Астана іргесіндегі кесене Қабанбай батырдікі екеніне дәлел бар ма?
Астана іргесіндегі кесене Қабанбай батырдікі екеніне дәлел бар ма?
7 жыл бұрын 12182
Марфуға ШАПИЯН

Қазақ тарихында есімі ерекше аталатын дарабоз батыр, талантты қолбасшы, жоңғарларға қарсы болған азаттық соғысының даңқты қаһармандарының бірі Қаракерей Қабанбай батырды білмейтін қазақ жоқ шығар. Оның есімі талай жырға арқау, небір аңызға – сүйеу болды. Ес білгелі аттан түспей елін қорғаға айбынды батырдың кесенесі бүгінде  Астана іргесінде жатыр. Бірақ ондағы сүйектің Қабанбай батырдікі екендігі жөнінде дау көп. Негізгі шайқастарын Шығыста өткізген батырдың сүйегі Арқаға қалай келді? Неге өз ұрпақтарының ортасында жерленбеді? Міне, осындай көңілге күдік ұялатқан сұрақтарға жауап іздеп Астананың шуақты күндерінің бірінде қаладан 30 шақырым жерде орналасқан кесенеге қарай тартып кеттік. Астанамыздағы көрікті көшелердің бірі Қабанбай батыр даңғылымен, Қабанбай батыр ауылын бетке алып, жүйткіп бара жатқан көлік ішінде аты аңызға айналған батыр туралы білетіндерімді іштей ой елегінен өткізіп отырдым.  

Батыр әкеден айырылу

Қабанбай Қожақұлұлы 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Барлық тауының етегінде дүниеге келген. Әкесі Қожақұл өзі тұстас Жалаңтөс баһадүрмен тізе қосып Хиуа хандығына қарсы соғысқан белгілі батыр, қолбасылардың бірі болаған. Жүз жасаған халық ойшылы Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың қандыкөйлек серіктесі болғаны туралы ел аузында көп аңыз әңгімелер сақталған. Ал анасы қалмақтың Босмойын деген батырының ортаншы қызы екен.

Қабанбайдың азан шақырып қойылған аты – Ерасыл. Денесінің ірілігіне қарап жеңгелері Нарбала деп те атапты. Жас күнінен батыр болып, жаудан әкесінің кегін алған соң Ізбасар атанған кезі де болған. Ал Қабан деген есімнің берілуінің сыры жабайы қабандарды жайратып, көшкен елді қауіптен аман алып қалуында деседі. Кейін мал-жаны көбейген батыр есімінің соңына «бай» жалғанып, Қабанбай аты халық ішіне кең таралып, тарихта солай қалыпты.

 

Қайтқан кек

Ерасыл жетіге келгенде әкесі Қожақұлды қалмақтар өлтіріп кетеді. 15 жасқа толғанында ағасы Есенбай да жылқы бағып жүрген жерінен қалмақтардың қолынан қаза табады. Бойын кернеген ашу-ыза, қайнаған кек ешқашан жауынан тайынбайтын баланы алғашқы ерліктеріне бас­тайды. Сөйтіп 1707 жылы Ерасыл қалмақтың асқан батырлары Өлжежырғыл мен Арсалаңды өлтіріп, әкесі мен ағасының кегін алады. Өзінің соңынан қалмақтардың қуатынын білген ол із тастап, Алтайдағы Жаңыл деген апасына қарай кетеді. Зерттеушілер батырдың осы әрекетінің өзі оның соғыс тактикасына шебер, зерделі болып өскенінің белгісі деседі.

