Абай айтқан ғұлама Жалаладдин Дауани кім болған?
Абай айтқан ғұлама Жалаладдин Дауани кім болған?
11 ай бұрын 3572 qarmaqshy-tany.kz/
Қуанышбек ҚАРИ, шығыстанушы

Жалаладдин Дауанидың есімі қазақ арасында Абайдың бір өлеңі арқылы ғана тараған. Дауаниды қаншалықты білеміз? Ол кім еді? Шығарма, еңбектері қандай? Оның аты Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде «Ғұламаһи Дауани» түрінде аталады. Абай бұл өлеңде өзінің Дауанидың ойын мазмұндағанын айтады. Ақын өлеңді мынадай шумақпен аяқтайды.

Мұны жазған білген құл –

Ғұламаһи Дауани,

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл.

Араб-парсы деректерінде Дауаниды «Әлломе-е Дауани», «Мұхақеқ-е Дауани» деп атап жатады. «Әлломе» - ғұлама, «мұхақеқ» зерттеуші деген мағынаны береді. Ол туралы еңбектерде Дауаниды көбіне «Молла Жалал» деп атайды. 

«ҒҰЛАМАҺИ» МА, ҒҰЛАМА МА?

Мұсылмандық шығыста аса білгір ғалымдарды «ғұлама» атау – үйреншікті үрдіс. Ендеше, «Ғұламаһи» деп жүргеніміз – Дауанидің аты емес, дәрежесі десек, дұрысырақ. Ғұламаның толық ныспысы – Мұхаммед ибн Саададдин Асаад ибн Мұхаммед ибн Абдурахим әс-Садеқи әдДауани.

Жалаладдин Дауани – алыс-жақын мұсылманның көбі мойындаған Иран философы, ғұлама. Анықтай айтқанда, кәлам білгірі – мутакалам. Аристотель, Платон және әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан ол Иранның Фарс уәлаятындағы Шираз шаһарына жақын Казерун түбінде 1426 жылы дүниеге келеді. Дауан деген ауылда туыпты. Түп атасы Әбу Бәкір халифа деседі. Ол қайтыс болған соң халифалық Омар, Османнан кейін Әлидің қолына өтеді. Әли Әбу Бәкірдің Мұхаммед есімді перзентін Мысыр әкімі етіп тағайындайды. Сол Мұхаммедтің тұқымынан – Саададдин, одан – Жалаладдин тарайды. Ел Жалаладдинің ғұлама әкесін Саададдин Асаад атандырып жібереді. Жалаладдинің алғашқы ұстазы да – осы кісі.

Жалаладдин жастай білімге құмартып өседі. Өсе келе үй, медреседен аулақта, табиғат аясына шығып, кітап оқиды екен. Көбінесе, ол Дауан ауылының желкесіндегі биікке шығып кететін болған. Тау басында ол өзіне арнап, тошала тектес тұрғын-жай тұрғызып алса керек. Бертінге дейін ел тау басындағы сол тұрғын-жайды «Молда Жалал жартасы» деп атап келген екен.

Өз заманының бастауыш білімін осылайша игерген ол кейін Ширазға келеді. Сонда жүріп ол тек қана білімін тереңдетіп қана қоймай, сонымен бірге қатарластарымен ілім сайысында да таныла бастайды. Ол алғаш Ширазға келгенде шаһарда Садраддин Дәштекиден асқан білімді болмай, үлкен-кішінің бәрі соның сөзіне жығылады екен. Арада аз өткенде, Жалаладдиннің жұлдызы жанып, Садраддинді жеңіп кетіп отырған. Екеуінің арасында қатты айтыстар болып тұрған. Одан қалды, Дәштәки Дауани трактаттарына рецензия – хашие жазып жүреді. Жалаладдин де өз дегенін түбегейлі дәлелдеу үшін оның хашиесіне қарсы хашие жазып отырған.

Жалаладдин Шираз шаһарында Мұхиаддин Көшкінари, Хожа Хасан Шахбақал, Хәмомаддин Кәлбари, Сафиаддин Ширази тәрізді ұстаздардан тәлім алып, ілім бастауынан өз қал-қадірінше қанып ішеді. Аристотель, Платон, Фараби, Ибн Сина еңбектері Дауаниді терең тартып жөнелетіні де – осы кез. Дегенмен арадағы әке қазасы Дауаниді біраз тарықтырады. Бірақ соның бәріне де қарамай ол Шираз медреселеріндегі білім игеруін жалғастыра береді. Тіпті түнді таңға жалғап, мешіт шырағының түбінде түрегеп тұрып кітап оқығандығы жөнінде де деректер бар.

