Қазақтың неке және отбасы құру әдет-ғұрпына шариғаттың әсері
Қазақтың неке және отбасы құру әдет-ғұрпына шариғаттың әсері
5 ай бұрын 2524

Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының да бар отбасына қатысты қағида-ережелері сан алуан. «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан», «жалғыздың шаңы шықпас», «жұп болып жасау Адам Ата мен Һауа Анадан басталған» деп келеді өмір сипаттамаларында. Әрбір ата-ана ұрпақ көріп, ұлын-ұяға, қызын қияға қондыруға тырысады.

Неке - қарама-қарсы екі жыныстың (ер мен әйел) келісе отырып, тұрмыс құру мақсатында өзара жасасқан міндеттемесі.

Мұсылмандарда неке үш түрлі: тұрақты неке, уақытша неке және кәнизек неке. (Исламда неке өмірлікке қиылады, ал уақытша неке төрт мәзхабта да харам-Ислам.кз). Біз Имам Ағзам ағымында болғандықтан көбіне осы ағымның қағидасына сай оқушыларға беріп отыруға тырысамыз. Имам Ағзам - уақытша некені қолдамайды. Қазақтарда неке түрі біреу. Ол - тұрақты неке.

Тұрақты неке болуда алдын-ала талап етілетін қағида, ережелер бар. Олар мыналар:

  • Қалыңдық таңдау. Бұған тегі, пәктігі, ақыл-есі, тәртібі, діні, денсаулығы, т.б. кіреді. Бұларды анықтау жағы көбіне ата-ана, туысқандарының міндетіне жүктеледі. Үйленуші қалыңдығын көрмеуі де мүмкін. Бірақ қайсы ата-ана ұрпағының жаман болуын тілейді дейсің!
  • Келісім сұрау. Нек қиылып жатқанда екі жақтың келісімі анықталатыны белгілі. Бұлай істеу - неке қиюшы молданың, я ауыл үлкенінің парызы. Ал, қалыңдық таңдарда қыздан міндетті түрде келісімін алу шарт. Келісім беруші қыз - кәмелетке толған, ақыл-есі бүтін болуы тиіс. Мұхаммед алейһиссәләм: «қызды тұрмысқа берер алдында анасымен ақылдасуды» талап етеді. Әуелі, ата-анасы, кейін қызы разы болу керек. Ақыл-есі кеміс қыздарды қызының разылығын сұрамай-ақ, ата-анасы бере береді. Шариғат бойынша дінсіз ата-ана ұл-қызына билік жүргізе алмайды. Қазақ ережелерінде бұндай талап қойылмайды. Бұл ислам аймақтарында ғана сақталған.

Некеге кедергі жәйттар

Некеге кедергі жәйттер - жақын туыстық, емшектестік, сүйек жақындық, жекжаттық, талақ айту. Сонымен бірге әйел санынының белгілі мөлшерден асуы, дінсіздік, мұсылмандық әсеріне жатады.

Шариғат заңы бойынша жақын туыстығына орай алты жағдайда некелесуге тыйым салынады. Бұлардың көбі халық әдет-ғұрыптарымен ұштасып жатады. Дұрысын айтқанда, ғасырлар бойы қалыптасқан ережелер. Олар:

  • анасы, және онан тікелей өрбігендер;
  • қызы және онан тікелей өрбігендер;
  • үлының қызы және онан тікелей өрбігендер;
  • әпкесі және онан тікелей өрбігендер;
  • әке және аға жағынан тікелей өрбігендер;
  • аға-іні (әпке-қарындастың) қыздары.
  • Сол секілді дінде заңсыз, яғни, некесіз тұрмыс құрып, туылғандардың бәрімен некелесуге тыйым салынады (автор бұл жерде зинадан туылған қыздың, биологиялық бауырларымен де некелесе алмайды дегенді айтып тұрса керек-ислам.кз).

Қазақтарда жеті атаға дейін қыз алуға және беруге, сол секілді жоғарыда көрсетілген жағдайларда да қыз берісіп, қыз алысуға тыйым салынады1. Жақын адамдар қанының бір-біріне араласуы ұрпақ денсаулығына, ой-өрісіне көп зиян әкелетіні медициналық тұрғыдан әбден анықталған жәйт. Оның үстіне, туыстықтың әрі мен дәмі кетіп, туыстықтан гөрі жек-жаттық сипатқа ие болып кетеді.

Емшектестік. (Сүт бауырлық).

