"Уа, Расулалла, мен зина жасап қойдым, мені жазалашы!" деген жігітке Алла елшісінің айтқаны (с.а.у.)
"Уа, Расулалла, мен зина жасап қойдым, мені жазалашы!" деген жігітке Алла елшісінің айтқаны (с.а.у.)
5 ай бұрын 5741

Бұл оқиғаны Язид ибн Нуъайм ибн Һәззәл есімді кісі әңгімелейді. Оған мұны әкесі айтып берген.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Мәъиз ибн Мәлик әл-Әсләми есімді бір жетім жас бозбала жасындағы кәмілетке енді толған жігіт өмір сүрген. Ол Һәззәл бин Нуъайм есімді кісінің қамқорында еді. Бір күні ол жас жігіт өзі тұратын төңіректегі бір қызбен зина жасап қояды (зина - ойнас, некесіз төсек қатынасы). Онысын білген қамқоршысы оған «Пайғамбарымызға барып, жасаған күнәңді айт, мүмкін сен үшін Алладан кешірім тілеп, о дүниеде кешірім табарсың" деп кеңес етеді.

Жігіт Пайғамбарымызды іздеп барады (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Пайғамбарымыз мешітте отыр екен. Жігіт мешітке кіріп:

- "Уа, Расулаллаһ! Мен зина жасадым. Маған Құрандағы жазаны жүзеге асыр!" - дейді дауыстап.

Алла елшісі (с.а.у.) қарап, кейін одан бетін бұрады да:

- "Үйіңе орал. Алладан кешірім тіле. Тәубе қыл", - дейді. Сосын қайта түзеліп отыра береді. Артынан әлгі жігіт:

- "Мен зина жасадым", - дейді дауыстап. Алла елшісі мән бермей, теріс қарап отыра береді.

Жігіт үшінші рет:

- "Мені тазалашы, уа Расулаллаһ!" - дейді тағыда дауыстап. Алла елшісі (с.а.у.) сонда да жігітке қарамай, отыра береді.

Сонда Әзіреті Әбу бәкір араға кіріп, жас жігітке:

- "Егер төртінші рет зина жасағаныңды өз аузыңмен айтып мойындасаң, Алла елшісі сені (амал жоқ) жазалауы керек болады", - дейді жігітке ескертіп. Бұл жерде Әзіреті Әбу Бәкір жас жігітке жаны ашып: «саған бара бер деп жатыр, Аллаға тәубе ет деп жатыр, барсаншы» деп тұрғандай.

Бірақ жігіт сонда да қоймай:

- "Уа, Расулалла! Мен зина жасадым. Мені тазалаңыз!" - деп, жаза сұрайды.

Жігіт қоймай қойғаннан кейін Алла елшісі (с.а.у.) оған бұрылып:

- "Мүмкін жәй ғана сүйген шығарсың немесе жәй ғана сипалаған шығарсың, не болмаса, жәй ғана қараған шығарсың?" - дейді оған жаза бергісі келмей.

Бірақ жігіт:

- "Жоқ", - дейді.

Сосын Алла елшісі (с.а.у.) сұрақтар сұрап, оның шын мәнісінде не айтып тұрғанын түсіне ме, жоқ па, анықтағысы келіп:

- "Сен зина жасадым деп төрт мәрте айттың. Сенен сұрайын: Кіммен зина жасадың?" - деп сұрайды.

Жігіт:

- "Пәленше деген қызбен" - деп жауап береді.

Алла елшісі:

- "Сен онымен жаттың ба?"

Жігіт:

- "Иә, жаттым".

Алла елшісі:

- "Онымен жақындастың ба?"

Жігіт:

- "Иә".

Алла елшісі:

- "Жыныстық қатынасқа түстің бе?" - деп анықтап сұрайды.

Жігіт:

- "Иә, жыныстық қатынасқа түстім", - деп жауап береді.

Алла елшісі:

- "Сендегі нәрсе, ондағы нәрсеге енді ме?" - деп сұрайды. Егер жігіт сол жерде «білмеймін» деп сенімсіздік танытса, Алла елшісі бірден қоя бере салайын деп тұр. Алайда жігіт:

- "Иә, солай болды", - деп жауап береді.

