Тозақ пен жәннат
Тозақ пен жәннат
8 жыл бұрын 5809
Асқар Болатбекұлы

 حُجِبَتِ النَّارُ بِالشَّهَوَاتِ، وَحُجِبَتِ الْجَنَّةُ بِالْمَكَارِهِ

«Тозақ – тән құмарлықтарымен, жәннат болса (нәпсіге) жағымсыз нәрселермен көмкерілген»[1].

(Әбу Хұрайра (р.а.) жеткізген. Бұхари, Риқақ 28; Мүслим, Жәннат 1)

 

Хадиске түсіндірме

Хадисте күллі адамзаттың о дүниедегі ақырғы һәм мәңгілік тұрағы болатын бір-­біріне кереғар қос әлем жайлы айтылуда. Иманның алты шартының бірі ғайыпқа иман ету болғандықтан, аталмыш қос әлемнің бар екеніне күмәнсіз сену әр мұсылманның парызы. Ендеше, жәннат пен жаһаннамның хақ екеніне кәміл сенген әрбір саналы жанның біріншісіне жан­тәнімен ұмтылып, екіншісінен аза бойы қаза болып безінуі табиғи болса керек. Дегенмен, хадисте мұның көп жағдайда керісінше болатындығы меңзелуде. Яғни, көптеген адамдардың о дүниеде өздерін күтіп тұрған, бірі көз көріп, құлақ естімеген, жан біткеннің ойына да кіріп шықпайтын керемет нығметтерге толы, енді бірі адам айтқысыз әрі жантөзгісіз азапқа толы қос мекеннің бар екенін біле тұра, біріншісіне ұмтылмайтындығы және екіншісінен сақтанбайтындығы меңзелуде. Мұның себебін де осы хадистің мәніне терең үңілу арқылы білуге болады.

Хадистегі жәннат нәпсіге жақпайтын нәрселермен көмкерілген деген сөз – бәрін материалдық тұрғыдан қарастырып, тек материалдық тұрғыдан бағалайтын, тіпті, бақыттың өзін тек қана материалдық әлемнен іздейтін ғапыл адамдардың көзіне жәннатқа апаратын жолдың жағымсыз нәрселерге толы болып көрінетіндігін білдірсе керек. Әсілі, адам баласы табиғатынан өзіне болашақта берілетін баға жетпес нығметтерден гөрі, болмашы болса да, бірден берілетін немесе көз алдында, қол созым жерде тұрған нығметтерге құмар келеді. Иә, бірден берілетін сый кейін берілетін сый-сыяпатпен салыстырғанда түкке тұрмайтын арзан нәрсе болса да ол үшін алғашқысы артық көрініп тұрады. Міне, адам баласының о дүниедегі баға жетпес мәңгілік нығметтерден гөрі бұл дүниедегі болмашы жалған нығметтерге көбірек құмар болуының басты себептерінің бірі осы болса керек.

О дүниені былай қойғанда, бұл дүниенің өзінде қандай да бір жетістікке жету оңай шаруа емес екені анық. Белгілі бір жетістікке қол жеткізу үшін тер төгіп еңбек ету, неше түрлі қиындықтарға төзу және табандылық таныту шарт. Ал енді адам баласының ең үлкен мұраты мәңгі-бақи өмір сүру, түгесілмес нығметтерге толы жұмаққа кіру болса, әлбетте, оған жету үшін ерінбей еңбек етуі, іштей ұнамды кейбір нәрселерден бас тартуы және өзіне ауыр келетін кейбір міндеттерді атқаруы тиіс. Сондықтан да, жәннат – Аллаға ешкімді және еш нәрсені серік қоспау, намаз оқу, ораза ұстау, садақа-зекет беру, қажылыққа бару, Алланың дініне, ел игілігі үшін, отан үшін күн-түн демей қызмет ету сынды адам нәпсісіне ауыр келетін істермен көмкерілген.