Емшектес болғандар арасында неке қиылмайды. Шариат бойынша 2 жасқа дейінгі нәресте басқаның емшегін 5 рет тойып емсе, емшектес деп саналады. Имам Ағзам қағидасы бойынша бір рет емсе де жетеді. Арабтарда басқаның емшегін емізу дәстүрі болып, жас баласын басқа жат бір әйелге асырауға беретін. Мұхаммед пайғамбар да жас кезінде басқа біреудің емшегін еміп, өскен. Қазақтар да осы іспетті қағиданы ұстанады. Әйелдің емшегін емген басқа бір анадан туылған ұл-қыз да өз туысы болып саналып, қазақтар оларға үйленбейді.

Сүйек жақындық, жекжаттық.

Мұсылманға әйелінің анасына үйленуге тыйым салынады. Өйткені, ол өз анасына теңестіріледі. Сол секілді бірден екі апа-сіңліліге қатар үйленуге де тыйым салынады. Қазақтарда да екі апа-сіңліге бірден үйленуге болмайды, тек бірі өлсе ғана екіншісіне үйленуге рұқсат етіледі.

Әйел сананың белгілі мөлшерден асуы.

Исламда кез келген мұсылман некелеспей тұрып, басқа бір әйелмен жақындасуы арам санайды. Бұл - зінәқорлық делініп, Алла алдында да, жұрт алдында да ең ауыр қылмыс саналады. Бұлай қатал қарамаса, отбасы бұзылып, адам баласы азғынданады, жетім балалар санып көбейіп, ұрпақ азады, түрлі ауру-сырқаттар көбейіп, қылмысқа жол ашылады.

Қазақ әдетінде де, шариғатта да ер адамға төрт әйелмен некелесуге (некелі әйелі риза болса ғана) рұқсат етіледі. Дегенмен, әйел үстіне әйел алуға әрдайым рұқсат етіле бермейді. Соғыс жағдайында ерлер жағы көп қазаға ұшырап, әйелдер жағы көп жесір қалып, ерлерден әйелдер саны көбейіп кетсе, олардың тепе-теңдігін сақтау үшін, не болмаса әйелі бедеу болып, ұрпақ жалғастыра алмаған жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Қазақта күңдерімен некелесуге тыйым салынбайды. Олармен некелесуге де шек қойылмайды. Ал, Имам Ағзам қағидасы бойынша мейлі азат әйел, мейлі күң болсын бәрі қосылып төртеуден аспауы тиіс.

Қазақтарда ертеде, исламға дейін әйел санына шек қойылмаған. Тарихи деректерде ата-бабаларымыздың көп әйел алғанын жақсы білеміз. Өйткені мал бағып, көшпелі тұрмыспен күнелткен ата-баларымызға жұмыс істеуге қол күші көп қажет болды. Шариғат бұл дәстүрді шектеп отыр. Құранда: «қаншама тырыссаңдар да әйелдердің арасына ешқашан әділдік жүргізе алмайсыңдар», - деп, әрі «егер оларды әділдікпен ұстап тұра алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар»- делінген2. Өйткені, шариғат барлық әйелге бірдей қарауды талап етіп, оны бұзушыларды күнәһар ретінде қарайды. Алла тағала Адам Атаға тек бір Һауа Ана бұйырғанын үлгі ұстайды.

Шариғат пұтқа табынушылар мен дінсіздерге үйленуге, тұрмысқа шығуға қатаң тыйым салады. Бұл жайлы Құранда да анық айтылған. Рас, Құранда кітап түсірілгендерге (йудейлер мен христиандарға) үйленуге рұқсат етіледі (бірақ мұсылман қызға кітап түсірілгендерге де тұрмысқа шығуына болмайды, шариғатта мұсылман қыз тек мұсылман жігітке ғана шыға алады-ислам.кз). Кітап түсірілгендер деп, Інжіл, Зәуір, Тауратқа мойын ұсынушыларды айтады. Ертеде, ислам тараған қазақтарда басқа діндегілерге қыз бермек түгілі, тұрмысқа шыққан қыздарды өлім жазасына кескен кезеңдер болған. Имам Ағзам қағидаларына сүйене отырып, қазақтар кітап түсірілгендерге үйлене береді. Бұрын қазақтардың тіпті қалмақтарға да үйленгені жасырын емес.

Талақ айту.

