Зердені шыңдайтын жол көп
Зердені шыңдайтын жол көп
8 жыл бұрын 4581
Дейл Карнеги кітабынан үзінді

Белгілі психолог, профессор Карл Сишор адамның зердесі (есте сақтау қабілеті) жөнінде мынандай пікір айтқан: «орташа адам өмір бойы өз зерде мүмкіндігінің 10 пайызын ғана қолданады. Қалған 90 пайызы адам есте сақтаудың табиғи заңдылықтарын ұстанбайтындықтан босқа қалады».

Ал, зерденің табиғи заңдылығына кез-келген есте сақтау жүйесінің негізін құрайтын үштікті атаймыз: НАЗАР АУДАРУ, ҚАЙТАЛАУ және АССОЦИАЦИЯ.

Мұндағы есте сақтаудың бірінші ережесіне ерекше назар аудара білу қабілетін атайды. Ол үшін үнемі, әр сәтте, қажет нәрсеге алаңсыз, нақты назар аударатын жаттығуды тұрақты жасау шарт. Тіпті, мүмкін емес дейтіндей қолайсыз жағдайда да назар аудара білу қабілетін жетілдіре түссе, зерде күшейе түсетіні әлдеқашан дәлелденген. Мысалы, американдық атақты қоғам қайраткері Теодор Рузвельт еске сақтау жағынан таңғаларлық адам еді. Міне, осы кісі қабілетті жетілдірудің бірінші дәрежесін үнемі қолданған секілді. 1912 жылы Чикаго қаласында Ұлттық прогресс партиясының съезі өтіп жатады. Рузвельттің штаб пәтері «Конгресс» қонақ үйінде орналасқан еді. Дәл осының іргесінде жүйкеге тиетін музыка үнемі қоса, демонстранттардың үздіксіз айқай-шуы естіліп тұрды. Ал, Рузвельт болса өзінің креслосында грек тарихшысы Геродоттың кітабын шұқшия оқып отыра берді. Міне, бұл қажетті нәрсеге назар аудара білудің, қажетсіз нәрсеге алаңдамаудың үлгісі. Еске сақтауды жақсартудың үздік тәсілі. Осындай әетті игеру үшін күніне ең кемінде бес минут бойы назарды шоғырландырып, ойды бір арнаға жинайтын жаттығуды үзбей жасау қажет. Бұл көп адамдағы ойлау жүйесіндегі бей-берекетсіздіктен құтқарады. Бұл жағдайды Генри Уорд Бигер: «Бір сағат бойы барынша назар шоғырландырып жұмыс істей білсе, ол өмір бойы қалғып өткен адамның пайдасынан да артық пайда әкеледі» деп жазды. Яғни, ойсыздың бүтін өмірінен терең толғаныспен өткен бір сағат артық дегенге саяды. Бұл мысалдан зердені күшейтудің бір құпиясы әр нәрсеге, әр сәтте шұқшия назар аудара білу екенін байқауға болады.

 

Бізде байқампаздық аз

Электр лампасын ойлап тапқан өнертапқыш Томас Эдисонның 24 көмекшісі болған. Олар жарты жыл бойы лампа өндірісі мен Менло-Парк арасында әр күн сайын жүретін. Кейіннен Эдисон әлгі көмекшілерінің бірде-бірінің әлгі ағашты аңдамағанын білді. Әйгілі өнертапқыш осы оқиғадан соң мынадай қорытынды жасаған: «Орташа милы адамның көзі айналадағы көрнекті нәрсенің мыңнан бірін ғана байқайды. Мұның өзі біздің табиғи байқампаздығымыздың мүлде дамымай қалғанын көрсетеді». Бұл пікірде сонша асыра сілтеу жоқ. Орташа қабілетті бір танысыңызға өз достарыңыздың екі-үшеуінің аттарын атап таныстырып, екі аптадан кейін сұрасаңыз әлгі аттарды мүлде ұмытып қалғанына куә боласыз. Неге олай? Мәселенің бірі – оған мән бермегенінде, назар аударылмағанында. Адамның осы керенаулығына көзі жеткен «Нью-Йорк Уролд» журналын алғаш шығарушы Джозеф Пулитцер редакциядағы әріптестерінің үстеліне «байқампаздық» деген сөзді көзге әрең шалынатын кішкентайдан, бадырайып тұратын үлкен мөлшерге дейін тізіп жазылған кесте қағазын жапсырып қойған. Міне, сізге сабақ! Әр жаңа танысыңыздың атын анық тыңдап,  іштей әлденеше қайталап әдеттеніңіз. Өз атын оның және бір қайталауын сұраңыз. Және оның аты-жөнінің қалай жазылатынын да қызықтаңыз. Бұл мінезіңіз жаңа танысыңызға жағымды көрінсе, сіз үшін назарыңызды айқындай түсуге, соның әсерінен жаңа есімді анық, ұмытпастай ғып есіңізге сақтауға себі тиеді. Осы қарапайым оқиғаның өзі сіздің зердеңізді күшейтіп, еске сақтау қабілетіңізді дамыта түсетінін ескеріңіз.

 

Линкольн неге дауыстап оқыған?