Ал тозаққа келсек, оның сырты адал-арам демей не болса соны ішіп-жеу, тән құмарлығын күйттеушілік, тыйымсыздық сынды нәпсіге жағатын істермен көмкерілген. Сондықтан да, адамдардың көбі бұл мәселеде жәннатқа апарар жолды ауырсынып, тозаққа бастайтын жолдарға түсуде. Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде ащы да болса осынау ақиқатты қалай керемет жеткізген. Ол былай дейді: «Мені мен сендердің жағдайларың бейне бір түн қараңғысында маздатып от жаққан адам мен сол отқа ұшып келіп, өздігінен түсіп жатқан шегірткелер мен пәруаналардың жағдайы тәрізді. Әлгі кісі қанша қақпайлауға тырысса да, олар бәрібір бой бермей лаулаған отқа түсіп жатады. Сол секілді мен де сендерді тозақ отынан аман алып қалу үшін жанталасып, ұстап қалуға тырысудамын. Ал сендер болсаңдар, қолымнан сытылып шығып кете бересіңдер»[2].

Бұл хадис көбіне-көп жастар қауымына қарата айтылғандай. Өйткені, адам баласын тозаққа сүйрейтін күнәлардың көбі тән құмарлығынан туындайтын күнәлар. Әсілі, арам жолмен алынған тән ләззаты улы бал іспетті. Дәмі тәтті болғанмен ақыры жаман болады. Сондай-ақ тән ләззатының адамды жарық отты көріп есі кеткен пәруанадай ақылынан адастыратын сиқырлы күші бар. Сол сиқырдың әсерінен қаншама адам бірнеше минуттық тән ләззатына бола, өздерін мәңгілік азапқа душар етіп, өздігінен отқа түскен пәруананың кебін киуде. Міне, сондықтан да Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетін, әсіресе, жастар қауымын осынау улы балға құмартып, ақыр соңында құрдымға кетуден сақтандыруда.

Әсілі, жәннат пен жаһаннамға, сондай-ақ басқа дүниелерге нәпсінің көзімен емес, жүрек көзімен қарау керек. Өйткені, адам баласы көбіне-көп таяз ойлайтындықтан көп жағдайда өзіне ненің пайдалы, ненің зиянды екенін парықтай алмайды. Осыған орай, Құранда: «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ, ұнатқан нәрселеріңнің де түбінде өздерің үшін зиянды болып шығуы бек мүмкін. Ақиқатын бір Алла біледі, сендер білмейсіңдер»[3], – делінген.

Адамдардың көбі таяз ойлаудың немесе жалқаулықтың салдарынан жақсылықты біліп тұрып одан ат тонын ала қашады. Мысалы, біреулер намаздың парыз һәм сауабы мол құлшылық екенін, тіпті, о дүниеге барғанда бәрінен бұрын намаздан сұралатынын біліп тұрып, күнделікті бес уақыт намазды ауырсынып, азғантай машақаттан қашады. Енді біреулер садақа мен зекеттің берген адам үшін қаншалықты сауапты, қоғам үшін қаншалықты пайдалы іс екенін біле тұра, сараңдыққа бой алдырып жатады. Ораза ұстау, қажылық парызын өтеу және Аллаһ разылығы үшін ешкімнен еш нәрсе күтпей дін үшін, ел үшін қызмет ету, біреуге тегін жақсылық жасау сынды істерге келгенде де нәпсі құрғыр кері тартып, алға бастырмайды. Осылайша, пенде өзін жәннатқа бастайтын жолдағы болмашы һәм уақытша ауыртпалықтардан қашып, ең үлкен нығметтен құр қалады.

[1] Адам баласы үшін ұнамсыз көрінсе де, Алланың бұйрықтарына бойұсұну, сондай-ақ нәпсіге жағымды болса да, Алланың тыйғандарынан бойды аулақ ұстау тозақтан құтылып, жаннатқа кірудің бірден-бір жолы.
[2] Бұхари, Риқақ 26; Мүслим, Фадайл 19
[3] «Бақара» сүресі, 216 аят

0 пікір