Имам Әбу Мансур әл-­Матуридидің ғылымдағы орны
Имам Әбу Мансур әл-­Матуридидің ғылымдағы орны
8 жыл бұрын 5376
Әкімханов Асқар

Имам Әбу Мансур әл­-Матуриди сунниттік ислам теологиясының негізін қалаған біртуар ғұламалардың бірі һәм бірегейі. «Кәләм» ілімінің көшбасшысына айналған имам Матуриди сунниттік «кәләм» ілімін ғылыми тұрғыдан негіздеп, дәйекті де, жүйелі түрде дамыту арқылы дінді оның негізімен үйлеспейтін жат сенімдер мен жаңсақ тұжырымдардан тазарту жолында ерен еңбек еткен біртуар ғұлама. Осы тұрғыдан алғанда, ол мұсылмандардың сенімі мен сана­сезіміне едәуір ықпал еткен исламнан тыс діни­пәлсапалық ағымдар мен исламның өз ішіндегі бірқатар дәстүрлі сунниттік бағытқа қайшы діни­саяси ағымдарға қарсы тұрды. Осылайша ол Құран мен сүннетке негізделген сүнниттік сенімнің кіршіксіз таза күйінде сақталып, келешек ұрпаққа жетуіне елеулі үлес қосу арқылы «пайғамбар мирасқоры» деген асқақ атқа лайық болған нағыз ғұламалар арасынан ойып тұрып орын алды.

Әбу Мансур әл-­Матуриди саналы ғұмырында ағартушылықпен қатар, Құран тәпсірі бойынша «Китәб әт­Тәуиләт»/«Тәуиләт әл­Құран», кәләм ілімі бойынша «Китәб әт­таухид» сынды әр қайсысы өз саласында өзіндік ғылыми әдісі әрі жаңашылдығымен ерекшеленген соны еңбектер жазып қалдырды. Нәтижеде оның ілімі негізінде өз атымен аталатын өзіндік ғылыми әдістемесі бар сунниттік «кәләм» мектебі қалыптасты. Бұл мектеп «ханафи­матуриди» деген атпен әу баста Мауараннахр[1] және Хорасаннан[2] бастау алып, кейін Орта Азияның өзге аймақтарына, Ресей, Кавказ, Шығыс Түркістан, Түркия, Үдістан, Пәкістан және өзге де мұсылман елдеріне дейін кеңінен тарап, бүгінгі таңда әлем мұсылмандарының тең жарымынан астамын қамтитын үлкен мектепке айналды. Дегенмен, өткен заманда кейбірі белгілі, енді бірі белгісіз себептермен имам Матуридидің өзі де, ілімі де имам Әшғари, имам Тахауи, имам Ғазали және Ибн Тәймия сынды ғалымдармен салыстырғанда лайықты деңгейде зерттелмегенін көреміз[3].

Міне сондықтан да, бүгінгі таңда Матуриди ілімін жан­жақты зерттеп­зерделеу күллі мұсылман үмбеті, соның ішінде, діни дүниетанымы мен ұстанымы о бастан «ханафи­матуридилік» ілім/мектеп негізінде қалыптасқан Қазақ елі үшін кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Әсілі бұл халқымыздың діни дүниетанымын қайта жаңғыртып, рухани иммунитетін күшейтудің һәм сол арқылы еліміздің болашағына балта шабатын сан түрлі келімсек діни ағымдарға төтеп берудің бірден­бір жолы десек артық айтқан болмаймыз. 

