Дін дұшпаны Әбу Ләһәб қалай өлді?
Дін дұшпаны Әбу Ләһәб қалай өлді?
4 ай бұрын 4691

Әбу Ләһәбтың шын аты-жөні Абдулъузза ибн Әбдулмұтәліб. Пайғамбарымыздың әкесімен бірге туған. Алла елшісінің немере ағасы. Көзі тірісінде тозақтық екендігі сүйіншіленіп, арнайы сүре түскен адам. Өйткені, дінге және Мұхаммед пайғамбарға деген жауыздығы ерекше тұғын. Әйелінің де Мұхаммед пайғамбарға деген дұшпандығы айтарлықтай еді. Жүретін жерлеріне тікенектер тастап, үйінің есік алдына боқтықтар төгіп қоятын. Халықты айдап салып, Мұхаммед ғалейһиссәләмға және мұсылмандарға көрсетпегендері жоқ. Ақыры арнайы сүре түсіп, олардың тозақы екендіктері көзі тірілерінде айтылды. Расында да өлелгенше дұшпандығын қоймай, сол күйінше бақилық болды. Осылайша, Тәббәт сүресіндегі бірнеше жыл бұрын айтылып қойған ақпар, шындыққа ұласты. Бүгін Әбу Ләһәбтың ақыры қалай болғандығы жайында айтып өтсек. Ақыл иелеріне ғибрат болары сөзсіз. 

Пайғамбарлық келмей тұрып, Мұхаммед пайғамбарымыздың екі қызы (Рұқия мен Умму күлсім) Әбу Ләһәбтың екі баласына тұрмысқа шыққан болатын. Кейіннен немере інісіне пайғамбарлық келгеннен кейін, оған деген дұшпандығы артып, екі ұлына да әйелдерін талақ етулерін әмір етеді. «Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Умму Күлсім Әбдуъуззаның (Әбу Ләһәбтың) ұлы Ъутәйбаға үйленді. Алла елшісіне (с.а.у.) пайғамбарлық келгенше ажыраспады. Екінші қызы Рұқия болса, Ъутәйбәның інісі Ъұтбәның әйелі еді. Алла Тағала «тәббәт йәдәә әби ләһәб» сүресін түсірген кезде, Әбу Ләһәб екі ұлына да әйелдерін жіберулерін айтып: «Мұхаммедтің екі қызын талақ етпейлеріңше, мына басым сендердің бастарыңа харам болсын» деп әңгімелейді Қатада (р.а.). (Табарани, «Мұъжәмуль Кәбир», 18912 хадис). 

Әбу Ләһәбтың өлімі 

Құдай Тағала Әбу Ләһәбтың жанын Мекке қаласында алды. Ол жаман бір ауруға шалдығады. Арабтар ол ауруды «ъәдәсә» деп атайтын. Біздің тілмен айтқанда «қара оспа». Оба ауруы секілді өте жұқпалы. Арабтар ондай ауруға шалдыққандарды елден жырақ апарып тастайды екен. Ондай ауруға шалдыққан адамның терісі ірі бастайтын ұқсайды. Біздің тілмен айтқанда «қара оспа» тәріздес ауру. Міне Әбу Ләһәб өлерінің алдында осындай ауруға шалдығып, ақырында іріп-шіріп өлген екен. Оның ауруға шалдығуы былай болған: 

Мұхаммед пайғамбар бастаған мұсылман әскерлері мен Меккелік мүшрик әскерлері «Бәдір» деген жерде шайқасады. Сан жағынан он есе аз болса да мұсылмандар жеңіске жетеді. Мүшріктер болса желінеді. Меккеліктердің жеңілгені Әбу Ләһәбтың жанына батады. Әбу Ләһәбтың ауырып, артынан өлгені жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) азатты құлы Әбу Рафиъ әңгімелеп берген. Бұл ақпар Табаранидің, әл-Хәкімнің т.б. хадисші ғұламалардың кітаптарында келтіріледі. Әбу Рафиъ (р.а.) былай деп әңгімелейді: 

«Мен - Әбдүлмүтәліптің ұлы Аббастың құлы едім. Мұхаммед пайғамбардың шақырған дініне сеніп, мұсылман болдым. Аббастың өзі де, әйелі Умму Фадл да мұсылман болды. Бірақ, Аббас өзінің қауымынан қауіптеніп мұсылмандығын жасыратын. Әбу Ләһәб (мұсылмандармен болған) «Бәдр» соғысына өзі бармай, орнына Ас ибн Һишамды жолдады. Ас оған қарыз еді. Әбу Ләһәб Ас ибн Һишамға:

- «Осы жорыққа менің орныма барсаң, қарызымды кешемін» деді. Ас келісті.

