Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) бүкіл мұсылман үмбетінің діни көшбасшысы. Оның ұлықтығын мойындап, төбесіне шығармайтын мұсылман жоқ шығар. Кім болса да Әбу Ханифаны құрметпен еске алып, есімін қадір тұтып жатады. Өйткені, Ол өзінің біліктілігімен, тақуалығымен, жұмсақтығымен әрі жомарттығымен мұсылмандардың жүрегінен орын ала білген тұлға. Замандастарының бірі Абдулла ибн Дәуід әл-Хурайбий (р.а.) есімді дін ғалымы әрі «сиқа» атағын алған хадисші ғалымның мына бір жүрек жарды лебізі сөзімізді қуаттай түсері анық. Ол, Әбу Ханифаның дін ғылымына, соның ішінде фиқһ саласына сіңірген еңбегін тілге ала келе:
«Бүкіл мұсылман жұртшылығы әр намаздарында Әбу Ханифаға дұға жасауға міндетті!» - дей келе, Әбу Ханифаның мұсылман үмбетіне тигізген пайдасының орасан зор екендігін ұқтырған.
Әрине, Әбу Ханифаның артықшылықтарын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ұлы ғалымға арнап көптеген кітаптар жазылған. Оның өмірбаянынан сыр шертер кітаптар әр шақта жазылып отырған. Біз мұнда сондай кітаптардың бірінде әңгімеленген Әбу Ханифаның көрген түсі жайында бөліссек деп отырмыз.
Миләди ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір кешкен дін ғұламасы Имам Зәһәби (рахимаһуллаһ) өзінің еңбегінің бірінде бірнеше кісінің аузынан Әбу Ханифаның көрген түсін келтірген:
1). Шуъайб ибн Әйюб ас-Сарифайнидің Әбу Яхя әл-Химмәниден риуаят етуі бойынша, Әбу Яхя әл-Химмәни Әбу Ханифадан естіген мына әңгімесін жеткізеді. Әбу Ханифа былай деген: «Мені қорқытқан бір түс көрдім. Түсімде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірін ашып жатыр екенмін. (Оянсам түсім екен). Кейін бір кісіні (түс жорушы) Мұхаммед ибн Сиринға1 жолдадым. Түсімді тыңдағаннан кейін Ибн Сирин: «Бұл адам (яғни, Әбу Ханифа) Алла елшісінің хадистерін елге жаятын болады» деп жорыды» - деген екен. Басқа бір риуаятта: «Бұл адам пайғамбарлық ілімін тарқататын болады» деп жорығандығы айтылған.
2). Әбу Ханифаның бұл түсін ең мықты шәкірті Әбу Юсуф та естіген. Оны Мұхаммед ибн Шужаъ әс-Сәлжий - Хасан ибн Әбу Мәликтен, Хасан ибн Әбу Мәлик - Әбу Юсуфтан, ал Әбу Юсуф ұстазы Әбу Ханифаның көрген түсін былай деп әңгімелеген: «Әбу Ханифа түсінде Пайғамбардың моласын ашып жатқандығын көреді. Қабірді ашып, Пайғамбардың сүйегін жинақтап, оны құрастыра бастапты. (Оянса түсі екен). Көрген түсі Әбу Ханифаны қатты қорқытады. Кейін бір досына Басра қаласына бара қалса, түсінің мәнін Ибн Сириннан сұрап біліп келуін аманаттайды. Досы Басраға барған кезінде Ибн Сиринға жолығып, одан түстің мәнін сұрапты. Сонда атақты түс жорушы тәбиғин ғалым Ибн Сирин (р.а.) оған: «Ол адам Пайғамбардың сүннетін жинақтап, сүннетті тірілтеді» - деп жорамалдапты. Расында да Әбу Ханифа фиқһпен қатар, Әһлу суннет сенімінің негізін қалаушыларының бірі болып тарихқа енеді. "Сүннетті тірілтеді" деуінің бірі мәні осы болса керек.
3). Әбу Ханифаның бұл түсін замандасы Али ибн Асым да әңгімелеп берген. Ол былай деген: «Әбу Ханифаның былай дегенін естідім: «Түсімде Пайғамбардың (с.а.у) қабірін ашып жатыр екенмін. Көрген түсімнен бойымды үрей басып, болашақта діннен шығып мүртәдд болып кетемін бе деп қорықтым. Анық-қанығын білейін деп бір кісіні Басраға әзірледім (жібердім). Ол түсімді Ибн Сиринға айтты. Ибн Сирин: «Егер түсі рас болса, ол адам пайғамбар іліміне мұрагер болады» деп жорамалдапты» деді» дейді Али ибн Асым.
Қарап тұрсаңыздар Әбу Ханифаның көрген түсі құр түс емес, аян болып, Ибн Сирин жорығандай, кейіннен расында да Пайғамбардың іліміне иелік етеді де, оны мұсылман үмбетіне жайды. Абыздың жаны пейіште шалқысын! Және де қиямет күні махшар майданында Әбу Ханифа сияқты салиқалы тұлғалардың қасында тұруымызды жазсын. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Толық аты: Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Сирин әл-Басри. Атақты «Тәфсируль Ахләм» атты түс жору кітабының авторы. Сахабаның көзін көрген атақты тәбиғиндердің бірі.