Қазақ әдет-ғұрпы бойынша да, шариатта да үш рет талақ айтылса, әйелімен қайта некелесу арам. Талақ - арабша сөз, мағынасы - «ажырасу». Бұл сөзді бірден, бір мезгілде, қатарынан үш рет айтуға болмайды, әрі әбден ойланып-толғанып, кесіп-пішіп барып айтуды міндеттейді. Ашу үстінде, мас кезінде айтылған талақ заңсыз. Алла заңдары, шариатта да рұқсат еткендерінің ішіндегі ең ұнатпайтыны осы талақ айту. Шариат ажырасуға мүлдем қарсы. Сол үшін де ажырасатындар өте күрделі талаптар мен сынақтардан өтулері керек. Міне, сондықтан да мұсылман елдерінде ажырасу, отбасының бұзылуы мүлдем жоқтың қасы. Қазақтарда да қағида осыған ұқсас, отбасының бұзылмау жақтары қарастырылған. Халқымыз: «қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деген қағиданы берік ұстанған.

Некелесу кезінде некеге тұрушылардың кәмелетке келген, некелесуге өзара келіскен, ақыл, естері дұрыс болуларымен бірге неке рәсіміне екі куәгердің қатысуы міндеттеледі.

Құл мен күң қожасының рұқсатынсыз некелесе алмайды. Некені асығыс түрде, жол-жораларын бұзып қиюға мүлдем болмайды.

Бұрын тұрмыс құрған әйел ата-анасының рұқсатынсыз некелесе беруге құқылы. Куәлікке екі және одан да көп адам қатыса береді. Куәгер екеуден кем болмауы тиіс. Имам Ағзам қағидасы бойынша бір еркек, екі әйел куәгерлік ете алады. Куәгерлер неке қию кезінде екі жақтың өз еріктерімен некелесетіндерін есітіп, айғақтаса жетіп жатыр.

Неке қию кезіндегі ерлі зайыптылардың міндеттері

Ері - әйелдің киім-кешек, тұрғын жай, күн көріспен қамтамасыз етуге міндеттенеді. Сондай-ақ төрт әйел болса, әрбір түнді әр әйелімен кезекпен өткізуі тиіс, бір әйеліне тиісті түн кезегін басқа әйелімен өткізуге құқы жоқ.

Маһрын (біздіңше қалыңмал) беруі тиіс;

Әйел - үй шаруашылығымен айналысуға, еріне адал болуға, оны құрметтеп, сыйлауға, т.б. міндеттенеді.

Басқа ережелер:

- Еріне әйелін себепсіз ұруды, әсіресе, беттен ұруды шариат қолдамайды. Қайзы келген кезде және босанғаннан соң қырық күнге дейін әйеліне жақындасып, етек қатынасын жасауға рұқсат етілмейді. Маһр (қалың мал) мөлшері бес жүз дирһамнан кем болмауы тиіс деп көрсетеді шариат (Имам Ағзам қағидасы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері 10 (он) дирһам көлемінде болуы тиіс-Ислам.кз). Бұл маһр мөлшері екі жақтың келісімі бойынша анықталады. Маһрын алғанға дейін әйел ерін қасына жақындатпауға құқылы. Ал, қазақтардағы «жасау» сөзі осы маһрға жақын келеді. Арабтарда, яғни, шариат бойынша маһр әйелге берілсе, қазақтарда жасау ақысы қалыңмал ішіне кіреді;

Кәмелетке толу

- Кәмелетке толу деп, шариат бойынша: әуратқа жыныстық қабілетті білдіретін жүн шықса, қайыз келсе, т.б. белгілерге қарап белгілейді. (Шариғат кітаптарында "ұл бала түс көріп, шәует бөлінетін жасқа келсе, балиғат жасына толған болып есептеледі" деп анықтама береді-ислам.кз). Исламда қыз күнәға - 9, ер бала - 12 жастан батады. Бірақ бұл кәмелетке жетті дегенді білдірмейді.

Қазақтарда және олардың «Жеті жарғы», т.б. заңдарында: ұл бала - 15, қыз бала - 16 жастан кәмелетке толды деп есептеледі3. Сол себепті де қазақтар «он бесте отау иесі» дейді.

Жасау әйел мүлкі саналып, ері оған арабтар секілді иелік ете алмайды (шариғатта да қыздың дүниесі қызға тән, күйеуі иелік ете алмайды-ислам.кз). Сол себепті ері өлген, не ажырасқанда, болмаса т.б. жағдайларда әйел төркініне жасауын түгел алып кетуге құқылы.

Некенің жойылуы

Некенің жойылу тәртібі мықты сақталынады.

  • Тұрақты некеде, ері ажырасуға ниет етіп, райынан қайтпай үш рет талақ айтса;
  • Ері не әйелі діннен безсе;
  • Ері төрт жыл бойы хабар-ошарсыз кетсе;
  • Қыз келісімін бермесе;
  • Кемшіліктері анықталса (мысалы, есі ауыс, жұқпалы ауру, ұрпақ жалғастыратын белі жоқ, т.б.);
  • Заңсыз неке қиылса - бұларда некенің жойылуына жол ашылады. (Сондай-ақ, күйеуі не әйелі өлсе неке бұзылады).