Алайда мұсылмандар жеңіп, ал мүшріктер жеңіліс тапқанын естіген кезде Алла Тағала Әбу Ләһәбтың еңсесін жаман түсірді. (Ол былай болды).

Мен әлжуаз адам едім. Зәмзәм тамында (немесе шатырында) ағаштан кеселер жасап отырғанмын. Қасымда Умму Фазл бар еді (Аббастың әйелі әрі Әбу Ләһәбтың жеңгесі). Әбу Ләһәб аяғын сүйретіп келді. Тамның бұрышына отырды. Маған теріс қарап отырды. Сол мезетте жұрт:

- Әбу Суфиян ибн Харис келді. Әбу Суфиян келді! - деп, жар салып жатты. Жұрттың айқайын естіген Әбу Ләһәб Әбу Суфиянға:

- Ей, бауырымның баласы, мұнда кел! - деді. Әбу Суфиян келіп, қасына отырды. Жұрттың бәрі екеуінің айналасына жинала қалды. Әбу Ләһәб, Әбу Суфиянға:

- Ей, бауырымның баласы, айтшы! Адамдардың жағдайы қалай? - деп, Бәдірдегі шайқастың нәтижесін сұрады.

Әбу Суфиян:

- Ештеңе жоқ. Аллаға ант етейін, Олармен кездескенімізде қолдарымыз байлаулы қалды, олар бізді қалауларынша өлтірді, қалауларынша біздерді тұтқындады. Бірақ біздің әскерлерді кінәләй алмаймын, - деді.

- Неге? - деп сұрағанда, Әбу Суфиян:

- Өйткені қарсымызда тарғыл аттарға мінген жауынгерлерді көрдім. Аллаға ант етейін, оларға ешкім төтеп бере алмайды, оларды ешкім тоқтата алмайды, - деп, өздері қанша көп болса да белгілісіз күшке тап болғандарын айтып берді.

Мен шатырдың пердесін көтердім де:

- Аллаға ант етейін, ол айтып отырғандарыңыз періштелердің дәл өзі ғой! - дедім. Сол мезетте Әбу Ләһәб қолын көтерді де бар күшімен бетімнен салып келіп қалды. Мен де алыса кеттім. Бірақ ол мені көтеріп алып, жерге атып ұрды да үстіме шығып алды. Сол мезетте Умму Фадл (Аббастың әйелі, Әбу Ләһәбтың жеңгесі) шатырдың қадасын қолына алып, Әбу Ләһәбтың басынан бір ұрды. Соққыдан Әбу Ләһәбтың басы жарылып, ауыр жарақат алды. Умму Фадл оған (қайнысына):

- Ей, Алланың дұшпаны! Оның қожайыны Аббас жоқ деп, әлімжетік көрсетіп жатсың ба?! - деді, айқайлап. Әбу Ләһәб басын салбыратып, (жеңгесіне ештеңе істей алмай) кетті.

Аллаға ант етейін, сол оқиғадан кейін жеті түн өткен жоқ, Алла Тағала Әбу Ләһәбты «ъәдәсә» (қара оспа) ауруымен ұрды (шалдықтырды). Сол ауру Әбу Ләһәбтың түбіне жетті.

Әбу Ләһәб қара оспадан өлгеннен кейін ұлдары оны екі-үш күн жерлемей, жатқан жерінен қозғамады (өйткені жұғады деп қорықты). Денесі іріп, саси бастады. Сонда Құрайш руынан біреу оның екі баласына:

- Әкелеріңді үйінде ірітіп тастап қоясыңдар ма? Жұрттан ұялмайсыңдар ма? - деп ұрысты. Олар болса:

- Біз індеттен қорқып отырмыз, - деп жауап береді. Арабтар қара оспадан қатты қорқатын. Оны олар оба ауруындай көретін.

Сонда әлгі адам ол екеуіне:

- Жүріңдер, бірге барайық, - деді де, өзі бастап Әбу Ләһәбтың іріп жатқан денесін көмуге барады. Аллаға ант етейін олар Әбу Ләһәбтың денесін жуа алмады, алыстан су шашқандай болды. Кейін денесін амалдап алып, Меккенің сыртындағы тастаққа апарып тастай салды. Үстін ит-құс тартып кетпесін деп, тастармен көміп тастады» - деп Әбу Рафиъ әңгімесін аяқтайды. («Әл-Мүстәдрак», 5403; Табарани, «Муъжәмуль Кәбир», 912). 

Міне, Алланың дінімен алысып өткен бейбақтың ақыры осылай болды. Бұрын үлкендер: "Құдайды жеңемін дейсің бе?!" деп айтып отырушы еді. Расында да Құдайға соғыс ашқан қаншама бейшара өткен, көбі өмірден адам шошырлық жағдайда кетті. Алла Тағала өзінің қаһарынан сақтасын!

Дайындаған Абдусамат Қасым.

 

 

 

 

0 пікір