Жорықтағы алғашқы жылдар

Керей елінің ішінде тоғыз жылға жуық тұрған Қабанбай 25 жасқа келгенінде ғана еліне оралыпты. 80 жасқа келген ел ақсақалы Өмір батыр Қабанбайдың қайтып келгеніне қатты қуанып, байжігіт руының туын оның қолына тапсырып, батасын берген екен. Бұл 1716 жыл болса керек. Дәл осы жылы Аягөз маңына жоңғарлардың қалың қолы келе жатқаны туралы хабар келіп, қол бастаған Қабанбай соғысқа аттанады. Қазақтар мен жоңғарлар арасында екі жыл қиян-кескі ұрыс жүріп, 1718 жылдың көктемінде қазақ әскері басшыларының алауыздығы себебінен жеңіліс табады. 1722 жылы қазақ жерінде алапат аштық жүріп, оның соңы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дәуіріне ұласады. Осынау жылдар арасында Қазақ хандығы да есеңгіреп, Тәуке хан өмірден өткен соң елді басқарар дұрыс басшы болмай, жік-жікке бөлініп кете барады. Қазақтың көп жері жаудың иелігіне өтіп кетеді.

Жекпе-жектің теңдессіз шебері

Тек 1726 жылы ес жиған қазақ әскері Ордабасы тауының етегінде кеңес өткізіп, Әбілқайырды қазақ жасақтарының қолбасшысы етіп сайлайды. Осы шайқаста Қабанбай батыр Әбілқайырдың сенімді серіктерінің бірі болып, ержүрек батырлығымен көзге түседі. Ал 1728 жылы өткен «Бұланты» шайқасында, тарихта «Қалмаққырылған» аталған осы соғыста Қабанбай түмен (он мың қол) басқарып қатысқан деседі. 1729 жылы өткен атақты «Аңырақай» шайқасында қазақ қолының жеңіске жетуіне Қабанбай батырдың әсері мол. Ол жекпе-жекте қалмақ батыры Домбауылды, Бөгенбай батыр Шунидабаны, Наурызбай батыр қалмақтың екі бірдей батырын жеңіп, қазақ жасағының абыройы көтерілген екен.

 

Қазақ қолының бас сардары – Қабанбай батыр

Қабанбай батыр 1730 жылдардан бастап қазақ жасақтарының бас сардары, сұңғыла хан Абылайдың сенімді серіктерінің біріне айналды. Осы жылдары жоңғарлар басып алған қазақ жерлерінен Ілеге дейін қуылады.

1727 жылы қалмақ қоңтайшысы Сыбан Рабтан өліп, орнына ұлы Қалдан Серен отырады. Ол қазақ ішінің жік-жікке бөлініп жатқанын шебер пайдаланып, 30 мың қолымен Қандыжапты Арқадағы Орта жүзге шабуылға аттандырады. Қандыжаптың бетін қайтару Орта жүз жасақтарының басшысы Абылай мен Қабанбайға жүктеледі. Дәл осы шайқаста Қабанбай қалмақ батыры Қандыжапты жекпе-жекте жеңіп, тірідей қолға түсіреді. Осыдан кейін екі жақ бітімге келіп, бір-біріне қару кезенбеске серттескен екен. Бұл «Қандыжап бітімі» деп аталады. Осыдан кейін жау шабады деп ойламай, жайбарақат жатқан жерінен 1740 жылы Жәміноян бастаған 30 мың қол тұтқиылдан келіп, ұйқыдағы Абылайды байлап әкетеді. Сұлтанынан айырылып күйзеліске ұшыраған қазақ елінің басын Қабанбай қайта қосып, соғыс дайындығына кіріседі. Әрі жоңғарларға Абылайды босату жөнінде елші жібереді.