Шариат бойынша қайызы келіп, не болмаса босанғаннан кейін тазаланғанша (пәктенгенше) әйелге талақ айтуға тыйым салынады.

Қазақ қоғамында әдет-ғұрып заңы бойынша әйелі ерінен төмендегі жағдайларда ажыраса алады:

  • Ерінің өлуі;
  • Ерінің белі жоқтығы;
  • Әйелін ері алты ай, он күн күнкөріссіз қалдырса;
  • Жеті жыл бойы хабар-ошарсыз кетсе;
  • Әйелін себепсіз ұра берсе4. 

«Идда» мерзімі атты ереже бар.

Шариатта идда - арабша сөз, мағынасы - «мерзім», «шек». Шариатта идда үш түрлі:

  • Бірі - ері өлгенде,
  • Екіншісі - ажырасқанда,
  • Ал үшіншісі - неке жойылғанда болады.

Әйелдер идда мерзімі біткеннен соң ғана некелесе алады (яғни, басқаға тұрмысқа шыға алады). Ері өлгенде: екі қабат әйел үшін босанғанға дейін, азат әйелдерге - төрт ай, он күн, ал күңге - екі ай, бес күн. Егер күңнің ерінен баласы бар болса, онда азат әйелдер секілді - төрт ай он күн, ері басқа жақта жүріп өлсе өлген күнінен (хабар келген күнінен емес) саналады. Идда мерзімінде әйелге сән-салтанат құрып, боянуға тыйым салынады. Қазақтарда ері өлген әйел міндетті түрде бір жылға дейін, яғни, асын бергенге дейін күтеді, содан соң тұрмысқа шығып, некелесуге рұқсат етіледі.

Үш рет талақ айтып ажырасқанда (талақ арасын үзіп, арада ай өткізіп, ойланып айту керек) идда мерзімі белгіленбейді. (*Үшінші талақтан кейін иддә мерзімін күтуі керек және иддә мерзімін күйеуінің үйінде күтеді, күйеуі иддә мерзімі аяқталғанға дейін әйелін нәпақамен қамтамасыз етуі тиіс)Бірінші және екінші талақ айтылғанда әйелі ерінің үйінде қала береді. Ал үшінші рет айтылған кезден бастап, әйел кете беруге құқылы. Талақты бірден үш рет айту үлкен күнә. Бірде Мұхаммед пайғамбарға біреу келіп: «әйеліме бүгін үш рет талақ айттым» дегенде, Мұхаммед алейһиссәләм: «Сен не, Алланың кітабымен ойнайсың ба?» деп қатты ашуланған екен. Идда мерзімі ішінде әйелдің ері үйінен кетіп, басқа біреуге некелесуге құқы жоқ. Ерлі зайыптылар жеке өмірін құпия ұстауларына ерікті. Олардың өмірі жайлы ешкімнің де талқылауға құқығы жоқ.

Түсік тастау (аборт).

Шариат егер екі қабаттылық әйел өміріне қауіпті, денсаулығына зиян болмаса, ешуақытта да, қажет десеңіз бала заңсыз, рұқсат етілмеген зінәқорлық жолымен пайда болса да, түсік тастауға қатаң тыйым салады (бұл мәселе, мәзхаб ғалымдары арасында таласты тақырып, кейі ғалымдар қырық күнге дейін алдыруға рұқсат деген, кей ғалымдар анасының өміріне қауіп төнбесе, алдыруға болмайды дейді-ислам.кз).

Екіқабат және босанған әйелді баласы емшектен шыққанша ешқандай жазаға тартуға болмайды. Қасақана түсік тастау зор қылмыс. Мәжбүрлеп түсік тастатқандар қатаң жазаланған. Іштегі бала үшін оның біту мерзіміне қарай құн (диат) төлеген. Қазақтарда да дәл осындай, баланың құрсақтағы мерзіміне қарай құн төлеген.

Күңімен некелесу.

Қазақ тарихында да, шариат бойынша да қожасының күңімен тұрақты некелесуіне болады. Сол секілді кұңін азат біреуге тұрмысқа беруіне ерікті, бірақ күңінің басына азаттық бермеуге құқықы бар. Ал, күңін тұрмыс құруға емес, көңілдестік жасауға беруі - арам. Құранда күңді жезөкшелікке итермелеуге тыйым салынған.