Иран ғұламасы Хаж Шейх Аббас Қуми сол кездің өзінде Дауани даңқының Ұрұм, Хорасан және Түркістанға тарап үлгергені жайында жазады. Жалаладдин жамағат арасында кәлам ілімінің ашайерие ағымының өкілі ретінде танылады. Дегенмен де шиға мәзһабын ұстанатындар оны қалай да өздеріне тартуға тырысады. Шиға ғұламаларының кейбірі оның сүннит мәзһабын ұстанғанына шәк келтірсе, базбіреулер ол сүнни болса да, фанатик емес еді деп ақтап жатады.

САРАЙДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

Жалаладдин кейін әкімшілік істеріне араласып, Абайша айтқанда «ел бағуға» бет бұрады. Сондайда ол Иранның біршама бөлігіне әмірі жүріп тұрған Юсуф Жаһан шахтың уәзірі болады. Түркіменнің қарақойлы руынан шыққан Жаһан шахқа уәзір болып жүрген кезінде Дауани Осман императоры Сұлтан Баязидпен де хат алысып тұрған. Тіпті оған арнап «Эсбатул-уажебул-қадим» (Ескіше уәжіптерді дәлелдеу) және «Бустан улқулуб» (Жүректер бағы) деген трактат жазған.

Дауанидің Жаһан шах сарайындағы қызметі аса ұзаққа созылмаса керек, кейін ол уәзірлікті қойып, Бегім медресесінде дәріс беріп жүреді. Осы екі ортада ол Ауғанстан мен Үндістанға сапарлап қайтады. Атын алыстан естіген жақсыны жергілікті жұрт барынша сыйлап, күтіп, аттандырып салады. Жалаладдин осы сапарынан қайтып келе жатып, жолда Кашан қаласына аялдайды. Сонда ол «Әлжәбр уа әл-ехтиар» (Жәбір және ықтияр) деген трактатын жазады.

Кейін оны Тәбризге ордасын орнықтырған Ирак, Фарс, Әзірбайжан және Керман әкімі – Сұлтан Яқуб Баяндури шақыртып алады. Ол – түркімендердің аққойлы руынан шыққан әмірші болатын. Тәбризге Жалаладдин өзінің Кәмаладдин Хусейн Иазди есімді шәкіртін ертіп апарады. Сұлтанмен арадағы ықыласы жарасқан соң, Яқуб Кәмоладдинді – Иазд қаласының, ал Жалаладдинді Фарс уәлаятының қазысы етіп тағайындайды. Арасында Дауани Ирак жеріндегі мұсылмандардың ерекше қаласы – Нажафқа зиярат ете барады. Сол сапарында ол хикмет ілімінен қозғайтын «Зоурра» (Кеңістік) деп аталатын трактатын жазады. Жолай Гиланға аялдаған кезінде сондағы ғұламалардың қолқасымен тағы да «Эсбатул-уажеб» (уәжіптерді дәлелдеу) деп аталатын кезекті еңбегін жазған екен.

 ОЙЛАРЫ

Сапарлап алысқа ұзап шыққан сайын Дауанидың атағы жайыла түседі. Оның сапар барысында жазған трактаттары медреселерде оқулық ретінде қолданылып жатады. Кейінірек ол өзінің бұрынғы жазғандарына көңілі толмай, кейбір еңбектерін қайта жөндеп, түзеп, күзеп отырған.

Ол Әбдірахман Жәми, Садреддин Дәштәки, Ғаясаддин Мансұр, Имамаддин Әбу Иазид, Шарифаддин Әли Шифтеги, Хаж Махмұд Ниризи және Мулла Хусейн Кашефи сынды саңлақтармен қатар ғұмыр кешті. Олардың бірі – ақын, бірі – философ, тағы да бірі – дін ғұламасы болып келетін. Солардың ішінде Түркістан, Мәуереннаһр – бүгінгі Орталық Азияға танылғаны Хусейн Кашефи еді. Оның өлең техникасы жөнінде жазған еңбектері мен әдеби шығармалары Қазақстан кітапханалары қорында да сақтаулы тұр.

Дауанидің фәлсафасы, көзқарасы терең үңілуді қажет етеді. Исламдық ғылым классификациясы жағынан келсек, ол философ болғаннан бұрын мутакалам, кәлам қайраткері. Яғни ойлауда тек ақылға жүгінетін рационалист. Ал фәлсафа - мутакаламдар үшін ой қайнарының бірі ғана.

Кәлам ілімі ақылға, мантеқ-логика және фәлсафаға негізделеді. Бұл ілімнің ерекшелігі – дінді түсіндірудің бұрынғы догматикалық тәсілін өзгерте білуінде жатыр. Кәламдағы ашайерие ағымы адамды жаратқан – Алла, алайда кемелдікке жету адамның өз қолында деп есептейді. Бұндайда адам кемелдік – жауапкершілік болып табылады. Кәламшылар, немесе, мутакаламдар діндегі жәбрие – жәбіршілер бағытын ұстанады. Жәбіршілер өздеріне қарсы қадерие – қадіршілермен салыстырғанда, құдайды ұлық, адамды кішік санайды. Қадіршілер адамның ықтияры өз қолында, Алланың оған қатысы жоқ дегенді ұстанады.