Соғыс тәсіліне жетік  Қабанбай

1745 жылы Қалдан Серен өліп, жоңғардың бағы таяды, артында қалған ұрпақтары тақ таласына кіріседі. Қазақ батырлары осы сәтті пайдаланып, өз жерлерін жоңғарлардан босатуды қолға алады. Қабанбай батыр 1753-1755 жылдары Алтай, Қалба өңірінен жат жұрттықтарды қууға және үш айға созылған атақты Шорға соғысына басшылық етеді. Қабанбай батыр тек алып күштің ғана иесі болмаған, ол мемлекеттік қайраткер, саясатқа да жүйрік, қиыншылық жағдайда соғыс әдістерін қолма-қол ойлап табатын, соғыс тәртібіне қатал, күнделікті тұрмыста мейірімді, қайырымды жан болған. Шорға өңірінде болған шайқаста қалың тал ішіне 2000 қолды жасырып қойып, біздің қосын әлсіреп бара жатқанда тұтқиылдан жаудың сырт жағынан қосымша күш қосып жеңген. Не болмаса түнде із тастап жауды адастыру, жау күтпеген жерден кенеттен пайда болу, апақ-сапақ уақытта Толағай тауын айналдырып түйе айдап, түйенің екі өркешін екі сарбаз етіп жауға елестетіп, құтын қашыру, тас қараңғы түнде жау арасына кіріп, оларды бір-бірімен соғыстырып қою сияқты әдістерді шебер пайдаланған. Өзі соғыстың алдыңғы шебінде жүріп, ешқашан сескенуді білмеген, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген жан екен. Кей деректерде, осы Шорға соғысы 1760 жылдардың басында Жәнібек батырдың талабымен, Алтайдағы жауды Қобдаға қуу үшін болған делінеді. Қабанбай туралы Жәнібек батырдың халық арасына кең тараған «Жауға тиіскенде кірген жағы есік, шыққан жағы жол болып қала беретін» – деген сөзі бар екен.

Соңғы шайқас

60 жыл бойы аттан түспеген Қабанбай батыр 1769-1770 жылдары қырғыздарға қарсы жорыққа дайындалады. Себебі олар 1766 жылы қазақ еліне бірінен кейін бірі үш рет шабуыл жасаған екен. Қытай жазбаларында осы соғыс туралы: «Абылай қолы Қарабалдан деген жерде қырғыздармен соғысады. Қырғыздардың ер-әйелі, мал-мүлкі талауға түседі. Бұраттардың Әтеке бастаған адамдары Талас деген жерге дейін қуып келген еді. Бірақ күйрей жеңілді. Мыңнан артық адамы өліп, мыңнан артық адамы тұтқындалады. Сөйтіп қазақтан өш алу үшін бұраттардың (қырғыздардың) ойран-топырын шығарды» – делінеді. Осы шайқаста Әтеке Жырықты жекпе-жекте өлтірген Қабанбай қайтар жолда науқасқа шалдығыпты. Қабанбайдың ауыр науқас болып жатқанын естіген Әтекенің Садыр (кей деректерде Қарабек) деген баласы кек алмақ болып, көзі тірісінде әйгілі батырдың ауылын шаппақ ниетпен қол бастап келеді. Жұртты үрей басады. Сол сәтте буынын қатайтуын Алладан сұраған батыр қайратына мініп, төл атымен серттесіп, соңғы рет жауға мінген екен. Елін шабуға келген жауды біржолата жайратқан Қабанбай:

Амалмен құрған қақпанды,

Ақылды пенде баспайды.

Тәңірім жазған жазудан,

Өлшеулі ғұмыр аспайды, – деген күйі 1770 жылы 79 жасқа қараған шағында, артына ұран болар есімін қалдырып, дүниеден өтіпті. Замандасы абыз жырау Бұқар ол өмірден өткенде:

Айналайын, Қабанбай,

Жау келгенде жарағым.

Асқынып елге дау келсе,

Түрулі еді құлағың.

Баса-көктеп жау келсе,

Басындырмас пырағым.

Мың жылқыны суарған,

Төскейдегі бұлағым.

Бүгін түсте естідім,

«Қабанбай ауру» дегенді.

Құлазып көңілім қобалжып,

Жетімсіреп жыладым, – деп егілген екен.

Бір анығы, Қабанбай батыр ат үстінде өмірден өткен. Бірақ соңғы шайқаста жараланды ма, жоқ әлде, науқасы сыр беріп қайтыс болды ма, ол жағы беймәлім. Бізге белгілісі, батырлардың арманы  шайқаста өлу екендігі ғана. Ендеше, Қабанбай  арманы орындалған бақытты батыр.

Қабанбай батыр туралы бала кезден таныс осы бір мәліметтерді ойша саралап отырып, кесенеге қалай жеткенімізді де білмей қалыппын. 