Ер адамның да, әйелдің де өзіне тиісті міндеттері бар. Міне, осы өзіне тиісті міндеттерін әрдайым дұрыс бөліп атқарса, онда қуаныш та, өмір мәні толық болады» делінген қасиетті Құранда.

Әйел міндеттерінің қасиеттісі - бала тауып, оларды тәрбиелеп өсіру. Еркек бұл кезде тек қосалқы көмек бере алуы мүмкін. Бұл шақта анадан өзге ешкім де сәбиге қамқоршы бола алмайды. Сол себептен қазақта да, шариатта да баланы кәмелетке жеткенше ана тәрбиесінде қалдырады.

Некелесу - екі жақтың өзара келісімі. Бір жағы келісім бермесе, ешкім еш уақытта некені қия алмайды. Қанды араластырмау үшін жақын туыстарға да өзара үйленуге тыйым салынады. Ал, бұл қағида біздің қазақтарда шариаттан да тереңірек.

Сонымен, біз отбасылық құқықтарымен таныса отырып, оны құқықтық нормалардың ішіндегі ең маңыздысы бөлігі деп айта аламыз. Бұл құқықтар қазақтарда шариат заңдарына араласқанымен дәстүрлі әдеттік сипаттарын сақтап қалған. Қазақ тәртібінде құда түсіп, құйрық бауыр жесу, баталасу, қыз алып қашу, қалыңмал және неке қию міндеттемелеріне қоса, өте көп кәде-қауметтер, жол-жоралар бар. Қазақ заңы бойынша ер бала - 15, қыз бала - 16 жастан тұрмыс құруға құқылы. Жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспау дүние жүзі халықтары арасында тек қазақтарға ғана тән құбылыс.

Қалыңмал басқамен некелесудің экономикалық басты факторы болғандықтан, кімнің малы көп, соларға тиімді болды. Сондықта да байлар бірнеше әйел алып, өз отбасында жұмыс күшін көйбейте алса, ал кедейлердің бір әйелге қолдары әзер жететін. Әсіресе, Қазақстанның Ресейге қосылуы нәтижесінде болған өзгерістерден әбден қайыршылыққа ұшыраған әр туыстастық мәні кеміген шақта ешкімге үйленбей, тек әмеңгерімен өмірі өткендер қазақ қоғамында жиі кездесті.

(Қазақта) Ерлердің құқы әйелдердің құқынан басым еді. Ері әйелін жазалай алды. Өзара разылықтарымен тұрмыс құру некелесудің басты шарты еді, бірақ «жоқшылық не істетпеген» дегендей, қыздың ата-анасының басқаларға экономикалық тұрғыдан тәуелділігі қыздардың құқын толық пайдалануларына көбіне мүмкіндік бермеді. Демек, бұдан неке қиылғаннан соң, ол әйел тек ерінің ғана емес, бүкіл руының жекеменшігі іспеттес болғанын көреміз. Ері өлген әйелдің басқа рудан біреуге тұрмысқа шығуы қиынның қиыны саналған. Әрине, бұл қиыншылықтың да өз себеп-салдары бар. Мұның артында ері өлген әйелмен оның бала шағалары жетімдік көрмесін деген жақсы ниеттен туындаған «әмеңгерлік» институты тұр. Мұнан басқа да шариаттан тыс қағидалар (қыз алып қашу, қалыңмал, асына дейін аза тұту, т.б.) бар.

Қазақтарда тек тұрақты неке болғандықтан, заңсыз жолмен бала туылып, мұрагерлікке таласу мүлдем ұшыраспаған. Рас, бала асырап алу қағидасы аратұра кездесіп қалғанымен, басқа рудан бала асырап алуға қазақтың әдеттік заңы мүлдем мүмкіндік бермеген. Ол бүкіл руға намыс саналған. Сондықтан қазақтар өз жақындарының баласын, онда да жатырынан бала болмаса ғана асырап алған. Асыранды мұндай бала заңды бала іспетті есептелген. Жаугершілік кезінде қолға түскен балаларды да қазақтар бауырына басқан. Бірақ мұндай балалар есік алдындағы қосшы есебінде ұсталған, есейе келе мал бағатын жалшыға айналған. 

С. Зиманов, Н. Өсеров, «Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері». 


1  Н. Өсерұлы, «Жеті жарғы», Алматы, 1995 жыл.
2  Құран, «Ниса» сүресі, 3 аят, және 129 аят. Мәскеу. 1990. өз аудармамыздан - Н.Ө.
3  Н.Өсеров, «Жеті жарғы».
4  МОП, 142 бет; Каз ССР. Ф. 64, 1, д.5089, л, 81.

0 пікір