Имам Матуриди бар ғұмырын дін және ғылым жолына арнаған, «әз-зәһид» деген атына лайық асқан тақуа, діндар және ел алдында беделді ғалым болған. Әбу Му῾ин ән­-Нәсәфи өз еңбегінде ол жайлы былай деген: «Оның еңбектерін көріп, танысқан адам оның жай адам емес екенін, оған Алла Тағала тарапынан «кереметтер» мен ерекше қабілеттер берілгенін, сондай­ақ оның әл­Ғани, әл­Хамид болған Хақ тағаладан қолдау тауып, елді тура жолға бастаудың қыр­сырына қанық болғанын көрері анық. Ал оның бір басынан табылатын көптеген діни және хикмет ілімдеріне келсек, әдетте оның бәрі ғылым жолындағы көптеген ерекше дарынды адамдардың дағы бойынан табыла бермейді. Міне сондықтан да, оның ұстазы шейх Әбу Наср әл­῾Иади шейх Әбу Мансур келмейінше, ғылыми мәжілістерінде сөйлемейтін, яғни дәрісін бастамайтын болған. Сондай­ақ оны алыстан көрген сайын оған таңырқай, тамсана қарап: «Раббың қалағанын жаратады және таңдайды», ‒ деген аятты оқитын болған. Базбір ғалымдар: «Ол маңдайалды имамдардың (яғни көптеген ғылымдарды меңгерген ғұламалардың) бірі һәм бірегейі және Исламның тірегі еді. Оның Құран тәпсірі күрделі мәселелердің түйінін шешті, түйткілді мәселелердің тұманын сейілтті, ондағы діни үкімдерді, халал мен харамды шебер түсіндіріп, бәрін орынды орнына қойды», ‒ деп ол жайлы қандай керемет пікір білдірген».[4] Міне, көнекөз күәгерлер келтірген осындай деректерден имам Матуридидің тумысынан ерекше дарынды, кемеңгер тұлға болғанын, діни мәтіндерге керемет талдау жасайтын, өзіндік ғылыми әдіс­тәсілі бар, көптеген ғылымдарды меңгерген және білгенімен амал ететін үлгілі де, өнегелі тақуа ғұлама болғанын аңғарамыз.

Біршама көне дереккөздерде ханафи ғалымдары имам Матуридиді ізет тұтып, көптеген лақап аттармен атаған. Атап айтсақ олар – «Имам әл-һудә»[5] (тура жол имамы), «Имам әл-мутәкәллимин уә мусаххих ақаˊйд әл­муслимин»[6] (кәләм ілімі ғалымдарының көсемі әрі мұсылмандардың сенімін түзетуші), «әш-Шейх», «әл-Имам әз-зәһид», «Рейис әһли әс-суннә»[7] (фиқһ ілімінің білгірі, тақуа имам, сунниттердің басшысы), «Рейис мәшәйх әс-Самрқанд»[8] (Самарқан фиқһ ғұламаларының басшысы), «῾Аләм әл-һудә»[9] (тура жолдың байрағы), «әз­Зәһид, әш­Шейх/әш­Шейх әл-Имам»[10] (тақуа ғалым, фиқһ ілімінің білгірі/ғұлама имам) және т.б. Міне, имам Матуридиге берілген осындай құрметті лақап аттарға қарап, оның орта ғасырлық «Мауараннахр» ханафи ғұламалары, соның ішінде, Самарқандағы «Жузжания»[11] мектебінің өкілдері арасында аса беделді де, құрметті ғалым болғанын көреміз.                 

Исламның сунниттік бағытындағы ең ірі екі кәләм мектебінің негізін қалаған қос ғалымның бірі Әбу Мансур әл­Матуриди болса, ендібірі Әбу әл­Хасан әл­-Әшғари. Аталмыш екі ғалымның атымен аталатын «матуридилік» және «әшғарилік» сенім мектебі XI ғасырдан бастап сунниттік теологияның көшбасшысына айналды.[12]

