  көптеген хадистерінің бірінде былай деген:

"عَلَيْكُمْ بِقِيَامِ اللَّيْلِ فَإِنَّهُ دَأَبُ الصَّالِحِينَ قَبْلَكُمْ ، وَهُوَ قُرْبَةٌ لَكُمْ إِلَى رَبِّكُمْ ،
 وَمَكْفَرَةٌ لِلسَّيِّئَاتِ ، وَمَنْهَاةٌ عَنِ الْإِثْمِ "

«Түнгі намазға аса мән беріңдер. Ол – сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілердің үнемі орындап жүретін ісі. Ол (түнгі намаз) – Раббыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады»[4].

 Тағы бір хадисте:

«إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا، يُرَى ظَاهِرُهَا مِنْ بَاطِنِهَا، وَبَاطِنُهَا مِنْ ظَاهِرِهَا أَعَدَّهَا اللَّهُ لِمَنْ أَلَانَ الْكَلَامَ،
 وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَتَابَعَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ»

«Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамдарды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) оразасын ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды», – делінген[5]. 

Тәһәжжүд намазы қанша рәкәғат?

Хадистерге қарасақ, Алла елшісі (с.а.у.) тәһәжжүд намазын екі, төрт, алты, немесе сегіз рәкәғат етіп оқығандығын байқаймыз. Осыдан келіп ғалымдар тәһәджүд намазы ең азы – екі рәкәғат, ең көбі – сегіз рәкәғат етіп оқылады деген тоқтамға келген[6].

Ибн Мәжәнің хадистер жинағында келтірілген риуаятта былай делінеді: «Ер кісі түнде тұрып әйелін де оятып, екеуі екі рәкәғат намаз оқыса, онда олар Алла Тағаланы көп еске алушы еркектер мен Оны көп еске алушы әйелдер қатарынан жазылады»[7].

«Сахих Бұхариде» келтірілген хадисте тәбиғин Мәсруқ:

«Мен Айшадан (р.а.) Алла елшісінің түнгі намазы жайында сұрағанымда: «Оның намазы таң намазының екі рәкәғатынан басқа, жеті (үшеуі үтір), тоғыз (үшеуі үтір) және он бір рәкәғат (үшеуі үтір) еді», – деп жауап берді», деген[8].

«Сахих Бұхариде» орын алған тағы бір хадисте Айша анамыз былай деген: «Пайғамбар (с.а.у.) түнгі намазда он үш рәкәғат оқитын. Оның (үшеуі) үтір және екі рәкәғаты таң намазы(ның сүннеті)». (Он үш рәкәғаттан үтір мен таң намазының екі рәкәғатын алып тастасақ, Алла елшісінің  тәһәжжүд намазын сегіз рәкәғат оқығандығын ұғынуға болады).

 Тәһәжжүд намазының уақыты

Тәһәжжүд намазының уақыты Құптан намазынан кейін басталып, таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Осы аралықта ұйқыдан тұрып,  тәһәжжүд намазын оқуға болады.

Дегенмен абзалы түннің үшінші бөлігінде оқу, яғни, егер күн батқаннан бастап таң намазы уақыты арасын үшке бөлер болсақ, соның таң намазына дейінгі үшінші бөлігі. Осы уақытта тілеген тілектеріміз бен еткен дұғаларымыз және тәубелеріміз қабыл болатындығы хадисте айтылады[9].   

Бұнымен қоса, Алла тағала Құран Кәрімде: «Түнде олар аз ұйықтайтын. Таң алдында жарылқау тілейтін»[10], дей келе таң намазына дейінгі «сәхәр» уақытының маңыздылығын білдіріп отыр. Сәхәр уақыты таң намазына дейінгі шамамен 1-2 сағаттық уақыт, мұны түннің соңғы алтыда бірі деп те атайды.

Хадистерге қарасақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) түннің әуелгі жартысында ұйықтап, соңғы бөлігінде тұрып намаз оқитын. Намаздан кейін төсегіне жататын. Азаншы таң намазына азан шақырғанда тұратын. Егер ғұсылдану керек болса, ғұсылданатын еді. Болмаса, тек дәрет алып шығатын[11].

Ханафи мәзхабында, егер түнді үшке бөлсек соның бірінші бөлігі мен үшінші бөлігінде ұйықтап, ортаңғы бөлігінде тәһәджүд намазын оқудың абзал екендігін айтады[12]. 

Тәһәжжүд намазы қалай оқылады?