Мола Арқаның биіктеу тұсында орналасқан екен.

 Бізді Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, шежіреші қарт Камал Әбдірахман кесенеге қарай бастады.

Кесененің кіре беріс тұсына Қасиетті Құраннан Аятүл-күрсі аяттары жазылыпты. 

Кесененің ішіне де  Алланың, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімдері ілінген. 

Біздің тізе бүккенімізді байқаған Камал қажы Құран оқып, Алладан Қабанбай батырға дұға етті. 

Осыдан кейін барып мен өзімді мазалап келген сұрақтарды қоя бастадым.

– Камал аға, кезінде Қабанбай батыр туралы «Дарабоз» атты роман жазған белгілі жазушымыз: «Қабанбай батыр Тоқта тауының бас жағында Сарыбел дейтін баяғы өзі 16 жасында майданға аттанған жерде 78 жасында дүниеден өтіпті және өзін сонда жерлеуін өсиет етіпті. Балаларының Әзірет Сұлтанға апарсақ дегеніне: «Менің орным қалада емес, далада. Өлсем де осы шығыстың қақпасын күзетіп жатамын. Мені сонда қойыңдар», – деп жауап беріпті. Сол кездегі дәстүр бойынша, жауы көп адамдарға қалада, болмаса далада мола тұрғызбайды екен, жерлеген соң тегістеп тастаған. Бір-екі ұрпақ ауысқанша ұрпақтары ғана сүйегінің қай жерде жатқанын білген. Кейін үстінен шекара жүргізілген. Ары-бері өтудің өзі қиын болған. Бірте-бірте адам жадынан өше бастаған. Қазір біреулер Астананың ар жағындағы 30 шақырым жерден «Қабанбайдың сүйегін таптым» деп жар салып, кесенесін көтеріп, шырақшы болып жүр. Оныкі дұрыс емес. Ұлы қолбасының асыл сүйегi өзi өсиет еткендей Жоңғар қақпасында, Тоқта тауының сыртындағы Сарыбелде жатыр. Оны ендi саясатқа қажет екен деп, жалған кесене біреулердің кiрiс көзi екен деп, Ақмолаға көшiрер жайымыз жоқ” деген болатын. Бұл уәжге сіз қандай жауап қайтардыңыз?

– Қаракерей Қабанбай батыр туралы Қазақстан Ғылым академиясында он сегіз дастан, Омбыдағы Потанин құжаттарында бір дастан, Қазан университетінің сирек қолжазбалар бөлімінде бір дастан бар екенін филология ғылымдарының докторы, профессор Болатжан Абылқасымов 1979 жылы жазып еді. Осы жырлардың денінде дүние-жалғанның өтерін түсінген Қаракерей Қабанбай батыр Қубас атымен арыздасып:

Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен келдің отыз сегізге, – деп, қанша жасағанын айтады. Сонан соң:

Жиылып тегіс, ас беріп,

Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар, – деген күйі жан тапсырады.

Демек, бабамыз «от орны – туған жері» – Арқа екенін қадап тұрып, нақтылап көрсетеді. Өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Өзгелей өсиет жоқ. Батырдың бұл аманаты көңіл сұрай келген дала саңлағы Бұқар жыраудың, Абылай ханның, Қанжығалы Бөгенбай бастаған Үш жүздің игі жақсыларының, найманның сөзұстар азаматтарының, Гауһар-Майсарадай батыр қосағының, «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Назымдай батыр қызының алдында айтылады. Бұған дәлел Бұқар дананың:

Кеше түсте естідім,

Қабанбай ауру дегенді, – деп, кешке қарай келуі, Үйсін Сарышуаш жыраудың:

Албанға келді бір хабар,

Үйсінге түсті бір шабар,

Дулаттың жиып жақсысын,

Арыздасып қалсын деп,

Өзіңе тарттық бір сапар, – деуі.