Дегенмен, ислам тарихында имам Матуридиге қарағанда имам Әшғари әлдеқайда танымал тұлға болып, ілімі мен ғылыми көзқарастары әсіресе, «мәлики» және «шафиғи» мазхабын ұстанатын мұсылман елдерінде кең тараған. Ал Матуридидің ілімі ханафи мазхабы кең таралған аймақтарда ғана танымал болған. Діни дереккөздерде имам Әшғари және «әшғарилік» сенім мектебі жайлы мәлімет өте көп. Сондай­ақ батыстық ориенталист ғалымдардың еңбектерінде де әшғарилік кәләм мектебіне қатысты зерттеулер мен меліметтер баршылық. Матуридитанушы ғалымдар жағдайдың неліктен бұлай болғандығына қатысты бірқатар пікірлер білдірген. Атап айтсақ олар ‒ имам Матуридидің сол кездегі ислам халифатының саяси, мәдени әрі ғылыми орталығы болған Бағдаттан, сондай­ақ ислам әлемінің Мекке, Мәдина, Басра, Мысыр сынды өзге де ғылыми­мәдени маңызға ие орталықтарынан шалғай жерде ғұмыр кешкендігі; рухани ұстазы Әбу Ханифаның көлеңкесінде қалғандығы; ата тегінің араб болмағандығы; кейбір ғылыми көзқарастары мен әдісінің косервативтік ұстанымдағы хадисшілер мен фиқһ ғалымдарына қарағанда муғтазилиттерге жақын болуы,[13] конформист болмағандығы және сол кездегі биліктің көбіне-көп хадисшілерге жақын «әшғари» мектебінің ғалымдарын жақтауы, тіпті, кейбір ортағасырлық ханафи ғалымдарының өзі Әбу Ханифаның беделін көлегейлеуі мүмкін деген қауіппен Матуридиді қабылдағысы келмей «әшғарилік» мектепке балама ретінде «матуридиліктен» гөрі «ханафилікті» алға тартқандығы сынды бірқатар факторлар маңызды рөл ойнаған. Бұған қоса, имам Әшғаридің ғылыми көзқарастары мен әдісін басшылыққа алып, «әшғарилік» мектепті ғылыми сипатта одан ары жүйелі түрде дамытып, күшейте түскен әл-Бақилләни, әл-Жуәйни, әл-Ғазали, әр-Рази және әл­Ижи сынды атақты ғалымдардың «әшғарилік» ілімді жаю үшін аянбай еңбек етуі, ал Матуридидің ілімін ұстанған ғалымдар арасында ислам әлеміне аталмыш ғалымдар деңгейінде танымал болған беделді ғалымдардың болмауы,[14] сондай-ақ орта ғасырда «әшғарилік» ілімнің «Низамия» медреселерінде оқытылып, халық арасында кеңінен насихатталуы арқылы «шафиғи» және «мәлики» мазхабын ұстанатын елдерге жайылуы, ал «матуридиліктің» тек ханафилер арасында ғана оқытылғандығы Матуридидің Әшғариге қарағанда аз танымал болғандығының басты себептері саналады.

«Мауараннахр» сунниттік кәләм мектебінің көшбасшысы Әбу Мансур әл-Матуридидің бірегей ғалым болып қалыптасуына Әбу Ханифаның ғылыми мұрасының ықпалы зор болған. Әбу Ханифаның ғылыми көзқарастары мен әдісі «Мауараннахр» аймағына оның ілімін жаю мақсатында келген шәкірттері арқылы жеткен. Сондай-ақ оның шәкірттері арасында «Мауараннахр» аймағымен іргелес «Хорасан» және «Түркістан» жерінен шыққандар да бар-тын. Міне, солардың ерен еңбегінің арқасында аталмыш аймаққа Әбу Ханифаның «ақида» және «фиқһ» іліміне қатысты ғылыми тұжырымдарына негізделген «ханафи» мазхабы кеңінен тарады. Осылайша, Әбу Ханифаның ғылыми мұрасы үрпақтан ұрпаққа беріліп, имам Матуридиге де жетті.

Матуриди ислами ой­сана тарихында пайда болған сан алуан діни түсініктер арасынан рационалдық діни түсінікті әрі соған негізделген «рай» әдісін[15] басшылыққа алған жаңашыл ғалымдардың бірі болды. Әсілі, рационалдық діни түсінікке негізделген «рай» әдісінің негізін қалаған Әбу Ханифа болса да, оны эпистемологияға[16] негіздей отырып, ғылыми сипатта жүйелі түрде дамытқан имам Матуриди еді. Яғни Матуриди Әбу Ханифаның діндегі «усул» (сенім) мәселесіне қатысты тұжырымдарын «рай» әдісі арқылы, «нақыл» (діни мәтін) мен ақылға (қисынды дәлелдерге) негізделген дәйекті де, жүйелі кәләм іліміне айналдырған.  Ол өзінің «нақыл» (діни мәтін) мен «ақылға» (қисынды дәлелдерге) негізделген ілімі арқылы өз дәуірінде пайда болған әрі мұсылмандар арасында талас тудырған көптеген діни мәселелердің оң шешімін таба білді.

Имам Матуридидің ғылымдағы орны мен ислам ғылымдарының дамуына қаншалықты үлес қосқандығын анықтау үшін оның еңбектеріне жүгінуден басқа амалымыз жоқ. Өйткені бізге жеткен дереккөздерде Матуридидің өмірбаянын, өз дәуіріндегі ғылымдар арасындағы орны мен беделі жайлы баяндайтын мәліметтер тым аз.