  1. Ұйқыдан оянған кісі бетін сипап, мүмкін болса, «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқиды. Бұл – мәндуб. (Оқу шарт емес).
  2. Дәрет алғанда мисуакпен аузын шаюы сүннет[13].
  3. Ниет. Тәһәжжүд намазын оқитындығына ниет етеді. (Ниетте рәкәғат санын айтпаса болады).
  4. Әдеттегідей намаз оқылады. 
  5. Білетін сүрелерін оқиды.
  6. Тәһәжжүд намазы екі рәкәғат. Оны төрт, алты, сегіз рәкәғат етіп оқуға да болады. 
  7. Тәһәжжүдті төрт, алты немесе сегіз рәкәғат етіп оқитын кісі, оларды екі рәкәғаттан бөліп оқығаны абзал (яғни, әр екі рәкәғаттан кейін сәлем беріп аяқтайды)[14].
  8. Әр төрт рәкәғаттан кейін сәлем беріп, төрт рәкәғаттан бөліп оқуға да болады. Мұндай жағдайда, әуелгі отырысында «тәшәһһүд» дұғасын оқығаннан кейін, «салауат» оқылады да, (сәлем бермей) үшінші рәкәғатына тұрғанда «сәнә» дұғасын оқып, «әғузу-бисмиллә» айтумен бастайды.  
  9. «Үтір» намазын тәһәжжүд намазынан кейін оқиды. Алайда  тәһәжжүдке тұра алмайтындығынан қорықса, үтір намазын  тәһәжжүд уақытына қалдырмайды[15].
  10. Үтір намазын орындап қойса да түнде тұрып  тәһәжжүд намазын оқуға болады. 

 Алла жасаған құлшылықтарыңызды қабыл еткей!



[1] قال الطبري‏:‏ التهجد السهر بعد نومة
[2] Имам Тирмизи: «Сүнән» –№1614 хадис.
[3] Құран Кәрім: «Сәжде» сүресі – 16-17 аяттар.
[4] әл-Хәким: «Әл-Мүстәдрак» – (439) №1197 хадис.
[5] Имам Бәйһақи: «Китәбус сүнән» - №8272.
[6] «Фатхуль Қадир» – 1/465 бет; Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар» – Матлаб фи Сәләтил Ләйл. 2/467 бет.
[7] Ибн Мәжә: «Сүнән» – Китабу иқамәтиссала – №1335 хадис.
[8] Ибн Хажар әл-Асқаләни: «Фатхуль бәри шарху Сахих Бұхари» – №1339 хадис.
[9] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[10] Құран Кәрім: «Зәрият» сүресі – 16-17 аяттар.
[11] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – Китабут тәһәжжүд – №1095.
[12] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар» – 2/468 бет.
[13] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – Китабут тәһәжжүд – №1085.
[14] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – Китабут тәһәжжүд – №1086.
[15] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім» – Китабу саләтил мүсәфирин уә қасриһә – №755.

21 пікір
  • Пайдалы ілім жаю жолындағы игі істеріңіз үшін сіздерден Алла разы болсынІ
    6 жыл бұрын
  • Ниет еттім тахаджуд намазынын 4 рəкагат сүннетін отеуге деп бастаймызба
    4 жыл бұрын
  • Тахаджуд намазында сонгы отырыста Салем берилема?
    4 жыл бұрын
    • Қайырлы түн. Әрине беріледі. Аз-маз ерекшеліктері болмаса (олар мақалада айтылып өтілді), әдеттегідей намаз тәртібі бойынша оқисыз.
      4 жыл бұрын
  • Тəһажжүд намазын бастапқыда екі рəкəғат сүннет болып оқылу таң намазының тəртібімен оқыла ма? Фатиха сүресінен кейін əл-имран сүресінің 5 аятын 1 рəккəғатта, 5 аятын 2 рəккəғатта оқыла ма?
    3 жыл бұрын
    • "Ұйқыдан оянған кісі бетін сипап, мүмкін болса, Али Имран сүресінің соңғы он аятын оқиды. Бұл – сүннет" - Бұл айтылған нәрсе ұйқыдан оянған сәтке қатысты, әлі намазға бастамай тұрып. Бұлай істеу де шарт емес. Тахажжуд намазында білген сүрелеріңізді оқи бересіз. Алла қабыл етсін.
      3 жыл бұрын
  • 2 ракат напил намазын калай ниет етеди ?
    3 жыл бұрын
    • Əссəлəму ъалəйкум, кəдімгідей яғни "Алла разылығы үшін 2 рəкағат нəпіл намазын оқуға ниет еттім" деп ниет етіп оқи бересіз...
      3 жыл бұрын
  • мен намаз оқымаймын,бірақ түнгі намазды оқысам болама?
    3 жыл бұрын
    • Əссəлəму ъалəйкум, иə болады. Алайда абзалы 5 уақыт намаздың бірін (таң намазын, не болмаса бесін намазын) оқып бастағаныңыз абзал болмақ. Ал бұдан да абзалы 5 уақыт намазды толықтай оқып бастауыңыз. Себебі, қиямет күні Сіз тəһəжүд намазын оқымағандығыңыз үшін сұралмайсыз, бəлки 5 кақыт намазды оқымағанлығыңыз үшін сұралатын боласыз, өйткені Тəһəжүд намазының үкімі - нəпіл (сүннет), ал 5 кақыт намаздарының үкімі - парыз (міндет). Алла Тағала намаз бастауда жеңілдік берген болсын!
      3 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум бауырым. ТәҺәжжүт намазында сүрелер іштей айтылады ма?
    3 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум Құптан намазынан кейін ұйқтап тұру міндетпе ұйқтамай отырып күтуге болама. тахаджүт намазынан кейін, таң намазына дейін бір ұйқтап тұру міндетпе?
    1 жыл бұрын
  • Тахаджуд намазын оқығанда азан қоамад айтыладыма
    8 ай бұрын