Дауани дінді қоғамнан бөлек қарастырмайды. Жалпы, сол кездің ғұламалары үшін қоғам мен дін – бір. Дінді ұстануда тақлид тәсілі жетекшілікке алынады. Яғни, жамағат пайғамбарға, оның сахабаларына және халифаларына еліктеу керек. Абайша айтқанда, «болмаса да ұқсап бағу». Жалаладдин Дауани тақлидке сынмен қарайды. Ол тақлидке қалыптасқан догмамен емес, тахқиқзерттеу, ақыл жолымен келгенді жөн санайды. Оның содан тапқан «шын асылы» – пайғамбар тұтас қоғамға мұғалім, ұстаз деген ойға тоқталады. Өйткені пайғамбар қателеспейді. Қателеспеген соң да ол – пайғамбар. Бірақ Дауани көзқарасында әркімнің өз ақылы – өзіне жақын. Сондықтан кім айтса да сөзге «ақыл-мизанмен» өлшем жасалуға тиісті. Сонда ғана пікір ғылыми құнға ие болады. Тиісінше, сенім, иманға ақыл жолымен келгендердің барлығы да ғалым.

Дауани ақылдың тәуелсіздігі, ой еркіндігі деген мәселені ортаға салады. Не нәрсе болса да, «ақыл сенбей, сенбеңіз» деген салауатты жолға нұсқайды. Ол қоғамда тұтқа ұстаған ел ағалары мен төре-әкімдер үшін ақылдың, ақыл жолының артықшылығын дәлелдеп береді. Оның ойынша, пайғамбар – аян үлгісі, халифа – хикмет үлгісі. Дауани танымында пайғамбар – пайғамбар да, халифа – хәкім. Көсем түрлі ілім үлгілерін игерген тұлға болуға тиісті. Сондайда ол ғалымдықтан асып, хәкімдік деңгейге көтеріледі. Анықтай айтқанда, әкім хәкім болу керек.

Дауани пайымынша, кемелдік – алынбайтын қамал, не қол жетпейтін көк емес. Кемелдіктің күрделі ештеңесі жоқ. Қоғамдағы тәртіп пен кемелдік, Дауани ойынша, бір дәрежедегі құндылық. Жалаладдин тәртіп пен кемелдік – ақиқаттың тілегі дейді. Демек, пайғамбар тәрізді ұстаздың, халифалар тәрізді хәкімнің, бір сөзбен айтқанда, «білгендердің сөзіне махаббатпен ергеннің» бәрі де ғалым бола алады екен.

Ендеше, ақылға жүгініп «ғылым тапқан» ғалым екен. Одан асып хикметтен маржан терген – хәкім. Ал ғылымды талдап түсіндіретіндер – ғұлама.

Міне, сондай ғұлама Жалаладдин Дауани заманына сай араб-парсыға жүйрік болған. Бірақ оның өзге замандастарынан бір ерекшелігі – тіл шұбарламауға тырысады. Аса бір қажетті тұстарда болмаса, сол кездің өзге ғұламаларына ұқсап, ол араб пен парсы сөздерін бір-бірімен араластырмауға тырысады. Сөйлегенде – сараң, білімге – кен Жалаладдин жазғанда – жорға.

Сонымен бірге ол ақын да. Жалаладдин Дауанидың үзік-үзік өлеңдерінен хикмет ойлардың сорабын байқаймыз. Ол кейбір өлеңдерін замандастарына арнау түрінде жазған. Дауанидың Сұлтан Баязид пен белгілі ақын Әбдірахман Жәмиге жазған өлеңдерінен де үзінділер бүгінге жетіп отыр.

Өкініштісі – оның өлеңдері бүгінге толық жетпеген, әр жерде жұқаналары ғана кездеседі. Жалаладдиннің жыр жинағы сақталмаған. Тазкере-антологиялардан болса да, оның үзік-үзік өлеңдерін топтастыру әлі күнге қолға алынбаған. Сондықтан оның жыр жұқанасынан гөрі ғылыми трактаттарына көбірек үңілген абзал.