Алла елшісі:

- "Сен зина не екенін білесің бе?" - деп сұрайды болмағаннан кейін.

Жас жігіт:

- Иә, білемін. Мен, бір еркектің өз некелі әйеліне істегені секілді, өзіме харам болған бір әйелді істедім, - дейді.

Алла елшісі:

- "Енді менен не сұрайсың?" - дейді

Жігіт:

- "Мен сізден, мені шариғат заңына сай жазалау арқылы, жасаған күнәмнан тазартуыңызды сұраймын", - дейді.

Жас жігіттің расымен де зина жасап өкініп тұрғанын, әрі, оның жазасын осы дүниеде алып, о дүниеге таза кетуді қалайтындығына көзі жеткеннен кейін Алла елшісі (с.а.у.) оны Құдайдың бұйрығына сай "зина жазасымен" жазалауға шешім шығарады. Сөйтіп рәжім жазасы берілсін деп үкім шығарады. Соттың үкімі бекітілгеннен кейін, артқа шегіну жоқ.

Жазаны жүзеге асырушылар жігітті ашық алаңға шығарады. Сол сәтте, жазаны жүзеге асырушылар тас лақтыра бастағанда жігіт қорқып, қашады. Алайда, Абдулла ибн Унайс есімді адам оның артынан түйенің сүйегін лақтырып кеп қалады, сүйек жігітке тиіп, сол жерде мерт болады. Кейінірек, әлгі жас жігіттің жазалау жерінен қашқандығын естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.), Абдулла ибн Унайсқа:

- Неге қоя бермедіңдер?! Кетіп, тәубе етер еді ғой. Алла тәубесін қабыл ететін еді ғой! - деген екен кейіп.

Және де адамдардың кейбірі зина жасаған ол жігіт жайында әбес сөздер айтып тұрғанын естіген Алла елшісі (с.а.у.) оларға ашуланып:

- Ол жігіт сондай бір тәубемен тәубе жасады, егер тәубесін бүкіл үмбетке бөлер болсақ, оның тәубесі бәріне жетер еді, - дейді. Сосын әрі қарай сөзін жалғап: - «Жаным қолында болғанға ант етейін! Қазір ол жігіт пейіш өзендерінде шомылып жүр» - дейді, елге сүйіншілеп. (Әбу Дәуід, "Сүнән"; Тирмизи: "Сүнән"; Бұхари, Мүслім).

«Сахабаларымның әрбірі жұлдыз іспетті» деп Алла елшісі айтқандай, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мектебінен шыққан адамдар бұл дүниенің рақатынан гөрі, о дүниенің рақатын артық көретін еді. Осы оқиғада Пайғамбарымыз (с.а.у.) ауыр күнә жасаған жігітті жазалағысы келмей «жас қой, бір ағаттық істеген шығар» деп, қанша жерден райынан қайтарғысы келіп тырысып бақса да, әлгі жігіт, зинаның о дүниеде берілетін жазасы, бұ дүниедегі жазасынан да ауыр, одан да осы дүниеде шариғат заңымен жазасын алып, о дүниеге таза болып кетуді таңдады. Өйткені, олардың басынан бақайына дейін иманға толы еді. Ақыретке деген сенімдері «яқин иманмен» қаптаулы тұғын. Ақыретке деген сенімдері, адам айтып түсіндіре алмайтындай деңгейде өте мығым, күмәннән пәк-тін.

Әрине, зина жасап, ойнас құру әдеттегі жағдайға айналған қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан біздер үшін, бұл жігіттің талпынысы, әрі, оған берілген жаза тұрпайы немесе маңызсыз болып көрінері сөзсіз. Себебі, біздің назарымызда таудай күнәнің түймедей құны жоқ, ал сахабалардың назарында түймедей күнә, таудай болып көрінетін еді.

Міне, Пайғамбар заманындағы мұсылмандар осындай болатын. Олар аз еді, бірақ алтынға бергісіз еді. Ал қазір мұсылмандар көп, бірақ өкінішке орай, сапасыз, жай қара тас секілді құнсыз болып қалды.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

А. Қасым.

 

 

 

 

 

 

0 пікір