[1] Мауараннахр – (арабша  ما وراء النهر«өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді). Амудария мен Сырдария өзендері арасындағы көбіне түркі және парсы тілдес елдер мекен еткен ортағасырлық аймақ атауы. Бұл тарихи аймақ бүгінгі Өзбекстан, Қарақалпақстанның бір бөлігін, Тәжікстан, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен қазіргі Қазақстанның бір бөлігін қамтыған. Жер көлемі шамамен 660.000 km2 құраған. 
[2] «Хорасан» – (парсы тілінде خراسان  «күншығыс елі» деген мағынаны білдіреді). Мауараннах аймағының оңтүстігінде орналасқан Қізіргі Иранның шығыс бөлігін, сондай-ақ Ауғаныстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның біраз бөлігін қамтыған ортағасырлық тарихи аймақ атауы. Кейбір тарихи дереккөздерде «Мауараннахр», «Хорасан» және «Хорезм» аймақтары бірге «Ұлы Хорасан» деп те аталады. 
[3] Сөнмез Кутлу, «Матуриди ве Матуридилік»,2012 ж., 15 б.
[4] Нәсәфи, I 359 б.
[5] ᾽Ала әд­Дин әс-Самарқанди, «Шaрх Китәб әт-тәуиләт», v. 3b. Бұл жерде ескере кететін бір жайт, ортағасырда «әл­Имам» деген лақап ат негізінен исламдағы діни ілімдердің ең негізгілері ‒ кәләм (усул), фиқһ (фуру῾) және тәпсір мен хадис ілімдерінің білгірі болған ғалымдарға берілген.
[6] Махмуд ибн Сулейман әл-Ханафи әл-Кәфәуи (990/1582) «Кәтәйб а᾽ләм әл­ахяр», Сулеймания кітапханасы, Реисулькуттаб, № 690, v. 105a, 105b.
[7]᾽Ала әд­Дин әс-Самарқанди, «Мизан әл­усул», 3 б.
[8] Хафиз әд­Дин ән­Нәсәфи, «Шәрх әл­Мунтахаб фи усул әл­мәзһаб», 80, 393 бб.
[9] ᾽Ала әд­Дин әс-Самарқанди, «Шaрх Китәб әт-тәуиләт», v. 1b
[10] Әбу Му᾽ин ән-Нәсәфи, I/26, 27, 98, 146, 162, 197, 202, 240, 258, 420, II/545, 553, 739, 799 бб. ᾽Ала әд­Дин әс-Самарқанди, v. 1b
[11] Мауараннахрдағы ханафилік бағыттағы ең беделді екі ғылыми мектептің бірі. Аталмыш мектеп өкілдері иман мен амалды бір-бірінен бөліп қарастырған және діни мәтіндерді тәуил жасауға болады деген пікірді ұстанған. Ал ᾽Иадия мектебінің өкілдеріне келсек, олар жузжаниялықтар сияқты иман мен амалдың екі бөлек екенін қабылдағанымен діни мәтіндерді тәуил жасау дұрыс емес деген пікірді ұстанған. 
[12] Тауфиқ Ибраһим, «Религиозная философия Ислама калам», Қазан 2013 ж. 4 б.
[13] Әсілі, бұл мәселеде матуридилердің ғана емес, әшғарилердің де кейбір көзқарастары мен ғылыми әдістерінің муғтазилиттерге жақын болғандығы белгілі. Мысалға аталмыш екі мектеп арасында пікірталас тудырған ең негізгі тақырыптардың бірі Алла тағаланың «тәкуин» сипатына қатысты болған. Бұл мәселеде әшғарилар муғтазилиттерге жақын көзқарасты ұстанған. Бұм мәселеге қатысты кең мәлімет алу үшін қараңыз: Әбу әл­Йуср әл­Паздауи, Усул әд­Дин, 76-82 бб.
[14] М. Сайым Иепрем, «Ираде хурриети ве имам Матуриди», Ыстамбұл 1984 ж. 253-254 бб.
[15] «Діни рационализм» – танымның қайнар көзі уахи мен ақыл деп санайтын діни бағыт. Бұл бағыт өкілдері Ислам тарихында «әһлу рай» деп аталған. «Рай әдісі» – Құран және сүннетті негізге ала отырып, ақылға жүгіну арқылы аталмыш екі қайнар көзден «қияс» жолымен үкім шығару әдісі. Бұл әдісті фиқһ ілімімен айналысқан сахабалар, табиғиндер және таби-табиғиндер де қолданған.
[16] Эпистемология – (грек. epistemologia). Танымның мәні мен оның ақиқаттығының өлшемін зерттейтін философия бөлімі. 

0 пікір