Американдық атақты президент Линкольн жас шағында ауылдық мектепте оқыған екен. Жұпыны мектепте жалғыз ғана оқулық болғандықтан, мұғалім оны дауыстап оқып, бүкіл оқушылар оны дауыстап, хормен қайталайтын. Міне, осы жағдай енді, Линкольннің өмірлік айнымайтын әдетіне айналған. Ол кез-келген жерде адамдардың бар-жоғына қарамай, газетті дауыстап оқитын. Бұның себебін сұрағандарға ол былай дейді екен: «Дауыстап оқығанда, әуелі оқып отырған нәрсемді көрем, әрі оны естимін, сөйтіп екі сезім мүшем қатар қабылдайтындықтан еске сақтауым мықты бола түседі». Бұл да саналы түрде зердені күшейтудің тәсілі болса керек. Олай болса осы тәсілді сіз де қолданып көріңіз! Мұндай жағдайда тек естіп, көру ғана емес, нәрсені ұстау, иіскеу, дәмін сезу арқылы да зердені жақсартуға болады. Бірақ, басқасының бәрі көргенге жетпейді.

 

Құранды оңай жаттаудың сыры неде?

Каирдегі әл-Азхар университеті – әлемдегі ең үлкен оқу орындарының бірі. Осынау ислам дінінің оқу орнында 21 мың студент білім алады. Ал қасиетті Құранды жатқа білу – осы оқу орнында оқитын әр талапкерге айнымайтын міндет. Оны тек үздіксіз дауыстап оқып шығу үшін үш күн қажет. Осындай көлемді дүниені жаттап алудың сыры неде? Ол өте қарапайым нәрсе. Ол – қайталау. Еске сақтаудың бірден-бір табиғи жолының өзі – қайталау. Сіз осы қайталауды қолға алсаңыз – қанша көлемді нәрсе болса да қайталай беру арқылы түгелдей жаттап алатын боласыз. Ол үшін жаңа ақпаратты өз сөзіңізге жиі қолданыңыз, басқа қажеттілікке жөнін тауып жұмсай білсеңіз болғаны. Мысалы, жаңа танысыңызбен кеңесіп отырғанда оның атын жиі қайталап отырудың қандай қиындығы бар? «Жаттау – білімнің бастауы» деген қанатты сөз тегін айтылмаған.

 

Жаттаудың да жөні бар

Профессор Эббингхауз мән-мағынасыз сөздердің тізімін өз студенттеріне жаттауды тапсырады. Сонда ол мынаны байқады: Отыз сегіз рет қайталағанда оны үш күнде жаттап алды. Ал алпыс сегіз рет қайталағанда бір күнде оны жаттап үлгерді. Бұдан мынандай қорытынды шығады: Егер мәтінді үздіксіз қайталай берсе, арнайы уақыт интервалы бойынша қайталанғандардан гөрі екі есе уақыт және екі есе көп күш-қуат шығындалады. Оның мынандай екі себебі бар. Бірінші, қайталаудың арасындағы уақыт – біздің есіміз бен еске сақтаудың ассоциация жасауына яғни ойға тоқуға мүмкіндік жасайды. Екінші, қайталаудың арасындағы арнайы үзілістер миға ауырлық түсуден сақтайды. Соның өмірдегі айқын бір мысалы – «Мың бір түнді» ағылшын тіліне аударушы Ричард Бертон жиырма тілді еркін меңгеруінің кілтін сұрағандарға: «Мен шетел тілін жаттаған кезде бір ретінде 15 минуттан артық уақыт жұмсамаймын. Себебі, бұдан кейін мидың жаңа нәрсені қабылдауы азаяды» деген.

 

Ассоциация заңы

Еске сақтауды жетілдіруде назар аудара білу, қажетті нәрсені қайталап әдеттену секілді «еске сақтаудың» негізгі екі заңын сөз еттік.

Үшіншісі, осы «ассоциация заңы» яғни еске сақтағалы тұрған нәрсенің бұрынғы есіңізде бар нәрсемен байланысын таба білу. Бұл еске түсірудің бірден-бір жолы десек, жаңа деректің сізге бұрыннан мәлім деректермен қандайлық байланысы бар екенін жан-жақты ойланып көріңіз. Ол үшін «Бұл неге бұлай?», «Оның бұлай болуы қалайша?», «Қашан осылай болушы еді?», «Қай кезде осылай болды?», «Бұл осылай деп кім айтып еді?» деген сауалдарды өз-өзіңізге бірінен кейін бірін қойып, жедел жауап іздеңіз. Мысалы, қажетті датаны еске түсіру үшін өзіңізге және көпке мәлім даталы күнге қаншалықты қатысы бар екенін анықтай біліңіз. Бұл тәсіл біздің халқымыздың арасында баяғыдан бар. Мысалы, «Асан күйек алып жатқан кезде туған», «Ерке құрман айт күні ұзатылған» т.т. Осы деректің есте оңай сақталуы кімнің қашан туғанын, ұзатылғанын оңай еске түсіруге әрі ұмытпауға септігі зор. Бұған қарағанда қазақтар ассоциация заңын баяғыдан бері жетік меңгерген деуге негіз бар. Олай болса, әркім өз жеке тәжірибесімен де зердесін жетілдірсе зерделі болу қиын емес.

2 пікір