 ЕҢБЕКТЕРІ

Дауани көп жазған. Осы күнге дейін оның қанша трактат жазғаны анықталған жоқ. Иранның дін ғұламалары оның 60-70 қаралы трактат пен тәфсир жазғандығын айтады. Одан белгілісі – 63. Бұл ғылыми еңбектер хикмет, фәлсафа, кәлам, мантеқ-логика, әдебиет, геометрия және астрономия, феқх және тәфсир ілімі тақырыптарында жазылған. Солардың ішінде неғұрлым назар аудартатын трактаттары мынандай болып келеді:

«Эсбатул-уажебул-қадим» – Уәжіптерді ескіше дәлелдеу, «Эсбатул-уажеб-е жәдид» – Уәжіптерді жаңаша дәлелдеу, «Молла Әли Құсшының «Тәжрид» (Оқшаулану) трактаты түсінігіне хашиерецензия, «Тәжрид» трактатына жаңаша хашие, «Эзададдин Ичи Ширазидың «Ақаед» (Қағидалар) трактатына түсінік, «Сихе уа седа» – Дабыра және дауыс, «Диуан-е музалем» – Жаншылғанның жинағы және құранның жекелеген бірнеше сүрелеріне тәфсир-түсінік, тағы басқасы.

Бұлардың ішінде «Сихе уа седа» және «Диуан-е музалем» парсы тілінде жазылса, қалған еңбектер араб тілінде болып келеді. Осы еңбектердің арасында «Ахлақ ул-Жалали» және «Әнмузаж ул-улумнің» орны ерекше. Соңғысын Дауани Фарс әкімі – аққойлы Хусейнбек Баяндуриге арнап жазған. Ал «Ахлақ...» бертінге дейін Үндістанда жарық көріп тұрған. Бұл – оның алдында жазылған Насраддин Тусидің «Ахлақ ул-Насериіне» қарағанда, үздік шыққан. «Жалалдың «Ахлағы» оған қарағанда, түсінікке қолайлы» деп жазады тағы бір дауандық ғұлама Әли Дауани.

«Әнмузаж ул-улум» ғаламның қалай, қайдан пайда болып, сенімді танудағы ғылым сырын талдайды. Бұл трактат Үндістандағы Сұлтан Махмуд Гужратиге арнап жазылған. Осы трактатта Дауани хадис, феқх, кәлам, тәфсир, мантеқ, медицина, геометрия және астрономия ілімдерін тану негізін қарастырады.

Қарап отырсақ, Дауани өзінен ілгерідегі ғұламалар мен хәкімдер еңбегіне де хашие жазып отырған. Оған бірқанша трактаттарын да арнаған. Тиісінше, Дауани трактаттарына да өзге ғұламалар тарапынан хашиелер жазылып отырған. Кейде оның бір ғана трактатына жазылған хашиелер ондап-жиырмалап саналатын.

 МӘЗҺАБТАР МАЙДАНЫНДАҒЫ ӨМІР

Жалаладдин Дауанидың екі ұлы болған. Біріне атасының атын қойыпты: Саададдин Асаад. Екіншісінің есімі – Абдолһади. Ол ертерек қайтыс болып кетеді.

Жалаладдинің өзі қашан қайтты – ол жөнінде бес бірдей жорамал бар. Соның ішінде қисындысы – хижраның 908 жылы, раби ус-сани айының 19 жұлдызы, бейсенбі. Бұл миладиде – 1502 жыл, 19 қазанға дәл келеді.

Осы тұста Иран билігі сефеви әулетінің қолына өтіп, Исмаил шах шиға мәзһабын ресми дін ретінде жариялап, сүнниттерге қарсы жорыққа шыққан болатын. Дауани дүние салған соң арада бір жыл өтіп, шах шынжыры Ширазға да жетеді. Сол кезде сан ғұлама тағдырын қалам мен кәлам емес, семсер шешкен еді.

Жалаладдин Дауани Ирандағы соңғы сүннит мәзһабты билік иесі Сұлтан Әбулфәтхтың жорық қосында жарық дүниемен қош айтысады. Дауан түлегіне топырақ өз туған жерінен бұйырды. Оны жұрты Шейх Әли қорымына жерлейді.

Дауани дүние салғаннан кейінгі кезеңде Ирандағы ілім биліктің құрбанына айналады. Қырғыннан аман қалған ғұламалар мен ақындар Үндістанға, Түркістан, Мауереннаһр мен Ұрұм-Осман империясы иеліктеріне қарай ағыла көшеді.

Әл-Фараби, Ибн Сина және әл-Ғазали үрдісін жалғастырушы ғұлама Жалаладдин Дауани осындай тарихи кезде өмір сүрді. Оның Ширазда түйген бір сырын Абай Шыңғыстауда бір өлеңмен тарқатып түсіндірген. Ол әлі де кеңінен зерттеуді қажет етеді. Өйткені Иранның өзінде Дауани еңбектері жылдан-жылға көмескі тартып бара жатыр, аз-кем аталғаны болмаса, тіпті зерттеу нысанасына да іліге бермейді. 

0 пікір