Сол заманның адамдары көңіл сұрауларын осылай бастайды. Батырды науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа ат шаптырылған. Ғалымдар сол жылдары Бұқар жырау Асақарлыда (бүгінгі Осакаровка) отырғанын айтып жүр. Екі орта 65-70 шақырым. Ендеше, қыстың көзі қырауда Бұқар жырау келген жерге көрші қоныстағы Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр неге келмесін? Ол жылдары Абылай мен Дарабоздың қатар көшіп жүргені бесенеден белгілі. Енді ойланайық. Осындай алқалы топтың ортасында айтылған аманат орындала ма, жоқ па? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, намысшыл жұрт қайтсе де батырдың соңғы тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Егер орындамаса, сол күні қалың найманның, ну қаракерейдің тірідей өлгені. Бұл – даланың жазылмаған заңы.

Дастандардың біршамасында батырдың келіні, Дәулетбайдың келіншегі былай дейді:

Есіл мен Нұраның

Арасына сыймаған,

Қайран менің қайнағам!..

Әне, батырдың көз жұмар тұстағы мекені қай жер екенін тап басып айтады.

Қазір кесене тұрғызылған жерді маңайдағы жұрт «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді. Кесене маңы қалың мола. Мұнда 1931 жылы Қабанбай атамыздың тікелей ұрпағы Қыдырмолда жырау үш түнеп, шырақшы болып отырған Досан ағадан көп әңгіме естиді. Байжігіттер шығысқа, Жетісуға көш түзегенде батырдың немересі Садырбай бір баласын шырақшылыққа тастап кетіпті. Қабанбай ұрпақтарының соңы Арқадан 1857 жылы қозғалыпты. Досан аға сол ұрпақтан. Осы адамды танитын сан адаммен өзім  де кездестім.

– Мұның бәрі аңыз ғой. Ал аңыздың тарихи шындыққа сай келе бермейтіні анық. Ауызша дүние кейде қателесіп жатады. Ендеше батырдың, батыр елінің Арқада отырғаны жайлы нақтылы тарихи деректер бар ма?

– Бар, солардың екі-үшеуіне тоқталайын. Тарих ғылымдарының докторы Н.Апполова «Қазақстанның ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың  40-60-жылдары Арқада қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұрада көшіп жүрді» дегенді алға тартады. 1760 жылдардың аяғындағы нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымдарының докторы Н.Бекмаханова Кенесары туралы «Легенда о невидимке» деген кітабында да жазады. Ар жағындағы бірер жылда Қаракерей Қабанбай батыр «от орнында», яғни Арқадағы Нұра өзенінің жағасында дүниеден өтті.

Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы, Ақмола кесенесі тұрған ауылдың азаматы Нәби Дауылбаев, тарих ғылымдарының докторы Байтұрсын Дәрішевтер Нұра өзені бойындағы мола Қаракерей Қабанбайдікі екенін үнемі шәкірттеріне айтып, саналарына сіңіріп отырған. Олардан келген хаттар қолымызда. Осыдан үш жыл бұрын тарих ғылымдарының докторы Едіге Уәлиханов соны бір дерек келтірді. Онда да «Қаракерей Қабанбай батыр 1770 жылы  Арқада, мола тұрғызылған жерде отыр, ешқайда көшер ойы жоқ және найманның сөзұстары» делінген. Біз тарихи деректеріне сүйеніп отырған алты ғалым да мұрағаттарда жылдап отырған, бұра тарту дегенді қаперге алмаған азаматтар. Бұлардың айтқандарын жоққа шығарған бір де бір салауатты ғалым жоқ. Ал өзі ғана емес, өзгені де жаңылдырғысы келгендер шығып жатса, алдағы уақытта олармен дауласу қажет емес. Себебі, тарих жеке адамның пікірімен санаспайды, тарихи нақтылы деректерді талап етеді.

Көздеріңіз жеткен шығар, дастандардағы деректер мен нақтылы ғылыми негізделген мұрағаттық жазба деректер бірдей. Әдетте шежіреде ауыз әдебиетінің деректері мен тарихи дәлелдер сәйкесе бермей, әр қиырға тартып тұратын. Бірақ Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған жер жайлы деректер бірауызды. Бұл – бір және ең бастысы. 

