ЕКІ БАУ-БАҚША ИЕСІ ТУРАЛЫ (Құрандағы қиссалар)
ЕКІ БАУ-БАҚША ИЕСІ ТУРАЛЫ (Құрандағы қиссалар)
2 жыл бұрын 3537

Аллаһ тағала бәну исраил қауымы ішінде бiр адамға екi ұл перзенттi нығмет етiп бердi. Әке екi ұлын тәрбиелеп өсiрдi. Олар есейіп, ержеттi. Екi
ұлдың бір ата-анадан туылғандығына, бiр отбасында бiрдей тәрбиеде өскендiгiне қарамастан, табиғаттары да, мінездері де түрлiше қалыптасты.
Әкелерi оларды диқаншылыққа баулыды. Олар диқаншылықпен айналысып, түрлi жемiс өсiрiп шығаруда асқан шеберлік танытты. Жыл артынан жылдар өтіп жатты. Әке қартайып, науқастанып, өмiрiнің соңы жақындағанын сездi. Ол балаларын шақырып, оларға еңбектерiн жалғастыруларын және жеккөрушiлiк, кекшiлдiк сияқты жаман қасиеттерден аулақ болуларын өсиет етті. 

Науқас әкенің бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, дүниеден өттi. Ол ұлдарына мұраға көп мал-дүние қалдырды. Ұлдары әкеден мұралыққа қалған мал-дүниенi бөлiсiп алды. Бiрiншi ұл жер мен байлықтан өзiне тиесiлi үлесiн алып, бұл көп нығметтердi берген Аллаһ тағалаға шүкiрлiк етiп, мадақ-мақтаулар айтып:

«Уа, Раббым! Мен кедей пенделерiңдi ешқашан ұмытпаймын. Мен сараңдық жасамай, аш-жалаңаш, кедей, мұқтаж пенделерiңе бұл жақсылықтардан өз үлестерiн беремiн. Уа, Раббым! Әрқашан Өзiңе бойсұнамын. Сенi дәрiптеймiн. Кешiруiңдi үмiт етемiн. Бұл дүниеде жақсы iстердi iстеуiме көмектесуiңдi және Қиямет күнi жаннатыңа кiргiзуiңдi сұраймын. Уа, Раббым! Дүниеде де, Ақыретте де Саған мадақ болсын!» – дедi.

Ал екiншi ұл бiрiншi ұлға мүлде ұқсамайтын едi. Ол әкеден қалған мұрадан өз үлесiн ала салысымен оны қазынаға салып, құлыптап қойды. Кедей, мұқтаждарға ешбір садақа, жәрдем бермедi. Ол егер бiр кедейдi көретiн болса аяп, жүрегi жұмсап кетпеуi үшiн көзiн жұмып алатын. Бiр бейшара кедейдiң үнi естiлсе, естiмейiн деп құлағын жауып алатын. Ол осылай өмiр сүрiп жатты. Оның барлық мақсаты байлығын кемiтпей, шашау шығармай, көбейту болатын-ды. Ағасы бергенiндей, малының зекетiн де бермедi. Бұл ағалы-iнiлi бiртуғандардың Құран Кәрiмде келтiрiлген қызықты да пайдалы хикаясы бар. Мінеки, келесі беттерде осы бір қызықты хикаялар әңгімеленеді.

