«Суффа» сахабалары
«Суффа» сахабалары
2 жыл бұрын 3639

Пайғамбарымыз Мәдинада салдырған мешіттің бір бұрышына құрма ағаштарынан көлеңкелік баспана жасатты. Көлеңкелікке арабшада «суффа» делініп, ол жерде тұрғандар «асхабы суффа» аталды.

Суффа сахабалары туған-туыс, жақындары мен дүние-мүліктері жоқ кедей сахабалар болатын. Олар өз өмірін Құран үйреніп, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) тәлім алу жолына арнады. Олардың қажеттіліктерін Пайғамбарымыздың өзі және дәулетті сахабалар қамтамасыз етті.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ілімімен сусындаған бұл бақытты жандар аз уақыттың ішінде сахабалар арасында Құран, хадис және басқа да діни ілімдерді терең меңгеруімен жоғары құрметке ие болды. Олар күндіз ораза ұстап, түнде ғибадат етіп, дүниенің күйбең тіршілігінен бойларын алыс ұстап, алтын уақыттарын Адамзаттың ардақтысынан (с.а.с.) естігендерін жаттап, кейінгілерге жеткізу жолында өткізді.

Пайғамбарымыздың білім бұлағынан сусындаған бұл сахабалар жан-жаққа мұғалім етіп жіберілді. Олар Исламның шынайы рухын басқа руларға, мемлекеттерге көркем түрде уағыздау арқылы жеткізді. Өмірлерін ақиқатты паш етуге арнаған ақиық сахабалар тек уағыздаумен ғана шектеліп қалған жоқ, керекті кезінде қаруларын асынып, қасиетті соғыстарға да қатысты.

Олардың арасынан ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һурәйра, сонымен қатар Бәрә ибн Малик, Абдуллаһ ибн Үнәйс сынды ғалым, тақуа сахабалар шықты. Құран кәрімнің және хадис шәріптердің жатталып, мағыналарының кейінгілерге дұрыс жетуінде бүкіл қиындықтарға төзе білген, білімге құштар жанқияр суффа асхабы табандылықтарының орны ерекше.

Сахабалар жайлы хадистер

Ислам дінін жаю үшін машақатқа толы қиын жолда өзіне серік болып, бүкіл тауқыметті арқалаған саңлақ сахабалар жайлы пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистері көп. Қиыншылықтарға қарамастан, бұл жолда соңына дейін Аллаһ расулымен бірге болуға сөз беріп, уәделерінде тұрған адал достары жайлы Аллаһ елшісінің (с.а.с.) мақтан тұтар сөздері қалайша көп болмасын?! Кішкене жақсылықтың өзін елеп-ескеріп жадынан еш шығармаған Ардақты елшінің (с.а.с.) сын сағаттарда қасынан табылған сахабаларын ұмытуы мүмкін бе?! Төмендегі хадистер осының нақты дәлелі:

“Менің сахабаларымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздерден біріңіздің Ұхұт тауындай алтыны болып, оны тұтастай Аллаһ жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыстық бағыштарына, тіпті оның жартысына да тең келмейді”[1].

“Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүргендер (сахабалар), содан кейін олардан кейін келгендер (яғни, таби‘ун), содан кейін де олардан кейін келгендер (атбаут-табиин)…”15[2].

“Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз”[3].

Әлемдерге рақым етіп жіберілген ақырғы Пайғамбарға (с.а.с.) серік болған сахабалар өздерінен кейін келетін бүкіл ұрпақтар үшін үлгі-өнеге. Шынайы Ислам түсінігі мен өмір сүру дәстүрі сахабалардың кезінде айқын көрініс тапты. Хадисте айтылғандай, олардың өмірі – кейінгі ұрпақ үшін қараңғы түнекте бағыт сілтейтін шамшырақ іспетті.

"Саңлақ сахабалары", Алау Әділбаев                                              


[1] Бухари, Фадаилу-с-сахаба, 5; Муслим, Фадаилу-с-сахаба, 221.
[2] Бухари, Фадаилус-сахаба, 1; Муслим, Фадаилус-сахаба, 212.
[3] Ажлуни, Кашфул-хафа, Бейрут, 1351,1:132

 

0 пікір