Қытайда танылған тағы бір дара тұлға Кәрібай Таңатарұлының «Мұрын және Байжігіт» атты дастаны бар. Оқиғаны  Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, төбе би Сүлейменнің айтуымен 1916 жылы жыр жолдарына түсіріпті. Дастан «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Осы дастанда Байжігітке қалыңдық іздеген анасы Мақта матай ішіндегі қаптағайлардың Бақберген деген азаматының үйіне жолай түсіп, оның Бүрлен деген қызын ұнатқаны айтылады. Жырда:

Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып, отырған соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда, – деген жолдар бар. Міне, Қабанбайдың арғы түп атасы Байжігіт Есіл, Нұра бойында отыр. Сол жердегі матайға ағайын болмақ. Қабанбайдың ата-бабаларының мекені шығыс емес екені анық көрінді. Батыр Арқада туған. Бұл – екі. Үшінші, Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылы Алакөлде кім отырды? 1785 жылғы 13 шілдеде Шанышқылы Бердіқожа батыр Семей бекінісінің комендантына мынадай жағдайды жеткізіпті: «Аягөз өзенінің сол жағалауына өткізбейді. Қарақолға қарай өтіп едік, қуып тастады». Нақ осы кезде Аягөздің оң жағалауында Жаңаби бастаған 700 үй байсуандар, Долы, Дәулет бастаған 400 шаңырақ албан-қоңырбөрік, Әжібай, Алтай бастаған 300 шаңырақ қызылбөрік (ол да албан), Қойсоймас, Қараша бастаған 1500 шаңырақ шапырашты, Атанбай бастаған 700 шаңырақ найман-қызай, 600 шаңырақ ақбарақ, ақболат Итемген, Жошан билердің басшылығында, Садық бастаған 120 үй қаңлы, Игілік бастаған 500 шаңырақ қашқарау, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған 600 шаңырақ жалайыр, Байғабыл, Өтеп бастаған 100 шаңырақ  жаныс (дулат), Тайлақ батыр бастаған қайнардың 600 шаңырағы отыр. Олар 1758-1762 жылғы уақытша қазақ-қытай келісімдеріне сәйкес Аягөзді кешіп, ары өте алмаған. Бұлардың арасында Қабанбай елі байжігіттер аталмайды.

– Өзіңіз бұл моланың батырға тиесілі екенін қашан естідіңіз?

– 1979 жылы «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» деген салмақты академиялық кітап жарық көрді. Сонда және 1991 жылы мамырдағы Республикалық үлкен ғылыми жиында Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы ғылым докторы, профессор Болатжан Абылқасымов Хан батырдың Ақмолада жерленгенін айтты. Ол материал қолымызда. Сене алмадық. Сол себепті де 1991 жылы арнайы келіп көп мағлұмат жинадық, оны «Алатау» телебағдарламасы көрсетті. Жергілікті жұрт бірауыздан Қаракерей Қабанбай батырдың моласы дейді. 1941 жылы соғысқа аттанған үш кісі кетерлерінде батыр басына келіп Құран оқығандарын, кейін аман-есен оралғанын айтты. Солардың бірі Смайылов Қасенбай ақсақал ескіше сауатты екен: «Біз аттанғанда мола ішінде «Қожақұлұлы Ерасыл» деп жазылған қызыл тасы тұрған. Оралғанда жоқ екен. Оны осында жер аударылып келген шешендер Құран оқып алып, елге қол диірмен жасап беріпті. Бірінен бидай, бірінен ет алып, қыстан шығыпты», – деді. Жұрт мола басында 1937 жылға дейін Досан деген қарияның шырақшы болып отырғанын, сол үшін қудаланғанын жадында сақтап қалыпты. Осы мағлұматтар үлкен ой салып, ата тарихын зерттеуге бет бұрдым.

– Мына тұрған кесене қай жылы салынды?