Ырыс-дәулеттің көбеюі

Аллаһ тағала ағалы-iнiлi екi бауырға мал-дүниенi молынан берiп, көп бала-шаға және жақсылықтар нәсіп етті. Аллаһ тағаланың нығметiн бiлмейтiн екiншi ұл көптеген бау-бақша сатып алды. Тынбастан еңбек еткен ол сатып алған жерлеріне егiн егуге ерекше мән берді. Еңбектенумен оның байлығы, мал-дүниесi арта түсті. Аллаһ оған өте әдемi екi бау-бақшаны нәсiп еттi. Бау-бақшада өте көп жүзiм ағашы болатын және айналасын құрма ағаштары орап тұрды. Сондай-ақ сарқырап аққан бұлақтар, өзендер, әр алуан тәттi жемiс-жидектер көз жауын алды. Бұл бау-бақшаларды көрген адамдар олардың әдемiлігін, алуан түрлi ағаштарын, бұлбұл құстардың сайрап тұрғанын көрiп, «бұл – жаннат бақтарының бірі» деп ойлап қалатын едi. Екiншi ұлға берiлген нығмет мұнымен бiтпей, бұған қоса Аллаһ тағала оған көп бала-шағаны да бердi. Балалары да мал-дүние жинауда әкелерiне көмектесiп, ол теңдесi жоқ байға айналды. Оның байлығы, мал-дүниесi ағасынікiне қарағанда бiрнеше есе артып кеттi. Шындығында да, мұншалық байлық, дүние-мүлік азғана мал-дүниеге қанағат етiп, Аллаһ тағала жолында мiскiн-кедейлерге берушi үлкен ұлда жоқ едi. Ол қолындағы аз мал-дүниесiне көңiлi толып, Аллаһ тағалаға шүкiр айтатын. Және бұл мал-дүниенiң көбейген сайын мұқтаждарға тиесiлi ақысы бар екенiн бiлiп, сараңдық етпей, қайыр-садақа беріп тұратын.

Мазақтау және насихат 

Бiрде iнiсi өзінің қасына келген ағасын көрiп, оның кедейлігін келеке етiп: «Түрiңе қарашы. Не болып кеткенсің? Не мал-дүниең жоқ, не бала-шағаң жоқ. Ал менiң саған қарағанда байлығым да, бала-шағам да баршылық. Берi кел, менiмен бiрге жүрiп, менiң екi бау-бақшама кiрiп, ондағы жемiс-жидектердiң, өзендердiң қандай әдемi, керемет екенiн көр.

Бұл екi бау-бақшам менiң байлығымды күннен-күнге асыруда. Бұл жақсылықтар мен нығметтердiң менде мәңгілік болатыны даусыз. Мен – бұл байлыққа сай адаммын. Бұл ризық-несiбенi Аллаһ тағала менен ешқашан ала алмайды», – деп бiраз тұрды да, қайта сөзiн жалғастырып: «Ал ендi сен айтып жатқан Қиямет күнiне келетiн болсақ, мен ондай күннің бар екендігіне сенбеймін. Егер сен сияқты есеп күнiнiң бар екенiне сенер болсам, ол жерде де Аллаһ тағала маған бұл жердегiден артық етiп бередi.

Оның маған бұл дүниеде осынша байлықты берiп тұрғанын көрiп тұрсың. Егер сен айтқандай Ақырет бола қалса, маған бұдан да артық несібе берерi сөзсiз. Өйткенi мен бұған лайықпын. Солай емес пе?» – деп күлiп, мазағын жалғастырды. Мүмін ағасы пенделікке беріліп, кәпiр болып кеткен iнiсiне қарап, оның халiне күйініп жылады. Оның сенiмiн дұрыстап, иманға жолдауды қалады. Ағасы iнiсiне: «Ей, iнiм! Сен өзіңдi жаратқан, саған бау-бақшаларыңды, бала-шағаңды ризық етiп берген Аллаһ тағалаға тіл тигізіп, кәпiр болдың ба? Сен өзіңді ана құрсағында жаратып, жас нәресте етiп дүниеге келтiрiп, кейiн қуатты ер-азамат еткен Жаратушыға күпірлік еттің бе? Сенiң ойыңша, Аллаһ тағаланың өлгеннен кейiн қайта тiрiлтуге шамасы келмейдi ме? Ей, iнiм! Екiншi рет жарату бiрiншiге қарағанда жеңiлiрек.

Оның бәрi Аллаһ тағаланың білімінде аса жеңiл. Ақылыңнан, жүрегiңнен бұл күпiрлiктi шығарып тастауға тырыс! Ей, бауырым! Сен менi кемсiтiп, Аллаһ тағала маған қарағанда саған көп мал-дүние, бала-шаға бергенiмен мақтанып тұрсың. Бiрақ мен сен секiлдi мал-дүниеге, бала-шағаға ие болмаған кедей болсам да, менiң нәпсiм бай мүмінмін. Мен дүние және оның сәндерiне байланып қалған емеспін. Ей, iнiм! Менiң ойым және менiң сенiмiмде: Бұл дүние өткiншi. Мал-дүние мәңгiлiк емес. Бала-шағаң да бiз сияқты өтiп кетедi. Бұл бау-бақшаларыңды жоққа шығарып, өзендерiңдi кептiрiп, ағаштарыңды солдырып тастауға Аллаһ тағаланың шамасы жетедi. 