– 2000 жылы салынды. Сол жылы мамырдың 16-сы күні құлап жатқан ақ моланың түстік жақ бетінде үлкен жиналыс өтті. Мені Талдықорғаннан арнайы шақыртты. Ол кезде қаланың әкімі Әділбек Жақсыбеков, орынбасары Төлеген Мұхамеджанов, тағы бір орынбасары Қайрат Сатыбалды. Сөйтіп, осы жерге келіп жиналыс өткіздік. Оған дейін ақпанның аяғында осы “Астана ақшамы” газетіне менің “Қаракерей Қабанбай батырдың ақ моласы” деген мақалам төрт газетке бөлініп шықты. Елдің құлақтанып қалған уақыты. Жиында соның бәрін алға тарттым. Маңайдаңғы ауылдардан ақсақалдардың бірі маған қарсы шығып: “Сенің айтқаның дұрыс емес. Бұл Қыпшақ Нияз бидің моласы”, - деді. Сол кезде мына қазіргі Қабанбай батыр, Қызылжар ауылдарының екі ақсақалдың бірі,  жасы сол кезде 90-ға келіп қалған Сағынтай деген қария: “Менің әкем де, атам да 103-ке келіп өлді. Жеті жасымда,1917 жылы мұның батырдың моласы екенін солардан естігенмін” деді. Екінші ақсақал байсалды кісі екен: “Нұреке, сіз бұл жаққа кейіннен келіп жатырсыз ғой. Мен мен де бала жастан бұл моланың Қабанбай батырдікі екенін білемін”, - деді сабырмен. Сөйтіп мамырдың аяғына қарай кесенені салу басталды. Қарашаның 3-і күні кесене ашылды. Мен шырақшы болып келдім.

 Аға, Қабанбай батырдың тікелей ұрпақтары бар ма?

 Қайсыбірін айтайын, көп қой. Мысалы үшін кешегі өткен Мұстафа Өзтүрік, қазақтың алғашқы парламент төрағасы Марат Оспанов, жазушы Зейнолла Сәнік, бәрі-бәрі батырдың ұрпақтары.

– Олар аталарының сүйегі осында екеніне сенеді ме?

 Бәрі біледі. 2000 жылы қарашада кесене ашылған кезде Зейнолла Сәнік ағамыздың: “Баба, кешір. Алды 200, арты 150 жыл бұрын аға баласы арғынға сеніп тапсырып, көшіп кетіп едік. Содан сенің соңыңнан айдалада отырып Құран оқушы едік. Шекарадан өте алмай, қанат байлап жете алмай артыңдағы қалың ел аманат қылып мені жіберді. Тізем бүгіліп көтере алмай тұрмын, енді айырылмаймын, ата”,  деп жылады ғой.

  Ұрпақтарын сұрап отырған себебім, батырдың сүйегі Жоңғар қақпасында жатыр деп есептейтін Қабдеш Жұмаділов секілді ағаларымыздың күдігін сейілту мақсатында Қабанбай батырдың ДНҚ-сын ұрпақтарынікімен салыстыру арқылы тексеру ойда жоқ па?

 Ол үшін қайта қазу керек қой. Нақтылы тарихи тұрғыдан дәлелденген нәрсеге оның қажеті шамалы деп ойлаймын.

 “Қайта қазу” деп қалдыңыз, ешқандай тексеру болмаса бірінші рет неге қазып алдыңыздар? Сүйекте батырға тән қандай да бір белгілер болды ма?

 Қабір сүйектің нақты бар-жоғына көз жеткізілу үшін қазылды. 2000 жылы 3-маусым күні қазған жігіттер сүйегіне жетіпті. Ол кезде ДНҚ-сын тексеру ешкімнің ойында болмаған. Сүйекте батырға тән екі нәрсе көзге көрінді. Бірі – басы. Қабанбай батыр туралы дастанда “Қабанбайдың дулығасы қомба қостай үлкен еді” делінеді. Яғни, басы ерекше үлкен адам болған ғой. Қазған жігіттер де бассүйектің керемет үлкен екенін айтты. Екіншісі – Қабанбай батыр алып адам болған. Анау-мынау ат оны көтере алмай, белі үзіліп кетеді екен. Атқа мінгенде аяғы жерге тиеді екен. Қазып алынған сүйектің ұзындығы да осыны айғақтайды. Өлшегендер бойы 2 метр, 8 см болғанын айтты.

– Порталымыз islam.kz болғаннан кейін сұрамай болмас, сол кездегі қазақтың батырлары дінге қаншалықты жақын болды?

 Ерасыл алты жастан аса бере өзінің қатарынан төрт-бес жас үлкен балалармен араласып, солардың жанына ере бастапты. Олармен бірігіп бұзықтық та жасап қойса керек. Баланың күші тасып тұрғанын байқаған әкесі Қожақұл: “Қой, былай жүре берсе болмайды екен. Мен сені тыныштандырайын” деп, өз қолымен апарып, молданың алдын көрсеткен екен дейді деректер. Қабанбайдың әкесі батыр 7 жасқа келгенде жау қолынан қаза тапқан. Демек, Қабанбай батыр жеті жасқа келмей молданың алдын көрген болып шықты. Қалай болғанда да, сол ауылдың молдасынан оның білгенін біліп шыққан адам ғой. Осыған қарап, Қабанбай батырды діни сауатты болды деп толық айта аламыз. 

 Камал аға, қазақ батырларының жауға “аруақтап” шапқанын тарихтан білеміз. Сонда батырлардың көмекті Алладан емес, аруақтан сұрағаны ма?

 Рас, ол заманда бүгінгі күннен бір айырмашылық, жауға аруақтап шабу. Жоқ, олардан көмек сұрамайды. Батыр аталарының атын ұрандату арқылы күшін шақырып тұр. Әйтпесе, аруақтан көмек сұрап, жалынып-жалбарының тұрғаны жоқ. Еске алып, көз алдына елестетіп, солардан кем еместігін көрсетіп тұр. Жауына сұс көрсетіп тұр.     

 Үйіңіздің бір бөлмесін музей жасап отыр екенсіз. Мұнда Қабанбай батырдың нақты өзіне тиесілі заты бар ма?

 Бұл бөлмедегі заттарды Өмірбек Байгелді жасатып, сыйға тартты. Атамыздың өзінен қалған жез легені бар еді. Оны мен Алакөл ауданы, Қабанбай батыр ауылындағы батырдың музейіне тапсырдым. Түркістандағы архологиялық мұражайда Қаракерей Қабанбай батырдың сапысы тұр. Оны кезінде Өзбекәлі Жәнібеков өткізген екен.    

 Әңгімеге әбден қанып, көкейдегі сұрақтарға жауап естігеннен кейін батыр кесенесі маңындағы өзге қабірлерге назар аудардық. 

 Қабанбай батыр кесенесі Ұлттық пантеонға айналады деген сөз шыққалы да бірер жылдың жүзі болған. Сол бастаманың нәтижесі ретінде қазақтың теңдессіз ақын-жазушылары Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова да батыр бабаның жанына жерленген. 

Халыққа өлшеусіз қызмет еткен Орал Мұхамеджанов пен Мақсұт Нәрікбаевтың да қабірі осында.  

Бірақ көңілімізді алаң еткен бір жағдай болды.  Ол жақында ғана дүниеден өткен Мәжіліс депутаты Сергей Дьяченконың мұсылман зиратына өте жақын, әрі бір қатарда жерленуі еді. Пантеонда адамдарды дінге бөлмей елге еткен қызметіне қарап жерлейтінін білеміз. Десек те, әу бастан мұсылман зиратына жер жетпейтіндей аса мұқтаж жағдай болмаса діні бөлек жанды бірге жерлемейтінін анық.  Тым болмаса ортасын бөлу қажет пе еді... Сөйтіп батыр баба басынан ауыр ой арқалап қайттық... 

Суреттер авторға тиесілі

0 пікір