Оның Аллаһ тағалаға еш қиындығы жоқ. Ей, iнiм! Бау-бақшаға кiрген кездерiңде: «Бұлар Аллаһ тағаланың қалауымен болды. Күш-қуат тек Аллаһ тағаладан ғана келеді», – деп айт. Сенiң бұл күпiрлiгiң саған еш пайда бермес. Сондықтан тура жолға бет бұрып, Аллаһ тағаланың нығметi мен құдiретiне сен. Күпiрлiк етпе! Аллаһ тағаланың сенi бұл дүниеде көз алдыңда-ақ жазалап қоюына құдіреті жетедi», – деп насихат айтты. Бiрақ амал қанша?! Кәпiр iнiсі ағаның сөзiне құлақ аспады. Керiсiнше, күпiрлiгi, бірбеткейлігі, өркөкіректігі арта түстi. Расында, ағасы оған насихат айтып, тура жолды көрсеттi. Бiрақ ол түсiнбеді. Аллаһ тағалаға иман да келтірмеді, шүкiрлiк те айтпады. 

Мүмін аға кәпiр iнiсiне насихатын айтқаннан кейiн үйiне қайтты. Ол күпiрлiктiң ақыры жамандыққа ұрындыратынын, күпiрлiк ұзаққа созылғанымен де, мәңгi еместігін бiлетiн. Өйткенi Аллаһ тағала адамзаттың иманға берік, дінге адал болуына ғана риза болады. 

Ахуалдың ақыры

Расында да, істің аяғы солай аяқталды. Бұл кәпiр iнi бiр күнi өркөкiректiкпен, мақтанышын тағы да асырып, марқайып-масаттанып қайту мақсатымен бау-бақшаларына келдi. Сұмдық! Ол көрген көрiнiстiң қорқыныштысын айтсаң ғой... Ол бау-бақшасына келген үлкен кесапатты көрiп, есiнен тана құлады. Өзендердiң суы тартылған, ағаштардың тамыры құрғап, бұтақтары қураған, гүлдер солған, жемiстер төгiлген. Бiрде-бiр әрекеттiң, тiршiлiктiң және қуаныштың белгiсi байқалмайды. Екi бауға не болды?.. Екі бақшаға тынбастан еңбек еткенде, барлығының зая кеткені ме?! Кәпiрдiң таңдайы құрғап, қолдарын аузына апарып, саусақтарын тiстеп, өкiнiштен, басына түскен ауыр қайғыдан айқайлап, жылай бастады. Расында, сұлулық бiткен, жақсылық кеткен, мал-дүние, байлық таусылған едi. Мақтаныш пен өркөкiректiк, күпiрлiк пен сенбеушiлiк қайда қалды? Олардың бәрi жоқ болды. Ендi оған айқай, көз жасы пайда бермейдi. Ол өзiнiң өкiнiшiн, қайғысын көрсететiн ең соңғы сөздерiн айтты. Бұл сөздерді ол бүкiл жақсылықтардан, нығметтерден айырылғаннан кейiн айтты. «Әттең, мен Раббыма бiрде-бiреудi серiк қоспауым керек еді…» – дедi. Мұны өкiнгеннен айтты. Бiрақ бұл өкiнiш оған пайда бермедi. Оған Аллаһ тағаланың жазасынан, азабынан құтқарып, көмек беретiн ешкiм болмады. Мiне, тәкаппар жігіттің ахуалы осылай аяқталды. Ол жеңiске жете алмады. Жеңiлдi. 

Бұл оқиға жайлы Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресiнiң 32-44-аяттарында баяндалады...

"Құран Кәрім хикаялары".
А. Ахмед.

0 пікір